Бұқара

Шалқар 140 жасқа толды

Тарихқа жүгінсек, сонау 1870 жылы Ұлықұмның оңтүстік-батыс беткейіне, Шалқар көлінің жағасына қазақ шаруалары келіп қоныс тебеді. Олар бұл өңірде мал шаруашылығымен айналысып, алғаш жеркепе үйлер салған. 1901-1903 жылдары осы өлкеде Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысы басталып, алғашқы өнеркәсіп орны — Шалқар паровоз депосының іргетасы қаланды. Кейін, 1925 жылы 6 наурызда  Шалқарға қала атағы беріледі.

Міне, айтулы оқиғалар мен дәстүрге бай Шалқар қаласының тарихы осылай бастау алады. Бірнеше батырлар һәм билер дүниеге келген киелі шаһардың іргетасы қаланғанына биыл 140 жыл  толды. Қала халқы өлке тойын тойлауды жоспарлап отыр. Аудан әкімі Рахат Сыдықовтың жетекшілігімен мерейтойлық  іс-шараларды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының құрамы бекітілді. Комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Зәпен Жұмабаева 140 жылдық мерейтойды атап өту үшін қалада ауқымды іс-шаралар жасалып жатқанын сөз етті.

— Шалқар елі бұған дейін де батырлары мен би-шешенін ардақтап, дүбірлетіп той өткізгені белгілі. Ал бұл той басқа тойлардан ерекше. Бұл — өткен тарихты түгендеп, келешекке бағыт-бағдар сілтейтін, жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор мерейтой. Сондықтан той алдындағы дайындық қалада қызу жүріп жатыр. Туған өлкеміздің сәулеттік және санитарлық жағдайын жақсарту бағытында да  ауқымды істер атқарылады. Қаланың көрнекі жерлерінен мерейтойға дейін су бұрқақтар орнату, бұрынғы саябақтарды қалпына келтіріп, қосымша саябақтар салу жоспарлануда. Сондай-ақ облыс жастарының елді мекендерді абаттандыру мақсатында «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафоны қаламыздың мерейтойына үлкен септігін тигізгелі отыр.

Қойнауы қазынаға, шежіре-дастанға толы кең шаһардың мерейтойы баршамызға ортақ той. Сондықтан туған жер үшін ет-жүрегі елжірейтін әрбір шалқарлық азаматтың мерейтойға материалдық және рухани қолдау көрсетуіне болады. Қаланың мерейтойы қазан айында өтеді. Шалқардан түлеп ұшып, жырақта абыройлы қызметтер атқарып жүрген өңіріміздің барша төл перзенттері қаланың мерейтойына өзіндік үлесін қосатынына сенеміз. Қазірдің өзінде осы шараға байланысты азаматтардан ұсыныс-пікірлер түсуде, — дейді З.Жұмабаева.

Шалқар қаласының 140 жылдық мерейтойының өз деңгейінде өтуіне сүбелі үлес қосу барша шалқарлық перзенттердің  парызы деп түсінгеніміз абзал. Қала тойының өтуіне материалдық тұрғыда үлес қосқысы келетін азаматтарға «Шалқар қаласының Даму қорының» есепшотын жариялап отырмыз:

СТН (РНН): 061700004145

Р/С  029700805 (КБЕ 18) 4

БИК 190301302

Ақтөбе қаласы, «БТА Банк» АҚ филиалы.

Шалқар қаласының  Даму қоры.

