Басты бет » Әлеумет » Интернаттың бір күні

Интернаттың бір күні

Атаулы күн

Халықаралық мүгедектер күніне орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Сиқырлы ғажайып жүздесу» атты шара өтті. Шараға облыстық есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатының тәрбиеленушілері қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен шешімін күткен ауқымды мәселелеріне қоғам назарын аудару, олардың әлеуметтік ортадағы экономикалық мәдени белсенділіктерін айқындап, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында бірақатар шығармашылық топтар өнер көрсетті. Олардың бірі іс-тәжірибе жүзінде қынамен сурет салса, енді бірі  жұртшылыққа музыкалық номерлер ұсынды. Сондай-ақ «Перфоманс», яғни өнермен жаңаша емдеуге бағытталған арттерапияның бағыттары таныстырылып, слайд пен видероликтер ұсынылды.

—  Облыстық есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатының шығармашылық тобы жыл сайын осы атаулы күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қазіргі таңда мектепте 108 бала тәрбиеленеді. Орыс және қазақ тілдерінде 2 балабақша тобы, 19 сынып және 3 колледж топтары бар. Колледждегі білім алушыларға шаштараз ісі, тігінші мамандықтары оқытылады. Әрине, бұл салалар балалардың әлеуметтік өмірге бейімделіп, өмірде өз орнын табуға ықпал етері сөзсіз. Олардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндіктер қарастырылған. Жылдан-жылға мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді. Есту мүмкіндігі шектеулі балаларға түрлі логопедиялық тренажерлармен жабдықталған жеке кабинеттер жұмыс істейді. Оқушылардың мүмкіндігі шектеулі болса да, шығармашылық жағынан өте қабілетті. Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Жұлдыз-ай» байқауында мектеп оқушылары бас жүлдені жеңіп алды. Салауатты өмір салтын тұрақты ұстанып, спорттың қазақша күрес, волейбол, баскетбол түрлерімен шұғылданады. Биылғы оқу жылында асық ату, тоғызқұмалақ және робототехника бойынша жаңадан үйірмелер ашылды. 2016 жылы «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен балабақша бүлдіршіндеріне арналған ойын алаңы салынды. Сондай-ақ биыл мектептің кіреберісіне жаңадан пандус орнатылды, — дейді облыстық есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатының әдіскері Эльвира Қобылаш.

Мектепте «Шебер қолдар» атты шығармашылық топ жұмыс істейді. Гүлжанар Шотанованың жетекшілігімен балалар қынамен сурет салудың қыр-сырын меңгеруде.

Шара барысында аталған мектептің тәрбиеленушілері Аружан Жақаева мен Мадияр Кеңесов ым-ишара түрінде ән орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушыларға Халықаралық мүгедектер күнін еске салатын үндеу парақшалары таратылды. Сонымен қатар мектеп оқушылары би билеп, көңілді флешмоб ұйымдастырды.

Кеш соңында қатысушыларға облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана атынан естелікке кітаптар тарту етілді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*