Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіптік тәжірибе және көрме

Кәсіптік тәжірибе және көрме

«Іскер әйелдер —  мемлекет тірегі» тақырыбында аудандық іскер әйелдер форумы өтті.

Форумға облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Анар Даржанова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдархановалар қатысты.

Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов форумды ашқан сөзінде мұндай басқосудың жергілікті жерде ұйымдастырылуының маңыздылығына тоқталды.

Форумда аудан әйелдерінің қоғамдағы рөлі, қыз-келіншектердің жеке кәсіппен айналысуы, ісін кеңейтуге қатысты жан-жақты кеңестер берілді.

Форум барысында ауыл әйелдерінің атқарып отырған жұмыстары кеңінен көрсетілді. Ауылдық жерлерде жеке балабақша ашып, оның жұмысын қалай жолға қою мәселесіне қатысты іс-тәжірибелер айтылды. Жеке кәсіптерін дөңгелеткен шеберлердің тігін, тоқыма бұйымдары, кондитерлік өнімдер, құрт, май, қымыз, шұбат сияқты жергілікті өнімдер көрмеге қойылды. Он саусағынан өнері тамған шеберлердің қолынан шыққан киіз, алаша, кілемдер көпшілік назарына ұсынылды.

Форумға іскер әйелдер кеңесінің мүшелері аудандағы кәсіпкер қыз-келіншектермен кездесіп, өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Апсид Клининг» ЖШС директоры Айна Баймағамбетова халыққа қызмет көрсету саласы бойынша жұмыстарға тоқталса, «Зере» мейрамхана-қонақүй кешенінің директоры Сәния Әлиева «Қонақүй және мейрамхана бизнесін дамыту» жайында шеберлік сабағын өткізді. «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Айгүл Каплиева форумға қатысушы қыз-келіншектерге заман талабына сай еңбек етіп, еңбектің зейнетін көру жолындағы іс-әрекеттер төңірегінде шеберлік сабағын берді. Сондай-ақ, аудандағы тағам шеберлерінің «Кондитерлік өнімдер әзірлеу» жөнінен өткізген шеберлік сабағын тамашалаушылар да көп болды.

Форум аясында Жарлы елді мекенінде 75 балаға арналған «Аль-Нұр» балабақшасы ашылды. Балабақша құрылтайшысы — «Талап проект» ЖШС.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкер іскер әйелдер кеңесі атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

А.СЕРІКОВ,

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*