Шалқар қаласы, Әйтеке би көшесі, 47үй. Тел: 8 (71335) 21-2-69.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

  • Отбасы

Он алты баланың анасы, отыз төрт немеренің әжесі

Он алты балаға жарық дүние сыйлап, оларды дін аман өсірген Асыл Санымбаева — қазір отыз төрт немеренің аяулы әжесі. Немерелері жан-жақтан қаумалап, тәтті қылықтарымен баурағанда, Асыл ана өзін шексіз бақытты сезінеді. «Немере баладан тәтті» деген осы…

Он бір ұл, бес қыз тәрбиелеген алтын құрсақты ана Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылының тұрғыны. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңмен сәйкес келетін Асыл ана 1941 жылы Қарабұтақ ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келіпті. 1959 жылы ата-анасының қалауымен Бүркітбай есімді азаматқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтереді. Ата тәлімін, ана ақылын бойларына сіңіріп, жұптасып отау тіккен екі жас кезі келген кедергілерге мойымай, 40 жыл мал бағып, абыройлы еңбек етеді. Он алты баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады.

— Көп балалы ана атануды жоспарлаған жоқпын. Бұл — Алланың берген сыйы. Рас, бірінің артынан бірі есейіп тұрған баланы бағу, тәрбиелеу оңай емес. Отағасы өте балажан кісі еді. Балалар қандай бұзақылық жасаса да, дауыс көтеріп, қабақ шытпайтын. Маңдай терімен тапқан еңбекті қадірлеп, балаларға «ешқашан жалған айтпаңдар, адал болыңдар» деп ақылын айтып отыратын. Балаға тәрбиенің негізі үйде беріледі. Тәрбиесі жақсы бала есейе келе көпшіл болады. Сондықтан ата-ана бала тәрбиесіне жете көңіл бөлуі керек, —  дейді Асыл ана.

Балаларының бойына адалдықты, адамгершілікті сіңіруге бар күшін салған отағасы келер күннен көп үміт күтетін. Алайда ол ұл-қызының қызығын көре алмады. «Жазмыштан озмыш жоқ»… Асыл ана қаздай тізілген 16 баланы оқытып-тоқытты. Бүгінде сол 16 қара домалақ — бір-бір шаңырақ иесі. Әрқайсысы түрлі кәсіпті бағындырып, өз жолдарымен жүр.

— «Бір қой туса, бір түп жусан артық өседі» деген сөз бар. Алла тағала әр баланы өз несібесімен жаратады. Қазір ойлап қарасам, балаларымды жас кезімде еркелетіп, өбектейтін уақытым болмапты. Балаларым бірін-бірі бағып өсті. Он алты баламнан отыз төрт немере сүйіп отырмын. Міне, менің бүгінгі бар байлығым — балаларым мен немерелерім. Қазір жастарымыз көп балалы болудан қорқып, заман қиындығын алға тартады. Қ­ұ­дайға шүкір, қазіргі тұрмысымыз жаман емес. Көп балалы отбасынан шыққан балалар бір-біріне бауырмал, қонақжай, көпшіл болып өседі, — дейді ардақты ана.

Өмірдің қуанышын бөлісіп, қиындығын жеңе білген Асыл ана — қазір немерелерінің тірегі. Немерелері әжесіне ән салады, би билейді, «концерт» қояды. Ал әжелері еркелеріне ертегі айтудан жалыққан емес…

Айнұр ҚЫСТАУБАЕВА,

Ырғыз ауданы.

  • Дәстүр

Беташарды бұзбайық!

Қазақ тойының бір ерекшелігі — келіннің бетін ашып, беташар рәсімін жасауы. Жас келіннің бетін киелі қара домбырамен ашып, қайын жұртына сәлем салғызу, шашу шашып, отқа май құю — тойдың сәні. Бірақ қазір қос ішекті домбыра орнын «дүңкілдеген» эстрада басып барады…

Қазақтың қай тойы да ән-жырсыз, би-думансыз өтпейді. Оның үстіне домбыраның құдіретімен әуездетіп ән шырқағанда, кім-кімнің де бойы балқып, ерекше сезімге бөленеді. «Домбырасыз ән қайда» дейсің мұндайда…

Қос ішекті домбыра орны соңғы кезде өз мәнін жоғалтып бара жатқандай. Әсіресе, тойларда беташар рәсімі домбырасыз өтетін болыпты. Бұған дейін келіннің бетін қара домбырамен ашса, қазір эстрадалық әнмен ашады. Ата-баба дәстүрі енді күнделікті тыңдап жүрген әнге айналды. «Дүңкілдеген» ән әуенімен тақпақтап, жас келінге қайын жұртын «мардымсыз» таныстыра салады.

