Басты бет » Мәдениет » Мәскеуде Төлеген Айбергеновті еске алу кеші өтті

Мәскеуде Төлеген Айбергеновті еске алу кеші өтті

Мәскеудегі Ұлттар үйінде небары отыз жыл өмір сүрсе де артында өлмес мұра қалдырған талантты ақын Төлеген Айбергеновтің 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Кешті ұйымдастырған — Мәскеудегі «Астана» қоры.

Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жыл басында Ақтау қаласында бастау алған болатын. Осында «Байтақ мекенім» атты қоғамдық қордың ұйымдастыруымен ақын шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткен. Кейін ол Шымкент қаласында жалғасты. Алматы, Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларында да әдемі кештер ұйымдастырылды. Ақынның кіндік қаны тамған Қарақалпақстанда, атамекені Ақтөбеде ірі шаралар өтті.

«Байтақ мекенім» қорының жігіттері енді ақынды еске алу кешін Ресей астанасында өткізуді жоспарлапты. Бұл идеяны Мәскеудегі «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова   іліп әкеткен. Ұйымдастыру мәселесімен арнайы оңтүстік астанаға келіп кеткен Жарқын Қоңырбайқызына Алматы қаласының әкімдігі қолдау білдіріпті.

Төлеген Айбергеновтің кіндігінен 5 перзент тарағаны мәлім. Ұлы Дәурен дүниеден ертерек озды. Төрт қыз — Салтанат, Махаббат, Хұсни, Айнар — Мәскеудегі кешке түгел келді. Бұдан басқа дәстүрлі әнші, Төлегеннің өлеңдеріне ән жазып жүрген сазгер Сәуле Жанпейісова, әнші, еліміздегі ең танымал әндердің авторы Роза Әлқожа, Маңғыстаудағы  «Байтақ мекенім» қорының басшысы Сәбит Тоқымбетов пен қордың үйлестірушісі Қоңыратбай Испанов және ақын,  «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы қатысты.

Бауыржан Бабажанұлы мен Жанна Нұрсапарова екі тілде жүргізген кеш  Төлеген Айбергенов туралы деректі фильмді тамашалаудан басталды. Одан кейін  сахнаға Қазақстаннан келген қонақтар шақырылды. Ақынның ұрпақтары әкелері туралы әңгімелеп, оның өлеңдерін оқыды. Сәбит пен Қоңыратбай жыл бойы жасалған жұмыстарды жүйелеп айтып өтті. Сәуле Жанпейісова Төлегеннің сөзіне жазылған «Сағыныш», «Ақ жаңбырлар» секілді өз  әндерін нақышына келтіріп орындап,  жұртшылықты дүр сілкіндірді. Ақынның «Ару Жайық» атты өлеңіне жазылған Темірхан Әліхановтың әнін орындаған  Роза Әлқожа өз әні  «Атамекенді» (Сөзі — Т. Айбергеновтікі) шырқағанда көрермендер түрегеліп тұрып, қол соқты.

Кеште Ұлттар үйінің өнерпаздары да өнер көрсетті. Қазақ, қырғыз, тәжік билері биленді, Мәскеу мектептерінде оқитын қазақ балалары Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін қазақ, орыс тілдерінде оқыды.

Кеш соңында «Астана» қорының жетекшісі Рахымбай Мыңжасаров кешті өткізуге атсалысқандарды Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына арнап мерекелік төсбелгі шығарған екен. Ақынның тұңғышы Салтанат Айбергенова, «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Роза Әлқожа осы төсбелгінің тұңғыш иегерлері атанды.

Жалпы ақынды еске алу кешін Мәскеуде өткізу не берді?

Біріншіден, Төлеген Айбергеновті мәскеуліктер біраз біліп қалды. «Қазақ әдебиетімен  біршама таныспын  деуші едім, Төлегенді оқығанда есімнен танып қалдым. Міне, хас поэзия» — дейді Төлегенге арналған өлеңін оқыған түбі түркі орыс ақыны Вильям Садыков.

Екіншіден, кеш Мәскеудегі қазақ диаспорасын дүр сілкіндірді. Олардың және сонда оқып жатқан студенттердің туған жерге деген сағынышы Төлегеннің ұлы Сағынышына ұласты.

Айбергенов армандаған мәңгілік тарқамайтын той жалғасып жатыр. Енді 22 желтоқсанда Астана қаласында өтпек.

 Өз тілшіміз.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*