Басты бет » Тарих » Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш…

Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш…

6 желтоқсан — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың туған күні. Осыған орай оның замандасы, жазушы Әнес Сарайдың мақаласын жариялап отырмыз. Мақалада сағынышқа толы естеліктер ғана емес, ұлы Әуезовтің жалғасы сынды тұлғаның қазақтың әдебиеті мен өнеріне сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жөніндегі ой-толғаныстар, сонымен қатар, Әбіш Кекілбайдың басты шығармаларының бас кейіпкері — Әбілқайыр хан туралы құнды деректер де бар.                                                                                                                                                                                  

«Бес күн тірлікте…» — осынау терең мағыналы тіркесті тілімізге енгізген Әбіштің өзі еді, сол бес күн тірлікте бір ізбен жүріп, бір ізбен тұратын робот болмаған соң, жан иесі орайына қарай әзіл-шыны аралас басы артық-кем сөз айтпай тұрмайды. Әбіш көңілге қарағыш елгезек, айтылған ой-пікірге сергек, ауызға берік ұстамды, біртоға сабырлы мінездің адамы болғанымен, ет жақын етенелері арасында ақжарқын, әзіл-қалжыңға ұста, қазақы қағытпаға барынша мергендігімен ерекшеленетін. Ол әсіресе жеңгелері Қабиболла үйіндегі Гүлшат, Меңдекеш үйіндегі Рузия, Есенжол үйіндегі Сәуле, Жұмекен үйіндегі Нәсіп, біздің үйдегі Алтыншашпен әзілдескенде бір сөзден бір сөзді балалатып, зілсіз әжуаны біраз бел асырып тастайтын. Әсіресе  Фаризаны көргенде беті көлденеңінен жайылып, тышқан көрген мысықтай тісі қышып сала беретіні де жасырын емес. Әншейінде басынан сөз асырмайтын Фариза Әбіштің шымшымаларына мен көргенде ешқашан кейіс қабақ танытқан емес.

Фариза түр-болмысы, сөйлеген сөзі мен турасын тіліп түсетін мінезімен Әбіш­тің шешесі Айсәулеге өте ұқсас еді. Бірге туған қаналас қарындастай Әбішке шыр-пыр боп, ойланбастан от­қа түсуге әзір еді қашанда. Олар бір-­бірін алыстан танып, жақын сыйлас­ты. Ешкімге ештеңені кешпегенде, Әбішке бәрін кешіретін. Болмыс-бітімі, мінез пішімі аңғал, салқамдау оны талай қатерден қорғап қалған да шығар-ау. Ол екеуі тәуелсіздіктің улы-шулы, күнде аударыспақ мазасыз кезінде лапылдаған қызыл оттың арасында жүрді. Әбіш ағынан жарылған бір сөзінде: «Тіршіліктің талай қиянаты мен қияметі тұсында опырылып кеткелі тұрған жардың басындағы жалғыздай жабығып қатты қамыққан, қамырыққан сәттерде басқалар болмаса да, Фариза қасымнан табылып, қолтықтан сүйеп қалып жүрді» деуі тегін емес, сол бір кездегі ақиқаттың алғаусыз шындығы. Мұндай ағынан жарылған сөз күнде айтыла бермейді. Фариза отырған жерде Әбіштің көңілі тоқ, айдыны асқақ еді. Бір кезеңде бірге қатар өмір сүріп, шығармаларын бір мезгілде жарыса жазған бұл екі тума таланттың мінездері басқа-басқа болғанмен, талант табиғаттарының тасқайнар бастауы айырмасы жоқ екі торыдай бір-біріне ұқсас еді. Олар қатар жасасқан зор мағы­налы өмірлерімен, терең қопарып, кемел толғаған шығармаларымен ұрпаққа тағы­лым болғандай өнеге тастап кетті. Мен Әбішпен де, Фаризамен де көңіл жақын жақсы таныс болғаныммен, ішек-қарны аралас, бітеқайнасқан сырлас-мұңдас болғаным жоқ. Көп уақыт өріс-жайлауым бөлектеу болып, шет жайлап, қиыр қонып жүрдім.

Әбіш пен оның замандастары оқуды тәмамдап, қатарға ілігіп, өздерінше тол­қын болып, топ құрап, атақтары дабыра болып жатқанда, жарты шар айналып сенделген мен университет партасына енді ғана отырып жаттым. Ол аз десеңіз, Ресейден келгенім, орысша оқығаным бар, ауызекі сөйлеу қорым нашарлау, жазу-сызуым да келісе қоймаған кез…

Шынын айтсам, 60-шы жылдары әде­биетке келген бірінен-бірі өткен, ауыз­дықпен арпалысқан шабағаншыл жүйріктердің алыстан шаңын көріп, көк шолақты қамшылап соңдарынан салдым, сол қиқумен бас көтермей әлі қуып келемін, жеттім бе, жетпедім бе — анығын білмеймін. Астанада өткен жетпіс бес жылдық мерейтойымда Әбіш менің шығармашылығыма бағыштап ойдай сөз сөйледі. Арамыздан кетерден алты ай бұрын Қойшығара, Төлен, Қажығали сияқты қаламдас серіктеріне көшіп-қонған жаңа пәтеріне шақырып, үй көрсетті. Менің сиясы кеппеген «Туған ауыл түтіні» атты топтама әңгімелерімнің «Жұлдыз» журналында басылып жатқан кезі еді. Әбіш, Төлен, Қажығали үшеуі де оқыған екен. Әбіш толғана отырып, қалам­герлердің егделік межесіне аяқ аттағанда, жастық шақтарына қайта оралып, балалық, бозбалалық кездерінде бастан кешкендерін әуестене жазатынына классикалық орыс әдебиетінен мысалдар келтіре отырып сөйледі. Әбіштің өзі де соңғы өлеңдер жинағы «Ғапыл дүниеде» жастық шағына қайта оралмап па еді.

