Басты бет » Әлеумет » Ана жүрегі

Ана жүрегі

3 желтоқсан — Халықаралық мүгедектер күніне байланысты Ақтөбе қаласында «Ана жүрегі» әлеуметтік акциясы өтті. Шараның өзі мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналардың құрметіне арналды.

«Ғажап» мүгедек-балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ботагөз Дүйсекованың айтуынша,  мақсат — мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және қоршаған ортаға бейімдеуде ортақ идеямен біріккен аналардың кездесуін ұйымдастыру, аталған жандарға құрмет көрсетіп, мұң-мұқтажын тыңдау. Сондай-ақ, акцияның өтуіне мұрындық болғандар сол арқылы қайсар аналардың мәдени демалысын ұйымдастыруды көздепті.

— Бұл идеяның авторы Құралай Байменова екенін атап өткім келеді. Халықаралық мүгедектер күнінде біз жанымызда жүрген адамдарға тиісті құрмет көрсете білуіміз қажет деп есептейміз. Олардың ішінде орны бөлек жан — ана. Сондықтан аналардың және жанымыздағы жақындарымыздың құрметіне ұйымдастырылып жатқан шараның үлкен тәрбиелік мәні бар деп ойлаймын.

«Ғажап» қоғамдық бірлестігі 2014 жылдан бері мүгедек балаларға үй жағдайында  арнайы қызмет көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындап келеді. Биыл жартылай стационар мен үй жағдайында 174 балаға түрлі қызмет көрсеттік, — дейді Ботагөз Махметбайқызы.

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің демеуімен ұйымдастырылған акция барысында 250 мүмкіндігі шектеулі баланың аналарына дастарқан жайылып, мәңгілік тақырыптар — ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік, махаббат пен шапағат туралы әдемі әндер орындалды. Үш сағатқа созылған кеш соңында қонақтарға гүлдер ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*