Басты бет » Мәдениет » Мәдени ынтымақтастықтың үлгісі

Мәдени ынтымақтастықтың үлгісі

Қазақ халқының жүннен жасалған дәстүрлі бұйымдары Орск қаласының тұрғындарын таңғалдырды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында  Ресей Федерациясының Орынбор облысымен мәдени байланысты нығайту жолында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен  Орск өлкетану музейінде музей қорында сақталған жүннен жасалған дәстүрлі ұлттық бұйымдар мен киімдерден жасақталған «Теплые традиции Актюбинской земли» атты этнографиялық жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің мақсаты — орынборлықтарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, көршілес екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайту.

Көрменің ашылу салтанатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі А. Мақсатқызы: «Орынбор өлкесі мен Ақтөбе өңірінің ғасырлар бойы жалғасқан тарихы мен  мәдени байланысы ұзақ жылдар үзіліп, енді жалғасуда. 1989 жылы музей қорында сақталған этнографиялық бұйымдар көрмесі осы музейде жасақталған. Міне, енді «Теплые традиции Актюбинской земли» көрмесі ашылуда. Бұл көрмеден  қонақтарымыз қазақ халқының табиғатпен байланысып, қалдықсыз өнім өндіру технологиясын дамыту жолында өмір сүргенін дәлелдейді», —  деді.

Шарада Орск қаласының басшысы Андрей Одинцов жиналғандарды қазақ халқы қолөнерінің ерекшеліктері мен құндылықтарының жарқын көрінісі болған көрменің ашылуымен құттықтап, Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың жалғасын табуы осы тектес көрнекті көрмелердің ұйымдастыруымен түсіндірді.

Орск —  көпұлтты қала. Сондықтан бұл жер көптеген мәдениеттің тоғысқан ордасы. Оның ішінде қазақ халқының мәдениеті ерекше. Қала тұрғындары қазақ халқының мәдениетімен жетік таныс. Біз қазақ халқының ас үйін жақсы білеміз. Бауырсақ, ет тағамдары өте керемет. Бұл көрме  қала тұрғындарына көптеген жақсы мағлұматтар береді деген ойдамын, — деді шаһар басшысы.

Орск қаласы басшысының ішкі саясат жөніндегі орынбасары Сергей Дунаев көшпенді халықтың озық мәдениетімен таныстыратын көрменің ашылу сәтінде ақтөбеліктерге шексіз алғысын білдіріп: «Жалпы, қала тұрғындары осындай керемет көрмелермен танысуға асық. Өйткені біз жыл сайын Бірлік күні қарсаңында  қала орталығында әрбір ұлттың мәденитінен сыр шертетін көрмені  ұйымдастырамыз. Осы тәріздес шараларды ұйымдастыруда тығыз байланыста болсақ, керемет болар еді. Қазақ халқының болмысын баян ететін көрмелердің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенемін, — деді ол.

Көрмеде қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы Виктор Франц халқымыздың мәдениеті мен тарихы тереңде екенін, қазақтардың ең басты ерекшелігі — қонақжайлылығын баса айтты. «Бұл көрмеде қазақтың қонақжай халық екенін  киіз үйдің көп бөлігін дастарқан алып тұрғанынан-ақ назар аударған адам аңғарары сөзсіз. Өзім қазақ халқының арасында өстім, олардың салт-дәстүрі,  тұрмысы маған өте жақын. Киіз үй — қыста өте жылы, жазда қоңыр салқын болатын керемет ойластырылған баспана. Оның  ішкі жабдықтары көрген адамның көзін сүйсіндіретін өте әсем және көркем позициямен дайындалған. Бұл —  қазақ қыз-келіншектерінің өнерлі және ұшқыр ақылынан туындаған өлмес туынды. Бұл туындылар әлем мәдениетіне берері мол. Осы көрме арқылы Ресей мен Қазақстанның  байланысы айқындалып, келушілер қазақ халқының ерекше мәдениеті мен өнерін тамашалай алады. Бұл мүмкіндікті бізге сыйлаған Ақтөбе облысының басшылар мен музей қызметкерлеріне  шексіз алғыс білдіремін», — деді өзінің құттықтау сөзінде В.Франц.

Салтанатты шарада А.Мақсатқызы екі жақты мәдени байланыстың жылдар бойы атқарылып келе жатқандығын алға тартып, алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстардың жүргізілетіндігін атап, Орск өлкетану музейі ұжымына «Ақтөбе аймағының тарихи тұлғалары»,  «Ақтөбе облысының халықтық сәулет ескерткіштері» атты кітаптарды сыйға тартты.

Көрмеге музей қорында сақталған жүнен жасалған бұйымдар мен киімдер қойылды. Онда қазақтың төл тұрағы — алты қанатты киіз үйдің тең жартысы қойылып, қазақ халқының ұлттық жүннен жасалған бұйымдарында табиғатпен байланысты өрнектердің сырына мән беріп, ұлттық құндылықтармыздың көркем түрлері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмені орынборлықтар 10 желтоқсанға дейін тамашалай алады.

Бекнар ЕСІРКЕПОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

аға ғылыми қызметкері,

тарихи магистр.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*