Басты бет » Басты жаңалықтар » «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» 5-еуі — ақтөбелік!

«Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» 5-еуі — ақтөбелік!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті. Олардың қатарында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген біздің жерлестеріміз де бар.

Мемлекет басшысы өз сөзінде алдымен мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөнінде айтып, «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысына тоқталды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, жиналғандарға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін атап өтті.

— Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер — бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.

Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын сөз етті.

— Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде де пікірін ортаға салып, барлық қатысушыларға табыс тілеп, оларды бұл жетістіктермен шектелмеуге шақырды. Артынша «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына арналған фотокөрмені аралап көрді.

Жобаның онлайн-дауыс беру кезеңіне он жерлесіміздің өткенін, олардың 5-еуі жеңімпаздардың қатарынан табылғанын айта кету керек. Олар — халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі Исламбек Салжанов; кәсіпкер, меценат, «Максимус» ЖШС директоры Қайрат Мәйтеков; «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасының авторы, мүмкіндігі шектеулі болса да спорт пен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Шахан Жолдасбаев; Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Юрий Хон; кинорежиссер, сценарист, продюсер, актер Эмир Байғазин. Әрқайсысының қоғамға, өз саласы бойынша сіңірген еңбегі зор аталған ақтөбеліктердің есімі енді Қазақстанның тарихы һәм жылнамасында қалатын болды.

Осы орайда, мүгедектігіне қарамастан, жеке кәсібін ашып, қоғамдық өмірде де дәйім белсенділік танытып жүретін Шахан Жолдасбаевпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Елбасымен кездескен жігіт — мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Германияда өткен жүзу чемпионатының қола жүлдегері, облыстағы үздік әлеуметтік жобаның иесі. Жігерлі жерлесіміз елордада өткізілген кездесуден ерекше әсер алғанын айтты:

— Қазір (кеше таңертең хабарласқанбыз — А.Т.), міне, ұшаққа мінгелі тұрмын. Президентпен бетпе-бет дидарласып, оның әңгімесін тыңдағаныма өте қуаныштымын. Алған әсерім ерекше. Меніңше, Қазақстандағы 100 жаңа есімнің қатарына ілігу зор жетістік.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына дауыс беру

100esim.el.kz сайтында 18 қазан —10 қараша күндері аралығында ұйымдастырылған-ды. Онлайн-дауыс беруге барлық өңірлерден қоса есептегенде 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Атап айтсақ, ғылым, спорт, медицина, мәдениет және бизнес. Тұңғыш рет ұйымдастырылған жобаның мақсаты — өз саласында жетістікке жеткен қазақстандықтарды тауып, олардың өмірін, елеулі еңбегі мен бағындырған белесін кеңінен насихаттау, өзгелерге үлгі ету.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*