Басты бет » Әдебиет » Өрлікпен өрілген өлеңдер

Өрлікпен өрілген өлеңдер

Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті осы жылғы қазан айының 20-сы күнгі санында танымал ақын Жанна Елеусіздің бір топ өлеңдерін «Поэзия антологиясы» айдарымен жариялаған. Жанна — шығармашылығына қай тақырыпқа барса да не тікелей, не жанама түрде уақытты сөйлету тән болып келетін ақын. Ал уақыт болса тіке сөйлемейді, ол қалтарысы, бұралаңы, мәлімі, мәлімсізі көп қырлы әлем — өзіне сәйкесті сөзге ғана иліксе керек. Ақынның біз білген жалпы шығармашылығы, әсіресе әлгі аталған өлеңдер топтамасы оны нақ осы қырынан танытады деп ойлаймын. Жалпыға бірдей түсінікті бола бермейтін уақыт дейтін күрделі категориямен сөйлесу үшін де, сөйлету үшін де қашанда әр суреткер өз тәсілін іздеген. Оның үстіне Абай айтқандай: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» — ұдайы өзгерістердің де сыңайын танып, сырын ашу керек болады. Сондықтан адамзаттың көркемөнер тарихынан жақсы мәлім, әйгілі шеберлер өзі ұғынып, қабылдаған өзгерістерді өзі түсіну үшін де, өзгені түсіндіру үшін де әр түрлі ағымдарға барғаны белгілі.

Солардың бірі — көркемдік әлемінде: әдебиетте, поэзияда, суретте, сәулетте, жалпы өнерде жиырмасыншы ғасырдың бас жағында пайда болған авангардизм ағымы. Осы ағым, шамамен, елуінші жылдарға дейін үстемдік етіп, көркемдік әлеміне кубизм, футуризм, экспрессионизм, дадаизм, сюрреализм, т.б. секілді түрлерімен қаулап шықты. Олардың басында адамзаттың көркемдік әлемін өрістетуге өлшеусіз зор үлес қосқан атақты шеберлер тұрғаны белгілі.

Әлгі айтылғандай, «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» — авангардизмнің де бастапқы негізгі түрлері мен мағыналары өзгерді, алайда оның ойды тұспалдап, астарлап жеткізу тәсілі қалып, өзгерген жаңа жағдайға сәйкестене жалғасты. Бұл Жанна ақынның өлеңдерінен де анық байқалады. Сөздік қорымызда «таным», «түйсік» деген терминдер бар, екеуі де әсіресе поэтикалық ұғымдарға тән. Осы екеудің «танымы» — философиялық категорияға жатса, екіншісі — «түйсігі» — метафизиканың әдісінде. Танымға жетудің әдіс, тәсілдері көп, мысалы, таңата гүл бұтаға қонып алып сайраған бұлбұлды баршаға түсінікті өлеңге айналдыру үшін көп ізденістің қажеті шамалы — ақындық бейім болса жетіп жатыр; мұндағы шекаралар шектеулі. Ал енді түйсікті баяндау үшін үйреншікті шекарадан шығу керек, себебі түйсікте нақтылық деген жоқ, айтқан сайын алып қаша беретін мазасыз ой ғана бар. Әлгі өлеңдердің авангардизм ағымымен туыстасуы, бір ойдың ұзақ тарқатылуы осыдан. Үш өлеңнің «Келді адалы: кетті – ұзақ тұрмады» деп аталған біріншісінің әр жолы «келді» сөзінен басталып, солай «келді, келдімен» жалғаса береді. Келіп жатқандар: адуындар, пысықтар, сызылғандар мен сырғақтар… қаптап, шулап келіп жатыр. Олар келіп тұрақтады, тек соңғы жолдарда ғана «келген ақкөңіл құрбан болып кетті, адалы — ұзақ тұрмады». Бұл екеу ғана тұрақ таппады. Келгендер келіп жатыр, кеткендер әлгідей екеу ғана. Сосын ақын өлеңін:

…жерді қазып, жүйріктей желген көп.

Аспандық жыр!…

Тек сол жерге келген жоқ.

Енді қанша жылға жетпес, жетер деп:

