Басты бет » Спорт » Қайсар жандардың жарысы

Қайсар жандардың жарысы

Атаулы күн

Халықаралық мүгедектер күніне орай үстел теннисінен және пауэрлифтингтен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында облыстық чемпионат өтті.

Іс-шараны «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ұйымдастырды.

Жарыста мүмкіндігі шектеулі жандар өзара бақ сынасты. Олардың арасында әлем, Азия чемпионаттарына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізген спортшылар да бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігі жыл өткен сайын артып келеді. Үстел теннисінің шеберлері әлем, Азия чемпионаттарына қатысып жүр. Мәселен, Айдын Алдаберген әлем чемпионатынан 6-орын, Андрей Акрушко Венгрияда өткен жарыстан 3-орын, паратаэквондоға қатысқан Нысанбек Айдарбеков Азия біріншілігінен 3-орын алды. Жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, волейбол ойындары да жақсы дамып келеді. Есту қабілеті нашар адамдар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Күрес те жақсы дамыған. Алда үлкен жоспарлар бар, — дейді дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының әдіскері Айболат Бекболатұлы.

Жарысқа тек Ақтөбе қаласынан ғана емес, Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарынан барлығы 40-тан астам спортшы қатысты. Олардың арасында арбаға таңылғандар да бар. Қатысушыларды «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы сыйлықпен, дипломмен марапаттады.

— Алға ұмтылып, шағын кәсіп бастадым, моншақтан түрлі қолөнер бұйымдарын жасаймын. Әрі спортты серік еттім. Соңғы жылдары облыстық, республикалық жарыстарға барып жүрмін. Үстел теннисінен спорт шеберімін.  Әлі де шеберлігімді шыңдап, әлемдік жарыстарға қатысу жоспарымда бар. Себебі спорт жігер береді, өмірге құштарлығымызды арттырады, — дейді 3-топ мүгедегі Жанат Тәжекенова.

Ал Темірбек  Матаев — қоларбамен түрлі қашықтықтарға жарысу бойынша көптеген паралимпиадалық ойындардың жеңімпазы. Ол жарыста теннистен бағын сынады. Темірбек он сегіз жасында бел омыртқасын зақымдап алған.

Алғаш рет арбада отыратын адамдар арасында өткен жарысқа қатыстым. Сол жарыста бірінші орын алып, спортты серік еттім. Арбамен жарыста Президент кубогын, кейін республикалық жарыстарға қатысып, алтын медаль алдым. Найза лақтырудан жетістіктерім бар,—  дейді ол.

Жарысқа жанкүйер ретінде спортшылардың жолдастары да келді.

— Біз бір-бірімізге үнемі қолдау білдіреміз. Жаныңдағы жолдастарыңның жетістігін көру —  бір ғанибет. Өзім спортпен 2011 жылдан бастап айналысамын. Көптеген кедергілерге кездескен соң, өз ісімді ашып, пандус салуды қолға алдым. Болашақта Ақтөбені мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймаққа айналдырсам деймін, — дейді  мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүзуден ҚР спорт шебері Шахан Жолдасбаев.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қысы-жазы спортпен шұғылдануға болатын арнайы спорт  кешені құрылысының басталуын тағатсыздана күтіп жүр. Армандары жүзеге асатын сәт те алыс емес, жаңа кешеннің құрылысы үшін жер бөлінген.

Ақтөбе облыстық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сокольскаяның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт кешенін алдымен «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына салу жоспарланған. Бұл шағын аудан мүгедектер үшін қашық әрі тиімсіз болған соң, жоба орталыққа жақын Батыс-2 ауданына көшіріліпті. Спорт кешені балаларға арналған оңалту орталығының жанына салынады. Орталыққа 5 гектар, спорт кешеніне 2 гектар жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

Тартысты өткен жарыста теннистен І орынды Андрей Окружко мен Рустам Валиуллин, пауэрлифтингтен Азамат Марат жеңіп алды.

Е.НҰРЛАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*