Басты бет » Әлеумет » Еріктілердің еңбегі еленді

Еріктілердің еңбегі еленді

Атаулы күн

5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күніне орай, кеше Ақтөбе гуманитарлық колледжі ғимаратында «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Онда 14 үздік еріктіге Алғыс хаттар тапсырылды.

«Қызыл Ай» қоғамының облыстық филиалында бүгінде 500-ден астам мүше бар. Ал еріктілердің саны — 40-қа жуықтайды. Олар — төтенше жағдайлар кезінде дайындықтан өтіп, СПИД сияқты аса ауыр кеселдің алдын алумен айналысатындар, сондай-ақ, халықаралық гуманитарлық құқықты тарату, донорлықты насихаттау,  жастармен бірлесе жұмыс жасау сияқты сауапты істерге тартылғандар.

— Өз еркімен, ақысыз, өздерінің күнделікті міндеттерінен бөлек, уақытын бөліп, көмек күткен жандарға — науқастарға, жетім балаларға, денсаулығы дімкәс қарттарға, мүгедектерге жәрдем беретін еріктілердің қашанда орны ерекше. Олардың қоғамдағы өлшеусіз еңбегінің арқасында мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік маңызды мәселелерін шешетін бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Бізде ауыз толтырып айтуға тұрарлық еріктілер аз емес. Мәселен, биыл Алматыда өткен «Алғашқы көмек» курсынан Ералхан Дияров сертификат алып қайтты. Ол өзі оқитын Ақтөбе политехникалық колледжінде әртүрлі игі шаралар ұйымдастырып жүр. Тағы 2 ерікті қоғамның төтенше жағдайларға әрекет ету командасымен бірге 6-10 қараша күндері «Қыс — 2017» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстарына қатысты.

Бүгін біздің қоғам жылдың ең үздіктерін марапаттап, оларға естелік сыйлықтар табыстады, — деді «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған қоғамға ерікті боламын деушілердің қатары күн сайын толығуда. Өйткені арамызда қайырымдылыққа құштар қыз-жігіттер аз емес…

Айта кетейік, Халықаралық еріктілер күнін 1985 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бекітті. Бұл мерекені тойлаудағы басты мақсат — еріктілердің қоғамдағы, мемлекеттік емес ұйымдардағы мемлекеттік, әлеуметтік, экономикалық даму мәселелерін шешудегі рөлін арттыру, іскерлік қарым-қатынасты одан әрі қарай жалғастыру, еріктілерді  халыққа таныту. «Еріктілер күні, жасы мен ұлтына қарамастан, қайырымдылықпен айналысып жүрген жандардың басын қосады, бұл қатарда оқушылар, студенттер, жастар мен ересектер бар», — дейді қоғамдағылар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

                                              

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*