Басты бет » Жаңалықтар » Бауыржан Ақшолақовты еске алды

Бауыржан Ақшолақовты еске алды

Турнир

Ақтөбе қаласында бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған ХІХ халықаралық турнир өтіп жатыр. 

Жекпе-жек сарайында өткен шараның салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортшыларды құттықтап, жарыста сәттілік тіледі.

Жыл сайын өткізілетін турнирге биыл 14 команда қатысып жатыр. Ресей мен Өзбекстаннан және республикамыздың барлық қалаларынан 80-нен астам боксшысы бақ сынасады. Жиында Бауыржанның анасы Маржан Ақшолақова ыстық лебізін білдірді.

—  Бауыржанды еске алып, жыл сайын осындай шара өткізетін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Жарысқа келген барлық спортшыларға сәттілік тілеймін! Спортшыларымыз үлкен додалардан жеңіспен оралып, мерейіміз арта берсін!  Бауыржанымның жетпеген жетістіктеріне сіздер жете беріңіздер! — деді спортшының анасы.

Жарыс AIBA ережелеріне сәйкес 3 раунд 3 минуттан және 49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91, +91 келі салмақ дәрежелері бойынша өткізіледі.

Турнир соңында үш  жекпе-жек өткізіліп, І орынды иеленген спортшыларға Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағы беріледі және жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр салмақ бойынша медаль,  мақтау қағаздарымен марапатталады. Сонымен қатар 60 келіде жүлделі орынды иеленген спортшы Б.Ақшолақов атындағы спорт клубының бағалы сыйлығына ие болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*