Білгіш асабалар тойда уақытты алады деп ақ тілек айтар ағайындардың тізімін қысқартып еді, енді олардың ұшығы беташар рәсіміне де тиіпті. «Уақыт созылып кетеді», «жас келін шаршайды» деген сылтаулармен сәлем еткізу шартын да қысқартуға көшіпті…

Менің айтарым, жас асабалар беташардың өзіндік болмысына тиіспей, сол қалпында сақтаса екен.

А.МАРДАН,

Әйтеке би ауданы.

  • Реніш

Әкеңмен кеңес…

Жақында «Бұқара» бетінде мұғалжарлық Мираның «Әкем асқар тауым емес» деген мақаласы жарияланды. Мақалада автор оқырмандарға әкесінің ішкілікке салынып, үнемі отбасының шырқын бұзатынын айтып, мұңын шағыпты…

Мираның ішкі сырын күллі оқырманға жариялағаны мені қатты ойландырды. Әр адамда уайым-қайғы бар. Сондықтан ішкі сырды көпшілікке жариялаудың қажеті жоқ. Қазақта «Қайғысы басқаның қазаны басқа» деген сөз бар. «Әкем жаман» деп жалпақ жұртқа жар салғанмен, оқырманның оған «жақсы әке» тауып бере алмасы анық.

Өмірде себепсіз еш нәрсе болмайды. Бәлкім, Мираның әкесінің ішкілікке салынуының да  өзіндік себебі бар шығар. Мақалада автор отбасында екі қыз екендіктерін баяндапты. Шаңырақта атбайлар болмаған соң, ер азаматтың күйініп ішуі де ықтимал. Отбасына үрей туғызуға себепші болған әкенің жайын қыздары сараптап, өзара шешкені жөн. Кінә қашанда екі адамға ортақ, сондықтан анаңмен де ақылдасқаның абзал…

Газеттің оқырманы ретінде мен көпшіліктен көмек сұраған Мираға әке жүрегін торлаған мұңды серпілтуге жәрдем ет дегім келеді.

Жұмабай ӘБІШЕВ,

Тоғыз стансасы.

Шалқар ауданы.

  • Жаңғырық

«Соткаң» болмаса қатардан қаласың…

Бұрын біз киіміміз бүтін, оқу-құралдарымыз түгел болса, мектептен қалмаушы едік. Сабақты жарыса оқып, күнде жақсы баға алуға тырысатынбыз. Ал қазір баламды мектепке жіберуге қысыламын. Неге дейсіз ғой, балама құрбылары ұстайтын қымбат ұялы телефон сатып алып беруге менің жағдайым келмейді…

Қазір ұялы телефонды үлкендер де, кішілер де, мектеп оқушылары да ұстайды. Дұрыс қой, заман ағымына сай қатардан қалмай, көшке ілескен орынды. Әрі сымсыз байланыстың көмегі адамға «ауадай» қажет-ақ. Менің айтпағым бұл емес.

Жақында ұлым «мектепке бармаймын» деп қиғылық салды. Сабақ үлгерімі тәуір, озат оқушылардың қатарында жүрген баламның бұл қылығы мені таңғалдырды. Әрине, себепсіз нәрсе болмайды. Бақсам, баламның құрбы-құрдастарының барлығында ұялы телефон, компьютер бар екен. Үзіліс кезінде оқушылар ұялы телефоннан ән тыңдап, ойындар ойнап, электронды пошта арқылы жаңа достармен танысқандарын айтатын көрінеді. Қызығы, «супер соткалы» оқушылар телефоны жоқ балалармен араласпайды. Баламның бұл сөзі сай-сүйегімді сырқыратып, жүрегімді сыздатты. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген осы.

