Басты бет » Мәдениет » «Нарқыздың» оралуы

«Нарқыздың» оралуы

Премьера

Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастанының желісі бойынша тарихи драманың Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында сахналануы өңірдің мәдени өміріндегі бір сілкініс іспетті қабылданды.

Көп жылдар бойы ескерілмей, қалың оқырманы санасында көмескі тарта бастаған туындыны белгілі драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы ортамызға қайта әкелді.

Ал талантты режиссер Елтай Кемал қойылымның жұртшылыққа сәтті жеткізілу жауапкершілігін мойнына алды.

Кіші жүзден шыққан өнерлі әрі ақылды, өр мінезді Нарқыз бейнесін кескіндей отырып, сол уақыттағы тартысты кезеңдерді көрсететін бұл еңбек тарихымыздың бір түйінді тұстарын баяндауымен де құнды.

Сахна ашылғаннан-ақ көрермен бірден кейінде қалған ескі заманның лебін сезінеді. Бірақ тереңнен күңірене шыққан сол уақыт үні, халықтың мұң-зары, адамдар арасындағы тартыс, махаббат пен зұлымдық, биіктік пен күйкі пендешілік айқасы кеше мен бүгіннің арасын жымдастырып жібергендей болады. Өйткені адам баласы ғұмыр кешкелі қапталдасып келе жатқан көп көлеңкелі жайлар қойылымның ішкі тінін құрайды.

Нарқыз сынды болмыс-бітімі өзгеше, ойы ұшқыр, жүрегі жігерге толы қазақ қызын сахнада көрсету театрдың талантты актрисасы Әсем Құсайыноваға бұйырыпты.

Ол тағы бір басты кейіпкер Ниязбен арасындағы өзара түсіністік, ұғысу, ел бірлігін алға ұстанған биік мақсатты көздеу бағдарындағы іс-қимылдары арқылы оқиға желісін дамыта түседі. Актер Жасұлан Симонов Нияз сынды күрделі тұлғаны сомдап, өзін өзгеше қырынан танытты.

Қойылымдағы күрделі тартыстар, шешуші оқиғалар көп жағдайда Мәмбет ханның айналасында өтеді. Қара Мәмбет атанған қайырсыз ханның озбырлығы, ойсыз іс-қимылдары актер Кеңес Кемалбаев арқылы жұртшылыққа жетіп, жиіркеніш сезімін тудырып отырды.

Мәмбет ханның маңынан табылатын жандайшап Бөктергі бейнесін Нұрболат Өтеғұлов сенімді етіп шығарды. Нарқызды қарындасым деп көңілін аулай жүріп, жауыздыққа анық бет буған оның құйтұрқы іс-әрекеттері көрерменнің жиіркеніш сезімін тудырады.

Сахнада өзіндік бет-бейнесін айқын таныта білген Сейіт ақсақал қай кезде де елдіктің, бітімгершіліктің символындай көрінеді. Бұл — танымал актер Әсет Оразалиннің кезекті шығармашылық табысы деуге лайықты ролі.

Оқиғаның шарықтау шегінде Бала би мен Шоңай би шешуші рөл атқарады. Олардың дуалы аузынан шыққан баталы сөзді Нарқыз бен Нияздың қол ұстасып жаңа өмірге қадам басуына ғана емес, сондай-ақ іргелес жатқан екі елдің татулығына, ауызбірлігіне де жол ашқандай болады.

Нарқыз бенен Нияздың

Елге тиіп себебі,

Жаушылықтан достасып,

Орта жүз бен Кіші жүз

Татуласқан жері еді.

Бір кісінің ұлындай

Араластық деп еді.

Нұрпейіс ақынның жырындағы осы екпінді жолдар сахнадағы тартысты сәттердің түйіні іспетті қабылданады. Үнемі ширығу үстінде отырған көрермен оқиғаның нақ осылай аяқталғанын шын көңілмен қабылдап, тынысын бір кең алатындай әсерде болады.

Тарихи драма авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы қойылым соңында сахнаға көтеріліп, осы күрделі дүниені халыққа ұсынған актерлер қауымына алғысын білдірді. «Мен ұзақ уақыт бойы Нұрпейіс атамыздың «Нарқыз» дастанының сахналық нұсқасын жазсам деген ойда болдым. Шығарманы бірнеше мәрте оқып шықтым, астарына тереңдеп үңілуге тырыстым. Мені ең басты қызықтырғаны — қазақ қызының қайсарлығы.

Ақтөбелік актерлер бұл дүниені ойдағыдай сахналады деп ойлаймын. Әсіресе, Әсем Құсайынова, Жасұлан Симонов, Әсет Оразалин секілді актерлер өздерінің образға тереңдеп енуге ұмтылыстарын байқатты.

Режиссер Елтай Кемалға алғысым шексіз, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істей береміз деген ойдамын», — деп жүрекжарды ойын ортаға салған астаналық қаламгерге жалпы жұртшылық та ризашылықтарын айтып жатты.

Әрине, «Нарқыз» сынды күрделі туындыны сахналауға көп адам еңбек сіңіргені белгілі. Бұл ретте көркемдік жетекшісі Сержан Аманқұлов, қоюшы суретші Мұрат Мәмбетов, музыкамен көркемдеуші Толағай Қарасаев, хореограф Қаршыға Дандығариев еңбектерін атап өтпеске болмайды.

Нұрпейіс Байғаниннің сексеннен асқан ұлы Момын ата спектакльді тебірене отырып көрді. «Бүгін әкем тіріліп келгендей күй кештім» деп өз бағасын білдірді ол.

Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын әдебиет сыншылары «Нарқыз» поэмасының негізгі идеясы — қазақ әйелінің өз теңдігі үшін жасаған жан қиярлық ерлігін көрсету. Ақынның мақсаты — ел азаматы, намыс, кек иесі болған күрескер қыздың образын жасау» деп бағалаған екен.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында сахналанған еңбек иелеріне алғыс ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Облыстық драма театрының жаңадан қызметке кіріскен директоры, республикаға танымал актер Нұрхан Кәдірбаев «Нарқыз» драмасының жаңа жылдан бастап көрермендер назарына тұрақты ұсынылып тұратындығын айтты.

…Сонымен, халық сүйген аяулы ару, жүректі батыр Нарқыз еліне қайта оралды. Нарқыз сияқты намысты қыздар бүгінгі заманда да керек. Қалың елге ұсынылған қойылымның бағасы осы тұрғыдан да биіктей түспекші деп ойлаймыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*