Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі «CNPC» және «SINOPEC» компанияларының басшыларымен кездесті

Облыс әкімі «CNPC» және «SINOPEC» компанияларының басшыларымен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Бейжіңде облыс басшысы Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) төрағасы Ван Илинь мырзамен кездесу өткізіп, онда өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, кездесу мемлекеттер арасындағы екі тарапты достық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететіні аталып өтті. Бұл, әсіресе, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан мен Қытай Көшбасшыларының тапсырмаларын орындау аясында өте маңызды шара.

«Біздің өңірімізге жұмыс сапарымен келген кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салған «Өнер орталығы» ғимаратында болып, бұл әлеуметтік құрылысты салған кәсіпорын басшылығына ризашылығын білдірді. Компания тұрақты жұмыс жасап жатыр, мыңдаған ақтөбеліктерді жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Біздің тілегіміз — өңір экономикасын дамытуға қатысты инвестицияның көбеюі», — деген облыс әкімі, қосымша өндіріс орындарын ашуға, мұнайды терең өңдеуге, еншілес кәсіпорындардағы импортты азайтуға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.

Бұған қоса Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы Достық саябағы мен Жастар сарайының құрылысына 2018 жылы қаржы бөлу жөнінде ұсыныс жасап, әлеуметтік жауапкершілік аясындағы міндеттемелерді орындауды жалғастыруды еске салды.

«Біз әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді араласуға әзірміз. Сіздің жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін құру туралы ұсынысыңызға қатысты да осыны айтар едік. Осыған байланысты біз қазақстандық компаниялармен қарым-қатынасты ұлғайтып, бірлесе отырып құбырлар өндіру мүмкіндігін талқылауға дайынбыз», — деді өз кезегінде Ван Илинь мырза.

Сондай-ақ әкім «Sinopec Group» компаниясының басшыларымен кездесіп, кәсіпорын жұмысшыларының жалақы деңгейін көтеру, Ақтөбе облысындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді талқылады.

Бұған қоса облыс басшысы Қытай мұнай университетіне барып, қазақстандық студенттермен кездесті.

Кеше Бейжіңде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қытайлық ірі компания басшыларымен облыс территориясындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі Ақтөбе облысы өкілдігінің ашылуына қатысты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*