Мен де бар жиған-тергенімді жиып, балама «сотка» сыйлап қуантайын десем, ай сайын алатын  жалақым несиеден арылмайды. Телефонды «әне алып берем, міне алып береммен» баламды күн сайын мектепке алдап жіберемін.

Құрметті ата-ана! Баланың баладан айырмасы жоқ. Сондықтан мектеп оқушыларының деңгейі бір болғаны дұрыс. Сәт  сайын телефонға шұқшиып, ән тыңдаған баланың сабаққа деген құлшынысы қандай болады? Оның үстіне қалтаға әзер сыятын телефонға балалар адам жанын түршіктіретін небір нәрселерді жазып алады. Ал мұндай қым-қуыт дүниелер бала психологиясына әсер етеді емес пе?

М.ЕЛІКБАЙ,

Ақтөбе қаласы.

  • Өнер

Шеберлікті әжесінен үйренген

Әдемі киім үлгісін сызып, оны тігу, ою ойып, өрнек тоқу қыз балаға жарасатын тірлік. Қазақы тәрбиеде шеше қызына ине сабақтаудан бастап, күнделікті өмірге қажетті істердің бәрін үйретуден жалықпаған. Гүлнәр Сибағатова да сондай тәрбие мен тәлім тұтастық тапқан өнегелі отбасынан шыққан жан.

Қай іске болса да алдымен адамның икемі мен ішкі ынтасы болмаса, одан жақсы нәтиже шығуы екіталай. Киім үлгісін жасаудағы алғашқы қадамы мектепке әлі бара қоймаған 5-6 жасар кезінде басталғанын Гүлнәр кейіпкеріміз күліп есіне алады.

— Ол кезде қазіргідей базар жоқ. Жаныма өзім сияқты қыздарды жиып алып, газеттен бас киім жасаймыз. Сосын оған даладан тауып алған қаңылтыр іспеттес жұқа темірді жалтыратып жақсылап сүртіп, өрнектеп өзімізше қиып, жапсыратынбыз. Шүберектен перде тұтып, «көрермендерге» бас киімдеріміздің үлгісін көрсетуге шығатын едік, — дейді Гүлнәр.

Бүгінде Гүлнәр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасында оқытушы. «Әр іске де талант ұшығы керек» деп есептейтін ұстаз өзінің айналасына киім пішіп, тігуге икемі бар жастарды жинап, осы іске баулып жүр. Дизайнер — шеберлікті, үйлесімділік пен әдемілікті бір арнаға тоғыстырған мамандық түрі. Кез келген затта дизайнердің қайталанбас қолтаңбасы болады. Адам көркін ашатын шүберектен киім үлгісін жасайтын сән дизайнеріне де қойылатын талаптың жоғарылығы ерекше екені белгілі. Олар киімге салынатын әрбір детальға көңіл бөліп, оның адамның сыртқы келбетін ашуда қаншалықты рөл атқаратынына дейін мән береді.

— Отбасына шуақ берер әйел заты —  үйдің ұйытқысы. Үйдегі барлық жанның көңілін тауып, берекесін келтіріп отыратын да солар. Сондықтан да оларға жүктелер жауап та екі есе, — дейді біздің кейіпкеріміз. — Дизайнер болуға ниеттенетін студенттердің дені — қыздар. Мен олар болашақта нандарын қиналмай табатын кәсіпті терең меңгеріп алуларын жиі еске салып отырамын. Себебі, өзіміз куә болып жүргендей, күнделікті тірлікте ең аяғы шалбардың балағын қысқарту сияқты қарапайым көрінетін жұмыстың өзіне тапсырыс беріп жататын қыз-келіншектерді көптеп кездестіруге болады. Жалпы, қолынан іс келетін жанның далада қалмайтыны белгілі.