Әбіштің өзімен, үй іші шаңырағымен ерте араласқан Дүйсенбек Қанатбаев екінші курстан бастап сол үйдің бір баласы боп кетті. Түрікменнің Красноводск деген жеріндегі Сүлмен, Сүлей деген құмды бұйраттарында туып-өскен, кейін першіл мамандығын меңгерген, Төлен Әбдіктің айтып таратуынша гинеколог болған Дүйсенбек Қанатбаев «өгіз бұзаулап жатыр» десең сенетін, туа бітті аңқау, туа бітті адал, туа бітті Жаңғаның ой-шұңқырлы, ақ тікенді, өркеш-өркеш құмынан жаралған қоспасыз табиғи ақын еді. Әнеки, сол адам жанының таби­ғилығы үшін шырылдаған Дүйсенбек уни­верситеттің екінші курсында жүріп «Ше­кара», «Адыраспан», «Адай күйі» де­ген өлеңдер жазды. Түрікменстанда туып, қазақ топырағына зарығып жеткен көкірегі сағынышқа толы ол қазақтың қала, даласын орыс жайлап, билеп-төстеп алғанын көзімен көріп, әп дегенде лапылдаған асқақ сезімдерден тез арылып, уайымшыл ойшылдыққа бой алдырып, мұң мен шерлі әуендерге ауысты. Расул Ғамзатовтың: «Ұлтым ертең өлер болса, мен бүгін өлуге ба­қыл­мын!» дегені сарындас идеяны өлең­деріне түпқазық етіп өзінше жырлады. Әбіштің Дүйсенбек өлеңдерін сүйсіне бас шұлғып, ұйи тыңдағанына талай куә болдым. Жас ақынның сиясы кеппеген өлеңдерінің орталық баспасөздерде кедергісіз басылуына да септестігі аз болмады, сірә. Қысқасы, Дүйсенбек университет қабырғасында жүріп, танымал ақындардың қатарына қосылды.

«Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлі­міне жетекшілік еткен Әбіштің сын­­шылық қабілеті оянған бір кез еді. Әбіш­­тің жас кезде жазған өлеңдеріне, ға­рыштан ағып түскен жұлдыз тасындай кедір-бұдыры жоқ, жып-жылтыр, жұп-жұмыр хикая-повестеріне көбірек мән беріп, оның күнделікті әдеби процес­терді бақайшағына дейін шаққан, ұйқы­лы енжар ойды түртіп оятып, делебе қоз­дырған сыншылдық өнерін бұл­дыр­латып жүрген сияқтымыз. Ол­ сонау өзінің шығармашылық жолын бастаған 60-70-жылдары әдебиет майданының аспанында аузымен от шашып, найзағай ойнатып, дауыл тұрғызған Әбіш емес пе? Әдебиеттің жетекші жанрлары поэзия, проза, роман үрдістері туралы не сөйлегенде, не мақала қып жазғанда төрткүл дүниенің шаңын қағып-сілкіп, орысты орыс еткен ХIX ғасыр әдебиетін сараптай отырып, қазақ әдебиеті жетіс­тіктерімен шендестіре түйіндеу Әбіш сыншылығының өзекті өрісі еді. Осы әрі ғылыми, әрі дәлелді, лапылдаған өрттей жалынды, шыншыл да көркем сыни толғаныстары Әбіштің ұшан-теңіз білімі мен әлемдік әдеби процестерді жатқызып-өргізген мол эрудициясын паш етті. Жас қаламгер тыңнан түрен салғандай, бұған дейін шаң басқан әдеби мұралардың беттерімен шектеліп келген шешендік сөздерді сыни еңбектерінің тілдік өресіне айналдырып, қазақтың ділмәрлік өнерін әдебиетке қайтара әкеліп қосты. Алайда қазіргі жоқтан бар болған ойы тұсаулы, қиялы шектеулі, білімнен мақрұм, өресіз сыншысымақтар Әбіш салған интеллектуалды даңғылды, әдеби сындағы Әбіш өнегесін аққұла ұмытқандай, жұмған ауыздарын ашпайды. Әбіш биігіне жете алмай, Әбіш деңгейінде сөйлей алмаған соң, оның сыншылдық өнегесін біржола жауып қойған сыңайлы.