Аспаныма тағы жалғыз кетем мен, —

деп аяқтайды. Поэзияның танымдық түрлерімен ғана таныс оқырманға бұл өлеңді түсіну жеңіл болмауы әбден мүмкін. Мұндағы идея терең, ол табанында не барының бәрі көрініп жататын тайыз, мөлдір су емес, түбіндегілері байқала бермейтін тереңдік. Өнердегі терең туындыларға да осы тән — не айтпағын, нені меңзегенін тікелей ашпай, пайымдаудың аясынан іздетеді. Жоғарыда айтылғандай, әр жолы «келдімен» басталып, келгендердің бәрі де адамдыққа, моральға жат мінезділер екені тізбектеле баяндалған өлеңнің алғашқы жолы да «келді» сөзімен басталған, алайда бұл сөздің алдына соншалықты құбыжықтардың қайдан, қалай пайда болғанын айқындауға тиіс себеп танымдық емес, түйсік арқылы табылуы мүмкіндіктен «келділер» алдына үш нүкте қойылып, жол әріппен жазылған. Жер үздіксіз келіп жатқан «айлакерлермен» талайларды шулатқандармен, адуындармен, пысықтармен…» толып барады, «тек сол жерге Аспандық жыр келмегені» ойландырады, бұл сонда не болғаны, әлде ақынның айтпағы техникаға тұтқындалған мына заманда адамды адам еткен рух кетіп, орнына құбыжықтар қаптап келеді деу ме? Әлде… Уақыт озған сайын өмір жақсара келді, қоғам жаңара түсті. Осы жағдайда капитализм де қапталдаса жарысып, адам шіркіннің кісілік келбетіне көлеңке салуы да рас. Сөйтіп, ол жүйе қалайда көп ақша табудың, қайткенде де материалдық молшылыққа жетудің амалдарын іздеттірді. Капитализмнің адамгершілік нормаларынан аттап өтетін көп келеңсіздіктерінің бірі осылар. Немістік-америкалық психолог және әлеуметтанушы ғалым, неофридизмнің өкілі Эрих Фромм (1900-1980) осыны ескерген болуға керек, кезінде: «Адамзат 19-ғасырдың ортасынан бері есалаңдықпен келеді… Экономика ғана мақсат болғанда «қоғам азады» деп еді. Э.Фромның бұлай деуіне «сірә, сол капитал билеген дүниеден үдеп «келетін» тек әйтеуір тойымсыз тұтынушылық тән, айнала жалғандықтан, зерігушілік пен бұзақылықтан құрдымға бағыт алған тіршілік себеп болса керек. Осылар сосын өмірге Гойялық құбыжықтар болып қаптайды.

Мен Жанна Елеусіздің өлеңдерін осы тұрғыда қабылдаймын.

Қазақтың поэзия кеңістігінде әсем өлеңдер аз емес: интеллектуалдық дейтін де, көркемдігі, нәзіктігімен баурайтын жанға соншалықты жылы жолдар, техникалық орындалуы жағынан мүлтіксіз өлеңдер көп, солармен бірге ара-тұра идеясы терең поэтика да кездесіп қалады. Алайда, осы соңғының алдынғылардан өзгешілігі – жасырын мағынаға құрылуынан түсінуді ауырлатады. Жанна Елеусіз шығармашылығының табиғатына тән ерекшелігі осында. Аталған өлең шынында да атақты кескіндемеші испаниялық Франсиско Гойяны (1746-1828) еске салады. Әйгілі шебердің елдегі моральдық, саяси және рухани келеңсіздіктерді кескіндеу мақсатында жазған «Капричос» атаулы офорттар сериясындағы «Ақыл-ес ұйқыға кеткенде, құбыжықтар өріп шығады» туындысы екі ғасырдан кейін Жанна шығармашылығымен үндескендей: мұнда да әлгі айтылғандай, келгеннің бәрі келеңсіздіктер. Өлең сөздері құрылымының архитектоникасы, идиостилі — өзіндік ерекшелік сөз тілінің мағыналық жағын күрделі ете түседі: кейбірін түсінетін де секілдісің, кейбірін тұспалдайсың. Себебі өлеңдерінің өн бойы көркем тілді қиыстырудағы батыл жаңалықтар арқылы гротескі, аллегория, астарлылық орамдармен өрнектелген. Мысалы, «Өмір сүр» деп аталған екінші өлеңіндегі:

…іздеме ойды

Іледі ол жыртық жеріңнен!..

Кетеді сосын өзінше тоқып жаныңды.

Былай да Тағдыр қаламын ұстап желінген

Тауысар болат малумен күнде —

Қаныңды…

деген жолдар таныммен емес, түйсікпен сезіндіретін сөздер.

Жаннаның осы топтағы үшінші өлеңіндегі:

Ақын:

-Қоғам! Ортам! … дейді

Мен шошыдым ақыннан…

Айдалаға қашқан шынар —

Талдар шымшып, тастар сынар.

Аспан шығар – менің Елім?

Менің елім – Аспан шығар…

деген жолдарды да түсіну үшін түйсік керек. Түйсік метафизиканың тереңдігіне тартады. Ақын, әрине, шынайы ақын өлең арқылы өзін айтады, өзін танытады. Ақын мамандық емес, кәсіп те емес, ол – бұйырым. Ақын, драматург Нобель сыйлығының лауреаты Томас Элиоттың «Пьесаны көрермен үшін жазады, өлеңді ақын өзі үшін жазады» деуі осыдан. Себебі ақын туындысы арқылы өз әлемін жасайды. Жаннаның бір өлеңінде: «Билік пен байлық мәңгі емес, Биіктігімнен айырма!» деген жолдар бар. Сөз жоқ, ақын тек биікте емес, биіктен биікке өрлеумен келеді.

Идош АСҚАР.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*