Ұстаздық етуден жалықпайтын Гүлнәр Сибағатова он саусағынан өнер тамған шебер. Оның бір асыл қасиеті — өзі дүниеге әкелген киімдердің қай-қайсысына да ұлттық рең, қазақы нақыш қосуды ұмытпауы. Шебердің ойынша, қазақтың ою-өрнектері кез келген киімге ерекше сән беріп тұрады. Гүлнәр қаламызда алғашқылардың бірі болып қазақтың ұлттық киімі — шапанды сонау 90-жылдардың басында тігіпті.

Бүгінде сәннің сан түрі бар. Кішкентай инемен қыруар істі тындыратын кәсіп те өз мәнін жойған емес. Техника мен технологияның дамыған заманында іс машиналардың да түрі көп. Тек еңбек етуге ынта мен ұмтылыс болса болғаны. Жастар дайынға үйренген, дүкен мен базардан сатып алуды жеңіл санайды. Ал сән дизайнері Гүлнәрдің ойынша, ешкімді қайталамайтын, өзіңнің қолыңнан шыққан дүниеден артық ештеңе жоқ. Тек оған шыдамдылық керек. Гүлнәр болса шеберлік пен шыдамдылық қасиетті санасына мықтап құйған әжесіне дән риза.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Өкпе

Байқау иесі, байқаңыз!

Наурыз — халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде айрықша орын алатын мереке. Биылғы мереке қарсаңында мен мазасыз күйге түстім. Қолға қалам алғызған да мерекеге орайластырып өткізілген байқау болып отыр…

Көктеммен қатар келетін Наурыз тойы — қазақ үшін ерекше думан. Қыстың қаһарынан аман шыққан халқымыз мамыражай күнде бой жазып, түрлі ойын-сауықтар, думанды кештер, алуан түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Мен сөз еткелі отырған жай да осы кештер турасында болмақ.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Геолог» Мәдениет үйінде өткен «Наурыз аруы» байқауының куәсі болдым. Мәдениет үйінің қызметкерлері бұған дейін де түрлі байқаулар мен кештерді ұйымдастырып жүр. Қай мерекені де атаусыз қалдырмайтын ұжым қызметкерлерінің белсенділігіне әр кез риза боламыз.

Менің айтарым бұл емес. «Наурыз аруы» байқауында «әттең-ай» дегізетін тұстар көп кездесті. Қазылар алқасының білімділігі мен біліктілігі, сезімталдығы да сайыс барысында танылады. Қызығы, біз аталған байқауға төрелік еткен қазылардың үстелінен үміткерлерді бағалайтын сандық көрсеткішті көре алмадық. Әрі қазылардың бойынан оқушылардың өнеріне деген қызығушылық байқалмады. Мәселен, бір оқушы сахнада өз өнерін көрсеткенде, төрешінің бірі үстелге маңдайын қойып жатып алды…

Ал жүргізуші сұрақ қою барысында қатысушылардың жас ерекшеліктерін ескермеді. Қойылған сауалдар төркіні тіпті орынсыз. Мектеп оқушысына: «Егер сені бір жігіт алып қашса, не істейсің?» деген тәрізді масқара сауалдар кезікті.

Мен бұл сайыста ұйымдастырушылардың Наурыз мейрамына аса мән бермегенін аңғардым. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мәдени ошақ  қызметкерлерінің бұл ісі көрермендерді де бейжай қалдырмады. Егер Жаңа жыл мейрамы болса біз бір ай бұрын сабылып дайындаламыз. Тіпті, қала көшелеріне де шыршалар көкке бойлай ілініп, ерекше сәулелер көз шағылыстырады. Ал қазақтың исі шығатын Наурыз жетім баладай әлі де жаутаңдайды…

Зоя ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫ,

ардагер ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

  • Дат

Гкс-12 Қауылжырдан қымбат па?