Ол аз десеңіз, өз тұсындағы жас буын­­ның ұйытқысы, өткір де азулы «Ленин­шіл жас» газетінде «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» атты ай­дар ашып, әдеби ойды сілкіндіруге мұрындық болған да Әбіш. Ол ертелі-кеш әйтеуір бір лап етпей қоймайтын кесапатты даудың алдын орау мақсатымен, аға буынның шығармашылық жетістіктерін алға тарта отырып, оларды өкшелеп ке­ле жатқан жас буын өкілдерін бірінен кейін бірін жарқырата көрсетіп, қазақ әде­биетінде тыңнан түрен салған соны, жаңа, жойқын әдеби қозғалыстың басталғанын жар салып айтудан танбады. Ол осы кездегі әдеби процестердің бейресми идео­логы еді. Әдебиетіміздің жетекші жанры поэзияның әл-ахуалына кесіп-пішті қатал үкім шығаруға да батылдығы жетті. «Отызыншы жылдардан бермен қарай мынау алпысыншы жылдардың ортан беліне дейінгі аралықтағы поэзиямыздың сарынына құлақ түрсек, «ұрттап алған» адамның сөйлегеніндей. Тым желкілдек, тым желпілдек. Лапырған, лепірген, са­пыр­ған бірдеңе. Қазақтан өткен жағасы жайлау халық жоқтай. Күйрете күйзелтпек түгілі, шымбайына батырып шымшып алған­дай бірде-бір құқай көрмегендей. Кү­ңіренбек түгілі күңкілдеген сыбыс­ шықпайды. Бұрын-соңды адамзат кешпеген мамыражай заманға тап болғандай. Отан, партия, көсем, жорық, жеңіс… Қит етсе, алақанын ұрып, санын шапақтап жатқан шат-шадыман. Өзімізді айтсақ – іш киіміміздің ауы жыртылып кетер­дей дәліріп, өзгелерді айтсақ — әкеміздің құны кеткендей, ежірейіп сала беретін бір әңгүдік дәурен… Басқаны қойып, бағ­зыдан бері тәңірі тұтып, табынып келген зеңгір көктің өзіне қарап жұдырық түйіп, кие тұтып келе жатқан Жер-анамыздың өзі­не аяғымызды жалатқымыз кеп, то­қал қатынымыздай ақырып-шақырып теп­сініп бақтық». Міне, Әбіштің айтуында, поэ­зия аужайы осындай еді. Кемпірдің азу тісіндей әредік ағараңдаған Қасым Аман­жолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтерді қос­пағанда, поэзияның нобай сарыны жөнсіз елірген даңғаза дабыра, алақол жалтақтық дертіне белшеден батқан-ды. «Мен не деймін, қобызым не дейді», дегендей өз мұңын үнсіз мұңдаған халық бір жақта, халық мұңын мұңдайтын поэзия бір жақта, дәрежеден дәмелі ақын бір жақта лағып жүрді. Газеттер тапсырыс берсе, ақын жек көріп тұрғанын мақтап, жақсы көріп жүргенін даттаудан арланбады. Әбіш оларды «әлеуметтік делқұлы, рухани нақұрыстар» деп атады. Шынында да әлгілер әдебиеттің жолбикелеріне ай­налып, жарты жолда көштен қалып қойды. Қазіргі ұрпақ олардың аттарын да білмейді.

Жалған жәреукештікпен күнде ұшы­расып, шынайылық іздеуден жандары запы болып, тар қамауды бұзып шығар жол ­таппай тыныстары тарылып жүрген, жүректеріне қоңыр саз, көмейлеріне толғақты сөз ұя салған қазақтың өрімтал жас буын ақындары — ұлтының қара қо­бызы боп күңіренген Әбіштің ойлы да мұң­ды үніне елең етісті. Олар Әбіштің көңіл әуенінің құлақ күйінен-ақ іздеген шынайылық пен әділеттіліктің ауылы қайда жатқанын айтпай танып, сарыла іздегендерін енді тапқандай халық мұра­ты, ұлт тағдыры, қазақтың көксеу көкжиегі деген қастерлі ұғымдармен жылап табысып, құшақтаса қауышып, біте қайнаса бастады. Айдын бұлақ боп, кең сарқырап атқылап аққан рухани қуат — Қадыр, Мұқағали, Жұмекендерді қазақ поэзиясының құс қонар биігіне самғатты. Ұлттық рухани арнаға жеке-жеке жүлге боп қосылған Төлеген, Фариза, Ақұштап, Жұматай, Несіпбек, Темірхан, Есенғали, Ұлықбектер ұлттың күре тамыр аш өзегіндей болған ұлы дарияны гүл бағындай жайқалтып жіберді. Ашулы ұрпақтың ащы да ұстараның жүзіндей өткір поэзиясы жаңа ұрпақтың көңіл көксеуіне айналды. Әдебиеттің бары да, нары да бізбіз деп атақ-даңққа семірген аға буын өкілдері Әбіш жалаулатқан жаңа аужайға бірі ашық, бірі астыртын қарсылық танытты. Пыш-пыш әңгіме қаулап өрбіп, бой бермей бара жатқан соң, оны бүлікшіл ойдың ордасы «Лениншіл жастан» аластап, Мәдениет министрлігінің репертуар коллегиясына ауыстырып жі­бер­ді.

Жоғарғы жақтың сақтығы орынсыз емес-ті, кешікпей қазақ әдебиетіндегі абстракционизм у-шуы басталып кетті. Аға буынның солақай өкілдері «Кейінгі буын – інілер» деп Әбіш қолдап, көтермелеген жас буын өкілдерін сұлата соғу науқанына білек сыбана кірісті. Абстракционизм жат пиғыл деп танылып, кезеңдік идео­логиялық ұстанымға айналды. Бірақ ара­ға жылдар салып, өмір шындығы бұл ша­лағай ұстанымның қоздаған орнында күлін ғана қалдырды. Ол үлкен талассыз табиғи түрде өз-өзінен жүзеге асты. Араға он жыл салғанда кеше ғана құйрықтарына шала байланған «абстракционистер» шетінен қазақ әдебиетінің классиктеріне айналып шыға келді.

Қазақ әдебиетіндегі осынау дүр сілкі­ніс­тің идеологы Әбіш Кекілбаев екенін үлкен үйдегі саясаткерлер айтпай таныды. Әбішті уақытша болса да әдеби ортадан аластау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жа­была жүріп іздеп тапқандары оны әскер қызметіне жіберу еді. Қаламгерді әскер­ден арашалап қаламыз деп, жоғары жаққа сөзі өтеді деген интеллигенция өкіл­дері табанынан таусылды. Алайда бірде-бірінің қолынан келмеді. Әбіш мәдени түрде жер ауу жазасына кесілді.

Қаламгерге ара түскен дуалы ауыздар­дың сөздері ілтипатқа алынбағанына қарағанда, Әбіш тағдыры қасарысқан құзырлы қолдың күштеуімен жүзеге асты. Оңашада бұл орайды талай түртпек­тегенімде, Әбіш сұрағымды естімегендей, құлақ қағып селт етпеді. Қиянат кімнің қолымен істелгенін білді, бірақ айтпай кетті.

