Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе — өнер ордасы

Ақтөбе — өнер ордасы

Тұңғыш Президент күніне орай таяуда ғана ашылған Өнер орталығында ең алғашқы концерт өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева,  белгілі актер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Досхан Жолжақсынов, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Қарагөз Сүлейменова қатысты. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі келді.

Зәулім сарайдың іші көрерменге лық толды. Өнер орталығындағы алғашқы концерттің сахнасын  «Отырар сазы» оркестрі ашты. Оркестрге оның  көркемдік жетекшісі, бас дирижері Дінзухра Тілендиеваның өзі жетекшілік етті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
—  Бүгін ақтөбеліктер үшін екі мереке қатар келіп отыр. Біріншісі — Тұңғыш Президент күні болса, екіншісі — зәулім Өнер ордасының ашылуы.

Еліміздің осы уақытқа дейінгі барлық жетістіктері, әсіресе мемлекетіміздің, ұлтымыздың дүниежүзіне танылып, абыройының, беделінің өсуі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының арқасы. Біз тәубе деп айтуымыз керек. Талай жылдар бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазір «қайда барамыз?», «қандай жұмыс жасаймыз?» деп ойланбаймыз. Ең негізгісі, қай мемлекетке барсақ та, қай ұлтпен  сөйлессек те олар біздерді өздерімен тең санайды. Оның себебі — біздің мемлекеттегі жиырма алты жылда жасалған халықаралық, жалпы ішкі жұмыстың нәтижесі.

Мемлекет басшысының өнерге, әдебиетке, мәдениетке деген ықыласы, осы салаларға деген қамқорлығы бөлек.  Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы «Сендер Ақтөбеге Өнер орталығын сыйлаңдар. Ол Ақтөбе  үшін  рухани мешіт болсын» деп тапсырма берген еді. Біз Елбасының тапсырмасын орындадық. Осыдан бір ай бұрын Елбасы Ақтөбеге келген сапарында орталыққа келіп, ғимараттың жағдайын көріп, ризашылығын білдірді. Ал бүгін Өнер орталығы  ресми түрде  ашылып, елімізге белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен алғашқы концерт өткелі отыр.

Бұл зәулім сарайды салуға бір жарым миллиард теңге қаржы бөлген «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» компаниясына  облыс басшылығының атынан алғысымды білдіремін. Бұл жерде тек қана концерттік шаралар болмайды. Жан-жақта жүрген өнер ұйымдары осы жерге жиналады. Бір сөзбен айтқанда, өнер, мәдениет саласында жүрген азаматтарға жағдай жасаймыз, — деген облыс басшысы елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тіледі.

Іші жарық, әрі кең сарайдың аумағы — 5 765,76 шаршы метр. 1200 орынға есептелген бұндай зәулім ғимараттың  Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ.

Мерекелік кеште белгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаева өнер көрсетті,  ақтөбеліктерге ыстық лебізін білдірді.

— Ақтөбе — Ахмет Жұбановтың туған жері. Әйгілі композитордың орны мен үшін ерекше. Ғалымның туған жерінде осындай Өнер орталығының ашылуы —өте қуантарлық іс. Өнер адамдары үшін ғимараттың ішінде барлық жағдай жасалыпты. Залдың  акустикасы өте тамаша. Мен оны дайындық барысында байқадым. Жалпы ақтөбеліктер өнерге жақын. Мен бұнда камералық оркестр ашылғанда келіп, ақтөбеліктердің өнеріне тәнті болғанмын. Биыл ол оркестрдің де құрылғанына 15 жыл болыпты, —  деді Нұржамал Үсенбаева.

Опера әншісі қазақтың «Алқоңыр» әні мен бірнеше шетелдік композиторлардың әнін шырқады. Халық ерекше ықыласпен қабылдады.

Мерекелік кеште белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов Өнер орталығының ашылуы Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру идеясымен үндесіп жатқанын айтты.

Шын мәнінде рухани жаңғыру дегеніміз — адамның ішкі дүниесінің ерекше бір биікке көтерілуі. Ал бүгінгі ашылып отырған Өнер ордасы халықтың рухани дүниесін байытып, патриоттық сезімін жоғарылатуға ықпал етпек. Бұл сахнада талай шығармашылық адамдары өнер көрсететін болады, — деген композитор ақтөбеліктердің қонақжайлылығы мен ыстық ықыласына ерекше алғысын білдірді. Тіпті Ақтөбе туралы ән жазатынын, оның тұсауы осы жерде кесілетінін айтты.

Сондай-ақ композитор өзі шығарған әндерді  рояльда ойнады. «Гүлназым», «Вальс», «Іңкәрім-ай», «Заманай» әндерін халық қосыла шырқады.

Кеште Досхан Жолжақсынов пен Қарагөз Сүлейменова да  ән айтып, көшіліктің көңілін көтерді.  Белгілі өнер адамдары ақтөбеліктерді мерекемен құттықтап, облыс басшысына алғысын жаудырды.

Бүгін —  ел болып, ес жиып, етек жапқалы қазағымыздың рухын ғана емес, бүкіл болмысын тербеткен Елбасымыздың күні. Дейтұрғанмен Елбасының «қонар құйрығы, ұшар  қанаты» мықты болмаса, еліміз қандай болар еді, — деген Досхан Жолжақсынов осындай зәулім сарайды салдырған облыс әкімінің еңбегін жоғары бағалап,  ризашылығын білдірді. Актердің  Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Ауыл қарттары» әнін көпшілік сүйсіне тыңдады.

Кеш барысында Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері мен жергілікті өнерпаздар да ән айтып, би биледі. Көпшілік жоғары деңгейде өткен концерттен ерекше шабыттанып шықты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Бір пікір

  1. Тамаша концерт болыпты екен Ақтөбеде. Эстрада жұлдыздар келіпті екен

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*