Басты бет » Басты жаңалықтар » «Нұрлы жер»: алғашқы пәтерлердің кілті табысталды

«Нұрлы жер»: алғашқы пәтерлердің кілті табысталды

Тұңғыш Президент күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 273 пәтерлі сегіз үй тапсырылды. Мереке күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір топ отбасыға алғашқы пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел дамуының жаңа векторын  анықтап берді. Мемлекет басшысы Жолдауында алдағы 5 жылда Қазақстанда ең кем дегенде 10 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтты. Бұл ретте басты назар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бөлінуде. Біз де сол Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында өзімізге жоспар алдық. Биыл Ақтөбе облысында ең кем дегенде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Былтыр бұл көрсеткіш 580 мың шаршы метр болды. Осыған байланысты Қазақстанда «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.  Біз  «Нұрлы жер» бағдарламасын пайдаланып, осы жерде ең кем дегенде 4200 пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін бұл маңнан 1000 гектарға жуық жер бөлінді.  2017-2018 жылдар аралығында «Нұр Ақтөбеде» 2500 пәтер салынатын болса, оның 1200-ін осы жылдың соңына дейін пайдалануға береміз. Бүгін біз 273 пәтерлі алғашқы сегіз үйді тапсырып жатырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев пәтер кілттерін тапсыру салтанатында.

Салтанатты шарада облыс әкімі «Нұр Ақтөбе» ауданын әлеуметтік ғимараттармен қамтамасыз ету шараларының қолға алынып жатқанын айтты. Мұнда 900 орындық орта мектеп, сондай-ақ балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығымен қатар демалыс саябағы салынатын болады. Қоғамдық көліктердің бағытын көбейту мәселесі де қосымша қаралатын болады.

Ең бастысы — аталмыш ауқымды жобаны жүзеге асыруда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Үкіметтің тарапынан көрсетілетін қолдау бар. Жуық арадағы бес жылда кем дегенде жүз мың адам тұратын қала салынатын болады. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар, — деді құрылыс компанияларының басшыларына сапалы жұмыстары үшін алғыс айтқан облыс әкімі.

Бүгінде облыс әкімдігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен  бірге несиелік тұрғын үйді тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асыруда табысты серіктестік қарым-қатынас жасап жатыр. Мереке күні жаңа пәтерге қол жеткізгендердің барлығы — банк салымшылары. Олардың қатарында әлеуметтік сала, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы — 120 мың теңге.

Мерекелік шарада жаңа пәтер иелері атынан Алмат Шолақов құттықтау сөз сөйледі, содан соң еңбек ардагері Жәдігер Кәдірбердиев жиналғандарға ақ батасын берді.

Содан соң облыс әкімі бастаған топ жаңа пәтерлердің ішін аралап көріп, Шолақовтар шаңырағында жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді.

Бұған дейін ай сайын 50 мың теңге төлеп, жалдамалы пәтерде тұрып келген жас отбасы мүшелері облыс әкіміне мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Ақтөбеде салынған жаңа үйден пәтерге қол жеткізгендері үшін алғысын білдірді. Енді олар жалпы аумағы 62 шаршы метрлік екі бөлме үшін ай сайын 37 мың теңгені 13 жыл бойы төлейтін болады. Ең бастысы — өз баспаналары үшін төлемек.

Бірнеше жыл баспанаға қаражат жинап, осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Екі бөлмелі пәтерге ие болғанымыз үшін өте қуаныштымыз, бөлмелері жарық, іші кең, — дейді «Автопарк» ЖШС-ның 32 жастағы көлік жүргізушісі А.Шолақов.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тұңғыш Президент күні бұдан өзге отыздан астам отбасы, соның ішінде, Қарғалы, Байғанин, Мәртөк және  Ойыл аудандарында кезекте тұрған қызметкерлер аталған елді мекендерде қоныс тойын тойлады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*