Далалық лагерьде болған Әбішке төрт-бес айдан кейін демалыс күндері отбасымен қауышып, бірге болуға рұқсат етілді. Оның жарым көңілін аулап, үйлеріне шақырып дастарқан көрсетушілер кезекке тұрып қапылды. Осы кездері Әбіштің бойында ашушаңдық мінез ұшқындары нышан берді. Болмашыға шырт етіп, жолдастарының шаңын аспаннан қағып, таусыла сөйлегеніне көзім куә болған кездер аз емес. Ол әлдекімдерге өкпелі, әлдебіреулерге ренішті, өз тағдырына түңілісті жағдайда еді. Кезекке тұрып шақырған үйлерге барды ма, бармады ма, анығын білмеймін. Осы кез ол бізбен жиірек қатысты.

…Бірде сол кездегі оқырман, көрер­мен көңілін баураған әдебиет пен өнер­дің соны туындылары тілге тиек болды. Ебіл-себіл жөпелдем поэзияға қара­ғанда, баяулау қозғалатын прозаның ажа­ры айшықтала бастаған кез еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріне» соңғы нүкте қойылып, алғаш рет жеке-жеке үш кітап боп шыққан, Т.Ахтановтың «Дала сыры», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Қ.Ысқақовтың «Қо­ңыр күз еді», Ә.Кекілбаевтың «Күй­ші», «Шыңырау», «Ханша дария хикая­сы» елеулі әдеби құбылыс саналып, оқырманның да, әдебиет сыншыларының да аузынан түспей тұрған. Театрда «Беу, қыздар-ай!», «Бөлтірік бөрік астында», «Ана – Жер-ана» жарыса жүріп жат­ты. 60-шы жылдардың басында театрға жылап кіріп, жылап шығатынсың. Көрерменнің саны елуден аспайтын. Енді қазір театрдың алды топырлаған халық, билет таппайсың, күнде — аншлаг. Мәселе шығарманың жеті қат жер астын қопарғандай терең ойлылығында ғана емес, халық өміріне жақындығында екеніне де, міне, көз жетіп отыр. Кинода «Қыз Жібек» экранға шығып, радио, телеарналарда Шәмшінің «Ақмаңдайлымы», Нұрғисаның «Саржайлауы» саңқылдап жанды жадыратып тұрған бір мамыражай кез еді.

Жоқ жерден батысеуропалық роман­ның өрбіп дамуы туралы әңгімені бас­тап кетті. Бақсақ, роман дәуірі қазіргі деңгейге жеткенге шейін үш жүз жылдық шырғалаңды басынан кешіріпті. Роман жанрына алғаш ден қойған испандар болғанмен, жаңалық атаулыға құлақтары түрік елгезек француздар оза шауып алға түсіп кеткен. Грек, Рим әлеміне кең жайылған антикалық эпика тұра келе рыцарлық, авантюристік, куртизандық романдарға айналып, ақыр соңы реалистік арнаға ауысқанда, ағылшын, неміс, италияндар әдебиеттің жаңа жанрына енді әуестене бастаған еді. Француз романдары орыстың түрен түспеген тың болмысына тікелей әсер етіп, оның Толстой, Тургенев, Чехов, Бунин сияқты өкілдерін өркениеттің шыңына самғата әуелеткен. Француздар өздерін артқа тас­тап, оза шапқан орыстың рухани бұлқынысына қайран қалғаннан бас­қа амал таппаған. Орыстың роман дәс­түрі, әсіресе оның «Соғыс және бей­бітшіліктен» басталған эпикалық арнасы бізде М.Әуезов арқылы көгеріп, өркен жайған. Әбіш М.Әуезовті жоғары қойып, әлемдік алыптармен иықтастыра сөйлеп отырды. Оның «Горный гигант», Кіші Алматы сайындағы пілтастардың үстінде шынтақтап жатып шерткен әңгімесі кейін тұтас мақалаға айналғанын жинақтарынан көрдім.

Тағы бірде, қазан айының ортаңғы тұстарындағы мамыражай шуақты күн­дердің бірінде саясында біз отырған алма терек оқыс есінеген желден жапырақ­тары бұрқырай жауып, бұтақтары сыбырлай шайқалып кеткенде, қос жұдырықтай дәу, қып-қызыл апорт алма Әбіштің жас­тығына дүңк етіп, алақанына аунап түсті. Жиын-терін әлдеқашан біткен. Одан бері қазан амалының түнгі салқыны да ұрып өтті. Бұл қайдан жүрген, нет­кен алма? Кезектесе қаншама мойын созғанмен, алманың көзден таса тығылып тұрған жерін таба алмадық. Қызыл апорт тұп-тура көк аспанның өзінен үзіліп түскендей еді. Әбіш аударып-төңкеріп, қос алақанды түгел көмкерген алмаға ұзақ телмірді. Теп-тегіс жұқа қабығы айнадай сәулеленген, айналасы жұп-жұмыр, өрттей қып-қызыл мінсіз алма. Тек қана сабағының түбінде тырнақ орнындай күп-күрең дағы бар.

– Апорт әбден пісіп, бал шырынға айналғанда, сабағының түбінен құрт түсетін әдеті. Шамасы, мұндай тәтті ал­ма бұл бақта жоқ шығар, – деген Әбіш Клараны шақырып алып:

— Ешкім тимесін. Өзім сұрағанда берерсің, — деп әйелінің боқшасына салып жіберді.

Көп ұзамай осы қызыл алма қалам­гердің «Аңыздың ақыры» романына философиялық түйін болғаны оқырманға аян.

1970 жылы Әбіш «Қазақфильм» студиясына бас редактор болып, сценарийлік қоры жұтаң тартып, күйзелісті күйге тап болған қазақ киносын тұралаған қалпы­нан тұрғызу үшін екі жылдық сценарийс­тер курсын ашып, арнайы стипендия төлеп, таңдаулы деген прозашылар­ды киносценарист мамандығына оқыт­ты. Олардың қатарында Дулат, Төлен, Қажы­ғали, Тынымбай болғаны есімде. Әбіш екі айда немесе үш айда бір біздердің жазғандарымызды өзі қадағалап оқып, талқылау өткізіп отырды.

