Басты бет » Жаңалықтар » Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды

Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды

Брифинг

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразаев баспасөз конференциясын өткізді.

Бауыржан Оразаев он айдағы еңбек жанжалдарын реттеу, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқарма қызметкерлері облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарына  631 тексеру жүргізген. Оның ішінде 1238 түрлі заңбұзушылық анықталған. Мәселен, еңбек қатынастары бойынша —76, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау — 314, халықты жұмыспен қамту бойынша 48 заңбұзушылық анықталған. Кемшілік жіберген жұмыс берушілерге 430 ұйғарым беріліп, 16,5 миллион теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл салынып, 125 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң бұзған 40 жұмыс берушіге ескерту беріліпті. Бауыржан Оразаевтың айтуынша, барлық өтініштер мен шағымдардың 80 пайызға жуығы еңбекақы және еңбекақының төленбеуіне қатысты болып отыр. Он айда 708,8 миллион теңге сомасындағы берешек өтелген. Ал еңбекақыны кешіктіріп берген кәсіпорындар бақылауға алыныпты.

— Еңбек қарым-қатынастарын  рәсімдеу және шаруашылық жүргізуші субъект қызметкерлерімен еңбек шарттарын уақтылы жасау негізгі мәселе болып отыр. Еңбек шарттарының жоқтығы жұмысшылардың жұмыс берушінің алдында дәрменсіздігін тудырады, яғни жұмысшылар заңмен белгіленген еңбек құқықтарын жүзеге асыра алмайды.

Шағымдарды тексеру кезінде прокуратура органдарымен бірлесе отырып жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 113 шаруашылық жүргізуші субъектілерде 260 қызметкермен еңбек шарттары жасалмағандығы анықталды. Бұндай заңсыздықтардың негізгі бөлігі шағын бизнес саласында анықталды, — деді Бауыржан Оразаев.

Сондай-ақ облыста 800-ге жуық шетелдік заңды тұлға тіркелген.  Жалпы облыстағы 73 компания шетелден 972 жұмысшы әкелуге рұқсат алған.

Он айда шетелдік жұмысшылары бар 39 кәсіпорынға тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 64 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде  еңбек қатынастары бойынша — 45, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша — 18, халықты жұмыспен қамту бойынша 1 заңбұзушылық тіркелген. Заңсыздыққа барған кәсіпорындарға 3,0 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Жиында Бауыржан Оразаев еңбек құқықтарын сақтау бойынша облыс әкімдігі және кәсіподақ, кәсіпорын арасындағы меморандумның үлкен маңызы бар екенін айтты. Алайда соған қарамастан кемшіліктер де жоқ емес.

Сондай-ақ көптеген мекемелерде еңбек қауіпсіздігі сақталмайды, жұмыс берушілер жауапсыздыққа барады. Соның салдарынан он айда 64 жазатайым оқиға тіркеліп, 71 адам зардап шеккен және 12 адам көз жұмған. Айта кетерлігі,  құрылыс және тау-кен саласы бойынша жұмысшылардың жарақат алу дерегі жиі тіркеледі. Мәселен, «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатында он айда бес оқиға орын алған.

Сондай-ақ кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар «БШПУ-Қазақстан», «АктобеГорДорСтрой», «Ақтөбе Фудс», «ТрейдИнтерКом», «Охранное агенство «Тефида», «Ақпан» ЖШС-ларында да тіркеліп отыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*