Басты бет » Әлеумет » Базалық зейнетақы бірдей төленбейді

Базалық зейнетақы бірдей төленбейді

Брифинг

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер күшіне енеді. Осыған сәйкес, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы ұлғаяды. Яғни, 58 жасқа толған нәзік жандылар келер жылы тек шілденің 1-нен бастап зейнетке шығуға құқылы. Бұл туралы кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының өкілдері мәлімдеді.

Брифингке «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының директоры  Жанар Шайхимова және оның орынбасары Эльмира Талаева қатысты.

2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерістер күшіне енеді. Бұл —Елбасы Жарлығымен бекітілген, елімізде зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жасалып жатқан шара, — деді филиал директоры Ж.Шайхимова.

Оның айтуынша, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы 63 жасқа дейін ұзартылатын болады. «Зейнетақы жасын ұзарту жыл сайын жүргізіледі, яғни әрбір жыл сайын 6 айға қосылып отырады. Сонымен қатар, тұжырымдамаға сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуға және бірінші, екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алу барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою жоспарланған болатын. Бұл ретте жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда әрі бұл соманы алушыға қордан бір рет толығымен төленеді. Ал егер алушы зейнетақы төлемдерін алу үшін қорға жүгінген күні оның зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асатын болса, онда қордағы зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады», — деді Э.Талаева.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі зейнетақы мөлшері —

33 745 теңге болмақ. Егер осы соманы 12 еселесек, онда 404 940 теңгені құрайды. Филиал өкілдерінің айтуынша, қордағы зейнетақы жинақтарының сомасы бұл сомадан артық болса, онда алушыға тек ай сайын төленеді. Ал қордан төленетін ай сайынғы зейнетақы жинақтарының мөлшері Үкімет қаулысымен бекітілген, яғни зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі (12/1) ретінде айқындалады. Эльмира Талаева бұл кезде зейнетақы жинақтарының  ай сайынғы  төлемдерінің мөлшері жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайтынын айтып сендірді.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14466 теңге көлемінде төленеді. Келер жылдан бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі былай жүргізіледі: зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Егер 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды, — дейді Эльмира Талаева.

Брифингті өткізушілердің айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет — оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

Эльмира Талаеваның айтуынша, келер жылы күшіне енетін зейнетақы заңнамасындағы осындай өзгерістерге байланысты зейнетақы алушылардың құзырлы органдарға келуінің қажеті жоқ. Олардың зейнетақысы автоматты түрде есептеледі. Егер бұл мәселеде жекелеген адамдардың зейнетақы мөлшеріне қатысты нақты жауап алғысы келсе, халыққа қызмет көрсету орталығына жолығуына болады.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*