— Сендер прозаның үрдісіне салып, астар­лап, тұспалдап жазуды қойыңдар. Аяқ астында тас жатса, «мына жерде қырынан түсіп төрт бұрышты кірпіш жатыр» деп тайға таңба басқандай бадырайтып жазыңдар. Сендердің тұспалдарыңды түсінетін бізде режиссер жоқ, — деп шаршай сөйлегені есімде.

Қазақ киносына қан жүгіртіп, дем­­ беру­ге келген жас прозашылар­ «Қа­­зақ­фильмді» шырқатып жіберме­генмен, біздерді жетекке алып қамқор болған Әбішке сөз келтіре қоймадық. Өзгемізден бұрын Дулат икемділік та­нытты: алғашқы қарқынмен екі-үш сценарий жазып тастап, «Гауһартасы» өндіріске қабылданып түсіріле бастады. Менің Маңғыстау мұнайшылары өмірінен жазылған «Жұлдызды жон» повесімнің желісімен «Жас дәу­рен» телефильмі түсіріліп, одақтық көрсетілімдер қатарына енді. Ал есесіне «Ата­ман Анненковтің ақыры» атты үш сериялы сценариімнің маңдайы тасқа соғылып, жолы болмады.

Біздің бой салып қатарға енген тұсы­мызда «достасып жүрген қатар құрбыңа лауазымды қызмет бер, оның кім екенін сонда танисың» деген сөз жиі айтылып жүрді. Әбіш жас кезінен-ақ жауапты мемлекеттік қызметтердің тұтқасын ұстады. Мәдениет министрінің орынбасары болуы, табандаған он жыл КП­ Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болуы – республиканың идеология саласына елеулі ықпал еткенінің айғағы. Адам қызметке үйренеді, қызметпен келетін абыройға үйренеді, қайда барса аяғын жерге тигізбеген ілтипат, жұмсақ кресло, жайлы машина, үй іші тұрмысы да түзеліп сала береді. Қызметтен кеткен күні осының бәрі бір сәтте тыйылады. Кешегі демімен үй жыққандай болған азамат желі кеткен доптай бір уыс болып, жүнжіп қалады.

Әбіш дегені болып дәуірлеп тұрған кез­де қызметтен екі рет кетті, дәлірегі екі­ рет төмендеді. Бірі — Жазушылар ода­ғы­ның екінші хатшылығынан тарихи жә­не мәдени ескерткіштерді қорғау қоға­мына кетуі, екіншісі — Республика Жоға­рғы Кеңесі төрағалығынан босап қа­луы.

Жазушылар одағынан Әбішті кеті­ріп артық қылам дегендер тыртық қыл­ды. Әбіштің орнына келген басшылар әдебиеттің есігін кім көрінгенге ашып, қо­қсық-қобырды қаптатып, жазушылар санын екі есеге көбейтті. Біз жа­зушылыққа қатысы жоқ біреулердің одақ­қа мүшелікке қабылданғанына наразы болып, талағымыз тарс айырылып жү­ріп, дер кезінде бұл шаралардың әр­гі астарын терең аңдамаппыз. Бақ­сақ, әдебиетте авторитет жоқ, Жа­зу­шылар одағының мүшесі бәрі бірдей деген теңгермешілік жүргізіле бас­тапты. Жазушылар одағының жаңа басшыларының мінберде тұрып қазақ әдебиеті ақсақалдарын сақалдан алуы, ақсақалдарға кезек тигенде, одақ мүше­лігіне жаңадан қабылданған қоқсық-қобырдың еден тепкілеп сөйлетпеуі бір-біріне жалғасты істердің тізбегі екен.

Әбіш жоғары лауазымды Қазақстан пар­ламентінің төрағалығынан кеткенде, мен «Жазушы» баспасында кішігірім бас­шы болып жүргем. Директорымыз Марал Сқақбаев. Әбішпен бірге оқыған, ұзақ жылдар ЦК-да бірге істеген, араларынан қыл өтпеген адал дос Марал Әбіш­тің басында орын алған жағдайға қат­ты күйзелді. Орнында отырып ба­йыз таппай, бума-бума қолжазбаға кө­мі­ліп отырған менің бөлмеме қайта-қай­та бас сұғады. Бір келісінде ол Әбіш­­тің публицистика мен әдеби сын ма­қа­лаларын дайындап жүргенін, соны­сының басы жинақталса, кітап қып шы­ғарып жіберейік деген ұсыныс жасады. Ба­сына іс түскен тұста жалғыздық се­зінбесін, біздің қарлығаш қанатымен су сепкендей достық қолдауымыз болсын деген ниеті көмейінен көрініп тұрды.

Ақыры Әбішпен жолығуға менің ба­руыма тура келді. Қолжазбаны алып келіп, тездете­ оқып, кітапқа «Замана» деп ат қо­йып,­ жинақты тездетіп өндіріс­ке жібердім. Үкіметтің кітап басу ісін жы­­лы­ жа­­уып қойған кезі. Баспаның қы­сыл­шаң жағдайынан хабардар Әбіш Маң­ғыс­таудағы таныстарына құ­лақ­­­қағыс қылса керек, аяқ астынан демеу­шілер де­ табыла кетті.

Әбіштің әртүрлі басылымдарда­ жа­­рия­­­­­ланған әдеби сын, көсемсөз  жанрын­­­­­да­ғы мақалаларын оқып жүрген­мен,­ оның шығармашылығының бұл са­ласына пікірім толық қалыптаспаған кез еді. Осы жолы оның аяқ алысын анық таныдым: Әбіш көсем де, шешен де,­ кемеңгер екен. Ол маған ағысы мол, арнасы кең, түбі терең, жайылған же­рін суландырып, нуландырып, ырыс-несі­беге кенелдіріп жіберетін, таусылмай сарқырар алып дария сияқты көрінді. Сал­ғаннан байқағаным, алып дарияның ал­тын діңгегі — көл дария білім екені. Әбіш алты шарды шарлап, алты ілімді игеріп барып әдебиетке келіпті. Зор дайындықпен келіпті.

