Басты бет » Жаңалықтар » Жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр

Жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр

Ақтөбеде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық көбейген. Негізінен тонау, ұрлық деректері белең алып отыр. Алдағы уақытта тәртіп бұзған оқушылардың ата-аналарымен бірге мектеп, колледж директорлары және кураторлар да жауапқа тартылмақ. Ақтөбедегі №51 мектепте облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында осы мәселелер талқыланды.

Жиында үш мәселе қаралды. Олар — Ақтөбе қаласындағы №37 мектеп ауласында болған жаппай төбелес, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі оқушыларының суық қару қолдануы және Ақтөбе экономика-құқық колледжі оқушылары арасындағы тонау оқиғасы. Жиынға тәртіп бұзған оқушылар мен олардың ата-аналары және мектеп, колледж директорлары қатысты.

Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна Макаревичтің мәліметінше, Ақтөбе экономика-құқық коллледжінің бірнеше оқушысы өз қатарласының ұялы телефонын қорқытып, тартып алған. Зардап шегушінің анасы полицияға шағымданады. Облыс әкімінің орынбасары тәртіп бұзған оқушылардан бұл қадамға не үшін барғандарын сұрады. Оқушыларын қадағалай алмаған колледж басшылығы мен ата-аналарды орнынан тұрғызды. Оқушылар телефонды сұрап алғандарын айтып ақталса, колледж басшылығының өкілі бұлардың үлгілі оқушылар екенін айтты. Облыс әкімінің орынбасары болашақ заңгерлердің бұл қылығы жауапсыз қалмайтынын ескертті.

— Біреудің мүлкін алуға болмайтынын жақсы білесіңдер. Өтірік айтып, қылмысты мойындағыларың келмейді. Бұл мәселе жауапсыз қалмауы тиіс. Барлық нәрсе тәрбиеге байланысты. Негізгі жауапкершілік директор, куратор, психолог мамандардың мойнында. Колледжішілік тәрбиені күшейту керек.  Егер болашақ заңгерлер бүгін осындай қылымысқа барса, олар ертең бұдан да зорын істеуі мүмкін. Сондықтан тәртіп бұзған оқушылардың сабақ үлгерімі қайта қаралсын, мүмкін, басқа бөлімге ауыстыру керек шығар, — деген Ербол Нұрғалиев облыстық білім басқармасы мен колледж басшылығына қандай да бір шара қолдануға қатаң тапсырма берді.

Жиында қаралған екінші мәселе — №37 мектептің футбол алаңындағы топтасқан төбелес. Оқиға былай болады. Төбелесті ұйымдастырушы — Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің 3-курс оқушысы Рүстем есімді жігіт. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде топ ашып, қатарластарын 8-шағын аудан балаларына қарсы төбелеске шақырған және суық қару алып шығуға тапсырма берген. 5 қараша күні 44 бала №37 мектептің жанындағы футбол алаңына жиналады. Топтасқан балаларды байқаған қала тұрғыны полицияға хабар береді. Тәртіп сақшылары жеткенше екі бала жарақат алады. Топтың ішінде №31, №32, №51, №37 мектептің оқушылары мен Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі, Ақтөбе байланыс колледжінің оқушылары бар. Жиында тәртіп бұзған балалармен бірге, мектеп, колледж директорлары, ата-аналар жауап берді. Тәртіп бұзған оқушының бірі досын ұрғаны үшін төбелеске барғанын айтса, колледж бен мектеп басшылары көпшілігінің үлгілі оқушылар екенін айтты.  Қылмысты ұйымдастырған Рүстемнің анасы баласын үйден шығармайтынын, сол күні көшеге жібергеніне өкініш білдірді. Анасы бұл қадамға не үшін барғанын сұрағанда 8-шағын ауданның балалары маза бермегендіктен, соған «жауап» ретінде  барыпты. Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да оқушының үлгілілердің қатарында екенін айтты.

— Қылмыстың барлығы колледждердің арасында орын алып отыр. Колледж директорларын, олардың орынбасарларын, кураторларын жазалау керек, жауапкершілікке тарту керек. Олар ата-аналармен жұмыс істемейді. Өткенде Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің директоры «бізде барлығы керемет» деп есеп берді. Бірақ оқушыларының немен айналысып жүргенін білмейді. Екі бала жарақат алған. Егер басқа жағдай болса, қайтер едіңіздер? Бұл тәртіпсіздікке барғандарға кешірім болмайды. Барлығын жауапкершіліке тарту керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ербол Нұрғалиев ата-аналарға әкімшілік айыппұл салынса, колледж бен мектеп директорлары да жазасыз қалмауын қатаң ескертті. Төбелесті ұйымдастырушы мен оған қатысқандар да қатаң жазаланбақ. Тіпті оқудан шығарылуы мүмкін.  Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева ата-аналар балаларын дұрыс қадағаламайтынын, бос уақытын тиімді өткізуді жоспарламайтынын сынады.

Барлығын мұғалімнің мойнына міндеттеп қоюға болмайды. Балаға тәрбиені ең бірінші сіздер бересіздер. Мектепте үйірмелер жұмыс істейді, тіпті жексенбі күні де мұғалімдер бос отырмайды. Ал қылмысқа барған балалардың барлығы үйірмелерге бармайды. Сіздер балаларыңыздың немен айналысып, кіммен сөйлесіп жүргенін білмейсіздер, — деді.

Үшінші мәселе, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі оқушыларының арасындағы суық қару қолдануға қатысты болды. Сөзге келіп қалған жасөспірімдер төбелеседі. Соңында бірі жарақат алып, ауруханаға түседі. Қару қолданған жасөспірім бұған дейін де полиция  бөлімінде есепте тұрған. Бұл қылмысы үшін жасөспірім колонияға жіберілуі мүмкін.

Жалпы аталған қылмыстық оқиғаларға байланысты қазіргі күні тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тәртіп бұзғандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*