Шалқар ауданының Қауылжыр ауылында типтік жобамен салынған екі қабатты, 350 орындық орта мектеп бар. Жаңа үлгімен салынған мектептің маңдайшасындағы тақтада әлі күнге «ГКС-12 орта мектебі» деген жазу ілініп тұр.

Мектептің бұлай аталуын жас жеткіншектер түсінбейді. Бұл бұрынғы Шалқар тораптық-желілік жоғары қысыммен газ айдайтын 12-стансасы негізінде «ГКС-12 орта мектебі» деп аталған.

Кешегі Кеңес өкіметі тұсында аталған газ айдаушы станса ұжымы ауыл мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап, материалдық қолдау көрсетіп тұрды. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін аталған газ стансасы жабық акционерлік қоғамға айналды. Қазір бұл  мекеменің мектепке еш қатысы жоқ. Бұрынғыдай демеушілік те жасамайды. Өз алдына дербес мекеме.

Тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық. Бесік түзеп, бой көтерсек те біздің ауылдың мектебінің маңдайшасындағы жазу сол күйі өзгермей тұр. Мектеп бітіруші түлектердің аттестатына әлі күнге «ГКС-12 орта мектебін бітірді» деп жазады.

Аудандық ономастикалық комиссияға біздің мектептің атауы «Қауылжыр орта мектебі» деп өзгертілсе және ресми құжаттар мен мөрі ауыстырылса деген ұсыныс сан мәрте айтылды. Бірақ еш өзгеріс жоқ. «Баяғы жартас, бір жартас»…

Дархан ЖАЛҒАСОВ,

Қауылжыр ауылы.

Шалқар ауданы.

  • Табиғат

«Жасыл елдің» түпқазығы — тәрбие

Жақсы тәрбие — балаға өмір бойы азық. Сондықтан тәрбие жұмысымен айналысатын барлық саладағы мамандарға үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Қазір қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасындағы мақсат-мұраттар жас ұрпақ бойына сәби кезден бастап сіңірілуі керектігін тағы бір еске алған жөн-ау.

Педагогика және психология ғалымдарының зерттеулеріне жүгінсек, баланың мінез-құлқының негізі мектепке дейінгі шағында қалыптасады. Бұл кезеңде бала сезімтал, қабылдағыш, еліктегіш келеді. Осы шақта ересектер бүлдіршіннің мінез-құлқын жіті қадағаласа, оның ой-өрісінің жақсы дамуына ықпал жасайды. Сондықтан бала тәрбиесіне әу бастан көңіл бөлу қажет.

Енді негізгі әңгімеге келейік. Бүлдіршінді жасынан өскен ортамен, табиғатпен таныстырған абзал. Әр нәрсенің байыбын ұғынып өскен бала есейе келе жан-жақты болады. Мектепке дейінгі балаларға арналып жасақталған «Жасыл ел» бағдарламасы бүлдіршіндердің жан-жақты болуына, шығармашылық ізденісі мен ой-өрісінің кеңеюіне жол ашады. Осы бағдарлама негізінде бала табиғаттың баға жетпес байлығын пайдалануды, оны қорғауды ұғынады. Экологиялық тәрбиенің негізі де балабақшадан бастау алады. Аталмыш бағдарлама «Өлі табиғат», «Өсімдік әлемі», «Жануарлар әлемі», «Адам еңбегі» және «Күнтізбемен жұмыс» атты бөлімдерден тұрады. Мұндағы әр тарау баланың дамуына, жетілуіне ықпал етеді.

Әрине, бұл іс кітап парақтаумен шектелмесе керек. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстырсақ, олардың елге, туған жерге деген сүйіспеншілігі артады. Сондықтан балаңызды табиғатқа жиі серуендетіңіз!

М.ЖИЕНАЛИНА,

№24 «Аққу» балабақшасының тәрбиешісі.