Осынау қазынаны арнайы дайындық орындарда оқып үйренбей, өз бетінше оқып үйреніпті. Білім мен ілімнің тұнып тұр­ған қайнар көзі — кітаптың қадірін өз­гелерден ерте ұғыпты.

Бақсақ, қаламгердің көсемсөз, әдеби сын мақалалары қоғамдық ортада Әбіш­тің тез танылуына тікелей септескен екен. Бұл саладағы ізденістерін әдеби сын­нан бастаған қаламгер көсемсөзге егемендік бастауындағы серпіліс жылдарында келді. Ұлт алдында одақтан ажы­расып енші алу, жеке шаңырақ құрған егемендікке қол жеткізу, отар­шы­лықтың ауыр зардаптарынан ары­лу, мемлекеттің саяси бағытын таң­дау, алыс-жақын көршілермен қа­рым-қатынас, тұралап қалған экономикаға дем беріп, тоқтап қалған өн­діріс орындарын ілгері бастырып, үкі­метке қарап ауыз ашып, қол жайған бұ­қараны күнделікті тірлік минимумымен қамтамасыз етіп, дастарқанын жү­детпеу сынды аса маңызды мәселелер Әбіштің «Тәуелсіздік толғауының» бас­ты арқауы. Сырттай бақылаушы бол­май, жүзде бір нұсқасы жоқ әлжуаз мем­лекеттің аяғына тәй-тәй тұрған кезін көзімен көріп, ел иығына түскен ауыр жүктің бір басын көтерісе жүрген Әбіш сол бір жарғақ құлақ жастыққа ти­меген қиын кездерде Елбасы мен ел аға­ларының жолсыздан өткел салып, жол тапқандарын қаз-қалпында суреттеп, «Өт­пелі кезеңнің» шынайы суретін қа­лыптайды. Егемендік бастауының тірі куәгері Әбіш жазбалары талай ұрпаққа азық болары сөзсіз.

Өз басым Әбіштің көсемсөз са­ла­сын­дағы еңбектерінің екеуіне ала­бөтен ден қойдым: бірі – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Президент болып тағайындалып, ант берген салта­натындағы сөйлеген сөзі де, екіншісі — Рим Папасы мен қазақ интеллигенция­сының кездесуіндегі сөзі. Әбіш ғұла­малығының шыңы осы екі трактат болса керек. Мұндай кең қамтылып, терең таратылып, өзінің де, туған хал­қының да кемеңгерлігін аспандата кө­тер­ген кемел толғауды естіген де, көр­ген де емеспін. Аспан теңселіп, бас ай­налғандай бір кемеңгерлік еді ғой. Тұңғыш Президентті марапаттау, Рим Папасы сияқты мәртебелі қонақтың ізгілікті сапарына тілек білдіру біздің тірлігімізде бұрын орын алмаған тың құбылыс болғандықтан да, бәлкім, әсіре әсер­ге беріліп, артық бағалап отыр­ған да шығармын. Алайда өзімнің ұзын-қыс­қа ғұмырымда аузымен құс тістеген талай жүйріктерді көр­генмен, осы тол­ғаулардағы Әбіш ке­меңгерлігіндей ғұ­ламалықты көрген емеспін.

Қаламгердің шығармаларына сарапшы көзімен шола қарап отырсаң, біздің әдебиетке патша, хан, билеуші тақырыбын дендеп енгізген Әбіш екен. Әлбетте «Хан Кенені» жазған Үлкен Мұхтар, «Аласапыранды» жазған Кі­ші Мұхтар есептен қалмайды ғой. Ал Әбіш шығармашылығының басты өзегі осы тақырып десек те болғандай: «Аңыз­дың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан», «Ханша дария хикаясы». Әбішті Әбіш еткен басты шы­ғармалары осы емес пе? «Абылай ханды» неше қаламгер жарыса жазды, бірақ Әбішке жеткен бірі жоқ. Әбіштің «Абылайханы» ұрпақтан-ұрпаққа кете­тін өнегелі өре болып қалды.

Автордың «Абылай ханына» шаң жұқ­пады, мақтауы жетерлік болды. Есесіне «Үркері» дөрекі сындардың тоқ­пағына ұшырады. «Үркердің» бас кейіпкері Әбілқайыр естімегенді ес­ті­ді, көрінде жатып күңіренгендей жағ­дайға келді. Әбілқайырды жамандап, сол арқылы Әбішті іліп-шатып кет­кендерді түгендемей-ақ қоялық. Бір­де көшеде кездесіп қалғанымызда: «Әбілқайырды дамылсыз ғайбаттап жатыр. Әбілқайыр арқылы сізге күл шашушылар жоқ емес. Ал сіз болсаңыз жұмған ау­зы­ңызды ашпайсыз. Әбілқайырды неге қор­ғамайсыз?» — деген аужай айттым. Әбіш маған бір қарап алып, көзін кө­шенің ұзына бойына қыдыртып: « Мен Әбілқайырды жазып бердім. Ендігі төрешісі — халық пен уақыт!», —  деді. «Ой­бай-ау, халық пен уақытыңның ауыз қисайысын көрмейсіз бе?» деп шыр-пыр болып едім, «Бұлардан кейін де халық бар, бұдан кейін де уақыт бар!», —  деп бұрылып жүре берді.

