Басты бет » Жаңалықтар » Алғада техникалық аммиак селитрасын өндіру жоспарлануда

Алғада техникалық аммиак селитрасын өндіру жоспарлануда

«Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытайға барған жұмыс сапары аясында «Xuefeng» компаниясының басқарма төрағасы Кан Цзянмен және «Norinco International» компаниясының басқарма төрағасы Ван Юэтаомен келіссөздер жүргізді» деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Екі тарап кездесу барысында Ақтөбе облысында «Нитрохим» МК» ЖШС мен бірге эмульсиялық жарылғыш заттар мен аммиак селитрасын өндіретін өндіріс орнын ашу мәселесін талқылады. Сондай-ақ өндірістік процеске қажетті табиғи газ көлемін қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылды.

«Қазақпаратқа» берген сұхбатында «Нитрохим» МК» ЖШС жетекшісі Хаким Истамов Қазақстанның техникалық аммиак селитрасы меншікті өндірісін ашудың маңыздылығын айтты.

  • «Нитрохим» компаниясы 1996 жылы Қазақстанды өндірістік жарылғыш заттармен қамтамасыз ету мақсатында кезінде 15 мың адам жұмыс жасаған Алға қаласындағы бұрынғы химиялық зауыт базасында Үкіметтің қаулысымен құрылды. Біздің ел үшін техникалық аммиак селитрасын өндіретін меншікті өнеркәсіп ашу өте маңызды, себебі оның 90 пайызы өндірістік жарылғыш заттан тұрады. Бүгінгі күні аталған компонентті біз Ресейге, Өзбекстанға, тағы басқа елдерге импорттап жатырмыз. Бүгінгі күні Ақтөбе облысындағы Алға қаласына жақын орналасқан газ, оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешеніндегі ілеспе газ Қазақстандағы ең арзан болғандықтан, бұл жоба көптеген инвесторлардың, оның ішінде 4-5 жылдан бері келіссөз жүргізген еуропалық, қытай, араб инвесторларының қызығушылығын тудырады, — деді ол.

Оның айтуынша, жоба тыңғылықты зерттеу сатысында тұр: үкіметтен жер телімі бөлінді, барлық жеңілдетілген сызбалар мен инженерлік коммуникациялардың қосындылары әзірленді.

— 500 метрге жуық жерде «Бұқара-Орал» газ құбыры бар. Бұл жоба әбден өміршең және қажет. Біздің қарапайым бағалауымыз бойынша, бір ғана салық, ол жобаны іске асыру барысында түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін болады, жылына 1 миллиард теңгеге көтеріледі. 2,5 жыл құрылыс кезінде 2500 адам, ал тапсыру кезеңінде — 1500 адам  жұмыспен қамтылады және Алға химиктер қаласы бұрынғы Қазақстан химиясының көшбасшысы даңқын қалпына келтіреді, — деп атап өтті Х.Истамов. — Бірінші кезеңде инвестиция көлемі шамамен 320-350 млн долларды құрайды. Сосын екінші және үшінші кезеңдерге өтпекпіз. Өйткені біз өнімдер ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — деп жалғады өз сөзін.

  • Өндірістік жарылғыш заттардан басқа, бұл өндіріс оталдырғыш, тау және мұнайгаз өндіруші өнеркәсібінде жару жұмыстарына қажетті кешенге арналған. Алға қаласы Ресейді Орталық Азия елдерімен байланыстыратын, сондай-ақ Иран мен Парсы шығанағы елдеріне жаңа логистикалық бағыттары бар орталық теміржол тармағында болғандықтан, бізде өнімді өткізуде мәселе болмайды, — деді ол.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*