Ақтөбе қаласы.

  • О, несі-ай…

Есіміңді айтшы, замандас?

Біле білсек, дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып, ат қою үлкен өнер. Бұрын үлкендер атұстарымыз бен шайқұярларымызға ырыммен белгілі адамдардың есімдерін қоятын. Қазір керісінше. Арамызда кішкентай Якута, Анель, Жанель, Бритни, Сюзанна, Мадонналар өсіп келе жатыр…

Жақында бір құрдасым егіз бөпелі  болды. Досымыздың қуанышына ортақтасып, үйіне қонаққа бардық. Ас ішіп, аяқ босатқан соң, қонақтардың  назары сәбилерге түсті. «Сәбилердің есімі кім?, «Атын кім қойды?», деген тәрізді сауалдар қойыла бастады. Шаңырақтың үлкені, үй егесінің анасы: «Жас кезімде Ресейдің Лещенкосы мен Пугачевасын жақсы көретінмін. Менің немерелерім де сол атақты әншілердей болсын деген ырыммен осылай атадым» демесі бар ма? Біз аңтарылып отырып қалдық. Әрине, бөтен үйдің шаруасына араласып, араз бола алмайсың. Біз үнсіз кішкентай Лещенко мен Пугачеваның денсаулығының мықты болуын тіледік.

Рас, біздің халық ырымшыл. Етегіне бала тұрмай титықтаған аналар шаранаға бөтен ел адамдарының атын қояды. Александр, Петр, Светлана, Люба деген есімдердің тарихы осыдан шыққан. Бірақ бүгінгі қазақтың қылығы мен ырымы  басқа. Шетелдік әншілер мен түрік сериалдарындағы актерлердің есімімен жер бетіне жаңа түскен періштені атау ненің белгісі? Құдды қазақта батырлар мен көсемдер жоқтай, өзге елдің есімдеріне қызығамыз. Пайғамбарымыздың анасы Әмина, қасиетті түн Миғраж, желмаясымен жерұйық іздеген Асан, арынды Абылай мен оның ту ұстаған батырлары, Мұхтар мен Мұқағалилардың есімдері тарихтағы тірі аңыз емес пе? Неге біз кішкентай періштелерімізді қазақы ырыммен сол тұлғалардың атымен атамаймыз? Сәби есейе келе өз есімінің сырына қанығып, кейін сол тұлғаларымызды мақтан етер еді…

Лаура БЕРІШОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Bukara07@mail.ru

Бір пікір

  1. Alkeimargylan Iliyasov Abilkasimuli

    ASSALAUMAGALEIKUM RAXMADULLAX BUKARA JURNALININ BASPASI.MEN WALKARLIK ALKEIMARGULAN ILIYASOV ABILKASIMULI MIN.OZDERINIZGE BELGILI AKTOBE GAZETININ DEREKTORI MEIRXAN AKDAULETYLININ NEMERESIMIN. MENIN JAZGAN OLENDERIMDI BASPA BETTERINE WIGARA ALASIZDARMA… WALGAI KETSEM SAGINAMIN WALKARIM.JER SYINA TABINAMIN WALKARIM.SENEN ISTIK OLKENI MEN EW JERDEN.SAN JIL IZDEP EW KAWANDA TAPPADIM.ISTIK MAGAN JYSANINMEN SUINDA.ISTIK MAGAN KOK ASPANNIN NURIDA.SYIEM SENI MENIN ASIL WALKARIM.1 OZINDI ANGEKOSIP JATARMIN .
    SIZDERDEN OTINIWWW MEN ALMATIDA TEMIRBEK JYRGENOF ATINDAGI ONER AKADEMIYASINDA 1 KURS STUDENTIMIN AKTOBEMDI SAGINGANSON OSI OILENIMDI JAZGANMIN ALDIN ALA RAXMET SIZEDRGE SENIM ARTAM

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*