Алайда Әбілқайыр трагедиясы бір сәт­ке есімнен шыққан емес. Іздене оқып жүріп, қайсыбір шала тарихшылар мен одан шала қаламгерлердің Әбілқайыр туралы айтқандары түгел қате екеніне көзім жетті. Мәселен, ол Кіші жүздің ханы болғанымен, қазақтың бас ханы бол­ған жоқ, оның бас хан болуға нә­сілдік дәрежесі жетпеді, ол қазақ хан­дарының «кіші бұтағынан» еді дегендер мүлде келеге келмейтін шалағай пі­кірлер. Жәнібек ханның кенже екі ұлы — Үсек пен Жәдік, Үсек — үлкені, Жәдік — кішісі. Қазақтың дәстүр-жоралары бойынша: ата ошағы кіші балада қалады. Бірақ ол Жәнібектің басқа балаларына хан болуына кедергі болмағанда, Үсек ұр­пағына қалай кедергі болады. Үсек ұр­пағы қалайша «кіші бұтақ» атанады. Ақылға сыймайтын сандырақ.

Қазақ қауымы ортасында орын ал­ған осындай әрі-сәрі түсінікке Абылай көзі тірісінде нақты жауап берген. Ол 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында: «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан кейін енді мен — Абылай хан­мын» деген. Абылай жоғарыда аты аталған тұлғалардың қазақтың Бас хандары болғандарын жариялай отырып, өзі­­нің солармен қандас туыстығын да паш еткен. Ендеше, біз орыс шенеу­ніктерінің әр қолдан, әр ауыздан ес­тіп жазған ақпарларына сенеміз бе, жоқ, Абылайдың өз қолынан шыққан хат­қа сенеміз бе? Талас, таңдауға орын жоқ, Абылайдың сөзі — сөз. Осыған тоқтағанымыз жөн.

Ал Әбілқайыр Қайып ханмен тіл та­быспай шатақтасу салдарынан Аягөз шайқасында қазақ қолы жеңіліс тапты деу — сәтсіздіктің себебін іздеуден пайда болған бос әңгіме. Кезінде бұл шайқасқа Тобыл әкімдері айрықша мән беріп, куәгерлердің аузынан оның шындығын жақсы жинақтап алған. Хаттамалар Аягөз соғысын бастан-аяқ тү­гел баяндайды. Бірақ ол мәтіндердің бір­де-бірінде Қайып хан мен Әбілқайыр ара­сындағы келіспеушілік туралы ләм-мим сөз жоқ. Бұл соғыс Қайып хан­ның басшылығымен жүргізілді, оның жеңісіне де, жеңілісіне де сол жауапты. Және солай болды да. Кешікпей Қайып хан қарсыластары тарапынан мерт болды.

Ал бас хандыққа сайланбаған Әбіл­қайыр Аңырақай майданын тастап кетті деген де құр далбаса. Жолбарыс хан, Сә­меке хан, Әбілқайыр хан Қалдан Серен­мен шарттасып, келісімге қол қойған соң, хандар өз иеліктеріне қайтқан. Ұзақ жол үзеңгі қағысып қатар жүрген Жол­барыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хан­дардың ел тағдырына қатысты жағ­дайларды сөйлеп, бұдан былайғы ұс­танатын бағыттарын ақылдасқаны дау­сыз.

Әбілқайыр орысқа бодан болу мә­се­ле­сін бірінші болып қозғады, ол ісі­нің абырой-атағы да, қарғыс-ғай­баты да соның бір өзінің мойнында.­ Алайда көреген саясаткерлікпен қа­заққа қолайсыз бағытта дамыған орыс сырт­қы саясатының бетін бұрды. Мәсе­ленің түпқазық мәйегі осында. Ба­сы арылмас дауға да қалды. Бірақ ол өз қолымен істегенінен жалтармай,­ бар жауапкершілікті мойнына алды. «Еш­кіммен ақылдаспай, өз бетімше істедім» дегеннен танбады. Оның бір сыры кейін бодандықтан бас тартқандай күн туса, бұл ханның қалауы, халық қа­лауы емес дегенге саңылау қалдыру ама­лы еді.

Тевкелев жазбаларында старшиналар мәжілісінде «Хан деген атым ғана бар, қарамағымдағылар менің бұй­рығымды құлаққа ілмейді» деген Әбілқайыр Тевкелевтің «Не себептен еліңді бодандыққа әкеліп отырсың?» деген оңаша сауалына Ресейдің қол­дауымен шынайы билікке жетуді көз­дейтінін айтады. Осыны желеулеткен біздің тарихшылар Әбілқайыр өз қара басының қамы үшін халық мүддесін сатты деп дабыраласады. Әбілқайыр бодандыққа мойынсұнудың себебін алғашқыда Тевкелевтен жасырып, шындықты көлегейлеп бақты. Шындық — жоңғардан қазақтың күйрей жеңіліп, астанасы мен елдің мәйегі болған Сыр бойы қалаларынан түгел айырылып, Ұлы жүздің жау қолында қалғаны, Орта жүздің жарым-жартылай Самарқандқа ауып кетуі еді. Бұл шындықты білсе, орыс елшісі тізені қаттырақ батырып, тақымдауды күшейте түсері бел­гілі еді. Міне, осыны болдырмау үшін Әбілқайыр қара бастың қамын көл­денең тартып, өзін де, өзінің атақ-абы­ройын да құрбандыққа шалды. Осы­нау дипломатиялық «ойындардың» ас­тарын ұқпаған қазақ қаламгерлері Әбіл­қайыр қара басының қамын ел қамынан жоғары қойды, Ресейдің қолдауымен өзге хандардан дәреже арт­тырып, билікке жетуді ғана көздеді деп шуласады. Шынына келгенде, біз­дің қатардағы оқырмандар мен қа­ламгерлерге және осы тақырыпты зерт­теген талапты ғалымдарымызға Тев­келев жазбаларындағы орыс дипломатиясы мен оған қарсы қойылған қазақ дип­ломатиясының ара жіктерін айыра білген жөн еді.

