Басты бет » Білім » Жұбанов тағылымы — бағалы қазына

Жұбанов тағылымы — бағалы қазына

Конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қазақтыңтілтану ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасына арналған дәстүрлі «Жұбанов тағылымы» ІХ халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Аталмыш ғылыми конференция аясында университеттің ғылыми кітапханасы кітап көрмесінұйымдастырып, көпшілік назарына Құдайберген Жұбанов еңбектері ұсынылды.

Шара алдындаректор Бауыржан Ердембеков бастаған университет басшылығы және белгілі ғалымдар, ағайынды Жұбановтар ұрпақтары, ғалымның туған жері — Мұғалжар ауданының делегациясы, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрметпен тағзым етті.

Студенттер сарайында өткенпленарлық мәжілісті университет ректоры Бауыржан Ердембеков ашты. Ол алдымен жиналғандарды осы шарамен тұспа-тұс келген ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтады.

Университет басшысы одан әрі сөзін:

— Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келіп, есімі қазаққа ғана емес, мұқым Одаққа танылған Құдайберген Жұбанов әкесі ашқан мектептен сауат ашып, Орынбор, Петербор қалаларының білімі мен ғылымын бағындырды.

Отыз сегіз-ақ жыл ғұмыр кешіп, қызыл қырғынның құрбаны болған ғалым әлемдіклингвистиканың озық дәстүрін толық игеріп үлгерді. Үлгеріп қана қоймай, қазақ тіл білімі мен түркология мәселелеріне қатысты «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деп аталатын кешенді ғылыми еңбегін бастап, оны серияларға бөліп, 10 сериясын кейінгі ұрпаққа ұсынып кетті. Келте ғұмырдың бес-алты жылын ғана шәкірт тәрбиелеуге бөле алған Жұбановтың жылуын Мәулен Балақаев, Ғайниддин Мұсабаев  сынды болашақ ғалымдар көрді. Біз, «Құдайберген Жұбанов — қазақ тіл білімінің атасы» деген қағидаға айналған қасиетті сөзбен мақтанамыз, — деп жалғады.

Сондай-ақ, олқазақтың біртуар ұлын ұлықтау мақсатында,1990 жылыМұхтар Арынның бастамасымен Ақтөбе педагогикалық институтына Құдайберген Жұбановтың есімі берілгенін де айтып өтті.

— Кезінде оқу орны Нұрпейіс Байғаниннің атымен аталғанын білетін Мұхтар ағамыз Нұрпейіс Байғаниннің баласы Момыннан институтқа Құдайберген Жұбанов есім беру туралы пікірін сұраған екен. Сонда Момын ағамыз: «Құдайберген Жұбанов — өмірдің қызығын көрмеген тағдырлы тұлға, елден ерек туып, қазақ ғылымының көсегесін көгерткен азамат қой, оның есімі университетке әбден лайық», — деген екен. Халық ақыны, кеше ғана «Нарқыз» атты шығармасы театрда сахналанған Нұрпейіс Байғаниннің атын осы университеттің бір ғимаратына беруді ұсынып отырмыз, — деді Б.Ердембеков.

Пленарлық мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, конференцияға қатысушы ғалымдарға облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Конференцияға қазақстандық зерттеушілермен бірге, Ресейдің Барнаул қаласынан және Башқұртстанның астанасы Уфадан келген ғалымдар қатысты.Жалпы, конференцияда жан-жақтан келген ғалымдар қазақтың тіл ғылымын, әдебиет пен музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін салған Қ.Жұбановтың  еңбектерін зерттеудегі түрлі пікірлерін айтты. Конференция соңында университет ректоры келген қонақтарға арнайы «Жұбанов медалін» табыстады.

Сонымен қатар, конференция аясында «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұған дейін ұйымдастырылған «Үздік жұбановтанушы» байқауы қорытындыланып, үздіктер марапатталды. Айта кетелік, байқауға университеттің студенттері мен магистранттары және қаладағы колледждер мен мектептер мұғалімдері тарапынан 60-тан астам жұмыс түскен еді.

Орталықтың ашылу рәсімінен соң,аталмыш конференция секция мәжілістерімен жалғасты.

 Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің

баспасөз қызметі бөлімінің маманы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*