Басты бет » Басты жаңалықтар » «Біз жанбасақ лапылдап…»

«Біз жанбасақ лапылдап…»

Форум

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында «Бәсекеге қабілетті жас маман — жарқын болашақ кепілі» атты өңіраралық форум өтті. Оған Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе облыстарының жас мамандары қатысты.

Алыс-жақын облыстардан делегаттарды жинаған ұйымдастырушылар сол арқылы өңір жастары арасында диалог құрып, тәжірибе алмасуды, олардың заманауи ғылыми, кәсіпкерлік, инновациялық жаңалықтарына қолдау көрсетуді, жалпы саладағы өзекті мәселелерді шешуді мақсат тұтқанын айтады. Әртүрлі сала өкілдері, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, жас кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері алдында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:

— Ең алдымен барлығыңызды осынау форумның ашылуымен құттықтағым келеді. Жас мамандар форумына қош келдіңіздер. Бұл форумның басты мақсаты — жас мамандарға бағыт-бағдар беру. Сондықтан әрқайсысыңыз үшін форум қызықты болады деген ойдамыз.

Елбасы өзінің стратегиялық құжаттарында жастарға әрдайым ерекше көңіл бөледі. Өйткені әр мемлекеттің болашағы осы жастарға байланысты. Соның ішінде жас мамандардың орны бөлек. Біз қандай маман даярлаймыз, адами капиталдың сапасы қандай, соның барлығымен көп нәрсе байланысты. Біз әлемдегі дамыған, озық  мемлекеттерге қарасақ, ол жерлерде ең бастысы — ең жақсы адами капитал қалыптасқан, өте жақсы мамандар көп. Сондықтан Қазақстан жас мемлекет болса да, осы жастардың арасында білікті мамандарды даярлауда күш-жігерін аямай, көп көңіл бөліп отыр.

Қазіргі таңда медицина саласын таңдап, сол бойынша жоғары білім алып жатқан жастардың қатары көп. Өйткені жыл өткен сайын осы салаға мемлекет айрықша маңыз беріп, еліміздің түкпір-түкпірінде ауруханалар салынып жатыр. Медициналық білім бойынша жастар 6-7 жыл оқыса да, қашанда ол мамандықтың сұраныста болатынын жақсы біледі.

Менің ойымша, адам мамандық таңдарда ең алдымен оған бұл кәсіп ұнауы керек. Неге десеңіз, ол аталған кәсіппен өмір бойы айналысады, табыс табады. Ең басты талап — айналысатын кәсібің  өзіңе ұнауы шарт. Ынтамен оқып, кейін жұмысқа да қуанышты боп барған маманның жаман болуы мүмкін емес. Содан кейінгі орындарда ғана материалдық игіліктер болуы керек.

Кәсіби маман болу үшін адамның бойында ең бірінші жауапкершілік мықты болуы қажет. Көп нәрсе соған байланысты. Уақытпен санаспай, әр жұмыс жауапкершілікпен атқарылса, түбінде ол қасиет ескерусіз қалмайды. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша жақсы оқып, білімді болған адам жетістікке жетеді. Ол үшін күн сайын ізденіп, білімін жетілдіріп отыру керек, — дей келе, жастарды ғаламтордан өзіне қажетті деген ақпаратты ғана алып, уақытты тиімді пайдалана білуге шақырды.

Жиын барысында, сондай-ақ, әр қаладан келген белсенді жастар сөз алып, тақырыпқа қатысты өз ойын білдірді. Атап айтсақ, еріктілер қозғалысын дамытудың негізгі бағыттарын Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» штабының менеджері Ләйлә Әли айтса, Атырау қаласынан келген Данияр Түлеков бизнесті дамыту, көшбасшылық қасиеттерді әрі қарай жетілдіру бойынша көрген-білгенімен бөлісті. Ал Ләйлә Исламова шешендік өнердің қыр-сырына тоқталса, облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева «БАҚ-пен жұмыс» тақырыбы бойынша тәжірибесін ортаға салды. Бұдан басқа, әр саланың мамандары жас талаптарға тренингтер өткізіп, олардың сан түрлі сауалдарына жауап берді.

— Мен осында Қазақстандағы еріктілер қозғалыстарының бүгінгі жай-күйі, олардың атқарып отырған жұмысы, мүшелікке өтетін жастар турасында айту үшін келіп отырмын. Шын мәнінде, бізде еріктілер туралы жалпы ақпаратқа қанық азаматтар көп болса да, саланың бүге-шүгесіне дейін хабары барлар соншалықты көп емес. Ал еріктілердің, қай салада болсын, қосып отырған үлесі мол.

Еріктілердің арасында, әсіресе, студенттер көп. Өйткені олардың бос уақыты көп әрі энергиясы көп. Бірақ, егде жастағы кісілерді де соншалықты аз дей алмаймыз. Олардың қатарында еріктілік істің шыңына жеткендер, өз арамызда «Алтын еріктілер», «Күміс еріктілер» деп аталатындар баршылық. Сондықтан ерікті болуға ұмтылатындар қашанда көп.

Қазақстанда құжат бойынша шамамен 20-30 мың ерікті бар. Ал өткен жылдың басты оқиғасы — «ЭКСПО-2017» көрмесіне, мысалы, 5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды. Олар не істеді, осы істі қалай меңгерді, жалпы ерікті болу үшін қандай қасиеттер керек деген сауалдарға бүгінгі тренинг барысында жауап бердім. Осында туып-өссе де, еліміздің орталық қалаларына арнайы барып, ірі шараларда ерікті қызметін атқарғысы келетіндер де өз тілегін білдірді. Жалпы, сұрақ-жауап түрінде өткен семинар-тренингім келушілерге қызықты болды ғой деген ойдамын, — дейді Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» штабының менеджері Ләйлә Әли.

Ал Орталық Қазақстаннан келген Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Бақтияр Бекмұрзаев мұндай форумдардың қыз-жігіттерге, әсіресе, жастар ұйымындағыларға аса қажет екенін атап өтті.

— Ең алдымен, әрине, тәжірибе алмасу үшін осындай шаралар қажет. Мемлекет басшысы да әрқашан еліміздің болашағы жастардың қолында екенін, олардың біліктілігін көтеруде бар мүмкіндіктерді салу қажеттігін ұдайы айтып жүреді. Осы орайда Ақтөбеде ұйымдастырылған форумнан соң жастар саясаты одан сайын нығайып, қатысушылардың туған жеріне қанаттанып қайтатынына сенімім зор, — деп ойымен бөлісті.

Форум аясында Ақтөбедегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері көшпелі көрмесін ұйымдастырып, қатысушыларды студенттерінің ғылым, өнер мен спорт салаларындағы жетістіктерімен, жалпы бағындырған белестерімен таныстырды.

Ал түс ауа форумға қатысушылар «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысымен танысып, артынша Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында спектакль тамашалады. Шараның соңында белсенді жастарға сертификаттар табысталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*