Әбілқайыр Ресей бодандығын қа­был­­да­ған кезде қазақтың ел тізгінін ұс­таған элитасының бірде-бірі қарсы шықпаған. Керісінше, Әбілқайырдың әре­кетіне қолдау білдірген. Мәселен, Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет батыр, Құ­дайназар мырзалар 27 адам болып, Ре­сей бодандығына 1731 жылдың 10 қа­занында ант берсе, Әбілқайырға қарсы топтың басшысы 13 мың Шекті елі­нің сұлтаны Батыр сұлтан 3 жел­тоқсанда, Орта жүз ханы Сәмеке 19 жел­тоқсанда ант беріп, Әбілқайыр ұс­танымына қолдау білдірді. Ал 1733 жы­лы Ресей бодандығын қабылдауды өтінген Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр қол қойған хатты Қонай би Орынбор жолынан адасып кетіп, Самара қаласы әкімшілігіне тапсырғаны белгілі. 1734 жылдың 10­ маусымында Ұлы жүздің Ресей қа­рамағына қабылданғаны туралы Анна Иоанновна жарлық шығарды. Ал 1735 жыл­дың 20 желтоқсанында Күшік хан, Ба­рақ сұлтан өздерінің қарамағындағы он бес шақты би, сұл­танның атын атап, олардың арасында Қабанбай батыр да бар, араларына келген Орынбор ел­шісі М.Бекчуринге хат табыс­тап, Орынбор әкімдігіне өз тараптарынан Ырысмұхамед, Қонақбай, Байназар, Жансарыларды елші ғып жібергендері тарихшы Әбілсейіт Мұқтардың зерт­теулері бойынша анықталып отыр. Ол хатта «Әбілқайыр хан қалай бағынса, біз де солай бағынамыз. Білместігіміз бол­са, кешірім сұраймыз» деген жолдар бар. Ең ақыр соңында Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да 1740 жылдың 28 тамызында Орск қаласына өз аяқ­тарымен келіп, Ресей бодандығына ант етті. Сөйтіп, аталмыш саяси актіге қосылмаған ешкім қалмады.

Міне, шынайы шындықтың ажары­ осындай: Әбілқайыр ұстанған бағыт Кі­ші жүз шеңберінде қалмай, қазақтың үш жүзінің ой-санасын түгел меңдеп, олар­дың ел тұтқан игі жақсылары Әбілқайырдың тосындау саяси қада­мына қолдау білдірген. Олар ел басына төнген мынау нәубеттен түгелдей құ­рып кетпей, амалдап жан сүйретіп шығудың жолын іздегенде, батыс көр­шіден басқа жансауға таппады. Қазір біз өзімізден үш жүз жыл бұрын болған оқи­ғаға жылы кабинеттердің жұмсақ креслосында шалқайып отырып төрелік ай­тамыз, ал сол өң мен ғайыптың арасындай болған қасіреті ауыр заманның зілзаласын иықтарымен көтерген тұлғаларымыздың ауыз ләмдері мен іс-әре­кеттері басқаға меңзейді. Әлбетте, Ресейдің отаршыл езгісінен енді құты­лып, ес жиғандай болып жатқанда, кеудеміздегі ыза-кегіміз басылмай, жа­­нымыз бен тәніміздің тыртықтары жазылмай тұрғанда, оны түсіну де, мойындау да оңай емес. Алқынған ашу, алабұртқан сезім сабасына түскенде ғана пайымдай аламыз. Әбілқайыр орысқа, Абылай үш бірдей елге — орыс, жоңғар, қытайға бодан болғанда, еріккеннен болған жоқ, соңына ерген ызғындай жұртын соқталаңнан аман алып шығудың қамымен болды. Кейінгі ұрпақ оны дұрыс түсінгені абзал.

Әбілқайырдың зар ғып айтқандары айна-қатесіз келді. Қытайлармен келісімшартқа отырысымен, Қалдан Серен отыз мың әскермен 1739 жылы Орта жүз қоныстарына тап берді. Арқаны жойқын шабуылмен оңнан солға, солдан оңға сүзгендіктен, жоң­ғар­дың бұл жорығы ел аузында «Сү­зекі» аталды. «Сүзекі» шабуылына кі­рісерде жоңғар елшілері Сібір генерал-губернаторы Батурлинде болып, Ресейдің бодандығында жоқ ру-­тайпалардың тізімін алып, алдымен шабуылдың нысанасын соларға ба­ғыт­тады. Нәтижесінде, Әбілмәмбет хан Кіші жүздегі Елек өзеніне қашып, Абылай жоңғарға тұтқын болды. Орта жүз қатты кеміп қалды.

Әбіш туралы жазбаларымның соңын Әбіл­қайыр тағдырына әкеп тіреуімде заңдылық болмаса, оғаштық жоқ деп ойлаймын. Әбілқайыр — Әбіштің басты кітаптарының бас қаһарманы, Әбішті айтсаң Әбілқайырға, Әбілқайырды айтсаң, Әбішке соқпай тұра алмайсың. Қазіргі қазақ прозасында екі өлшем ғана бар деп түсінем. Бірі — Әуезов өлшемі, екіншісі — Кекілбаев өлшемі. Көркем туындылардың әдеби құндылығын та­­­ра­зылағанда, осы екі өлшеммен өл­шесек, ешқашан жаңылыспаймыз, ба­рар бағытымыз, шығар шыңымыз да анық болмақ. Әбіш халқына рухани­ азық болатын өлмес, өшпес мұра қал­дырды. Оның байыбына барып, ба­ғасына жету — Әбіштің ұстанған шығармашылық бағдары, көркемдік тұғырлары, әлеу­меттік-саяси ауқымдары мен терең фило­софиялық пайымдарын түсініп, оның әдебиетіміздегі көркемдік-эсте­тикалық құбылыс екенін мойындап, қаламгер салған өнегелі жолды баян­ды етуге қарлығаш қанатымен су сеп­ті септігімізді тигізу көзі тірілердің мін­деті деп білемін.

Әнес САРАЙ,

жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Егемен Қазақстан» газетінен.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*