Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеге «Құнанбай» келді

Ақтөбеге «Құнанбай» келді

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы «Локомотив» кинотеатрында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер, актер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі өтті.

Фильмді қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Құнанбай» фильмінің авторы, режиссері әрі Құнанбай кейіпкерін сомдаушы Досхан Жолжақсынов және оның жары Абайдың анасының рөлін сомдаушы Қаракөз Асқарқызы, композитор, Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлеген Мұхамеджанов тамашалады.

Фильм басталмас бұрын Досхан Жолжақсынов сөз сөйледі.

— «Құнанбай» фильмін  түсіру үшін Шығыс Қазақстан облысына бардық. Сол жылдары осы облысты басқарған Бердібек Машбекұлының тарапынан зор көмек болды. Киноның түсіріліміне қажетті 500-ге тарта киіз үй мен жылқыларды әр әкімдіктен алдыртты. Ауызбіршіліктің арқасында фильм бар-жоғы бір ай, он сегіз күнде түсіріліп бітті.

Бүгін мереке қарсаңында қасиетті Ақтөбе жеріне келгенімізге қуаныштымыз. Ақтөбе өңірі өркендеп, алға қарай дами берсін! — деді.

Фильмде Құнанбайдың көрегендігі, данышпандығы, дәстүрді құрметтейтіндігі анық көрсетіледі.

Сондай-ақ кинокартинада ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбеті, сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілік, би-болыстардың қалай кеңес құрғаны, той-жиындардың қалай өткені өте әдемі көрсетілген.

Фильм соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, фильмнің маңыздылығына тоқталды.

— Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деп атап өткен болатын. Ұлттық кодымыз — ұлттық мәдениетімізді сақтауда қандай да бір өнер туындысының ұлттық санамызды жаңғыртуға ерекше әсерін тигізетіні сөзсіз. Осы орайда Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» толықметражды көркем фильмі атақты дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтыды. Ұлттық киноның дамуына Досхан Жолжақсыновтың қосқан үлесі шексіз деп білемін. Өйткені біз мұндай талант иесін «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Көшпенділер» секілді ірі туындылардың белді актері ғана емес, көпшіліктің көңілінен шыққан «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің режиссері ретінде де жақсы білеміз. Досханның жан жары — Қаракөз Асқарқызы да қазақ халқының ұлттық мәдениетін насихаттап, зерттеп жүрген жан, — деді өз сөзінде.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы меймандарға шапан мен камзол кигізіп, ықылас гүлін тарту етті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*