Басты бет » Жаңалықтар » Әлеуметтік мекемелер мен жолдардың құрылысы қатаң бақылауда болады

Әлеуметтік мекемелер мен жолдардың құрылысы қатаң бақылауда болады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен жиында облыс аумағындағы автокөлік жолдары мен әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды салу жайы сөз болды. 

«Жыл аяқталуға таяу және біздің алдымызда Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындау, бюджеттен бөлінген қаражатты, соның ішінде автокөлік жолдары мен әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды салуға бөлінген қаржыны игеру міндеті тұр»,— деп атап өтті облыс әкімі мемлекеттік органдардың өкілдері мен мердігер құрылыс ұйымдарының басшылары қатысқан жиында.

Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша, мектеп, медицина мекемелері, инженерлік, коммуникациялық желілер, т.б. құрылысы үшін 56,5 млрд теңге қаражат тартылмақ. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, он айда 35,5 млрд теңгеден астам немесе есепті кезеңнің жоспарына 95,5 пайыз қаражат игерілген.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынының өсуі Ақтөбе қаласында ғана емес, облыстың барлық аудандарында да белгіленген: осы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 495 мың шаршы метр аумақ пайдалануға берілді. Осы мерзімде жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарына 652,7 шақырым электр, газ, су, жылу және кәріз желілері өткізілді», — деп хабарлады С.Төленбергенов.

Мектеп пен медицина мекемелерінің құрылысы айтарлықтай жанданған.

Биыл облыста барлығы 14 040 оқушыға арналған 31 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың бірнешеуі пайдалануға берілді. 7 мектеп жыл соңына дейін оқушыларды қабылдаса, қалған 17 мектеп 2018 жылы салынып болады.

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған мекемелерді есептемегенде, 11 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр, олардың ішінде облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен облыстық перинатальды орталық сынды ірі мекемелер бар.

Серік Төленбергенов, сондай-ақ, мәдениет және спорт ғимараттарының құрылысы туралы есеп берді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс жұмыстары кестесінің орындалуын күнделікті қатаң бақылауды, бөлінген қаражатты игеруге және құрылыстардың пайдалануға берілуіне байланысты барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Осындай тапсырма жиында көлік инфрақұрылымының дамуы туралы есеп берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевке де берілді.

Биылғы жылы автокөлік жолдарын салу, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі 30 пайызға өсіп, 12 млрд теңгені құрады.

Аязбай Османғалиевтің айтуынша, жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр, айтарлықтай кешеуілдеу байқалмайды.

Сонымен бірге, облыс басшысы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ауданындағы Ақтөбеден шығаберістегі жол өтпесінің құрылыс қарқынын ұлғайту қажеттігіне назар аударды. Оның құрылысына «КТП» ЖШС қатыстырылған.

Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, жол құрылысының сапасына аса мән беруді және мердігер ұйымдарға жергілікті өндірушілердің құм, қиыршық тас, т.б. құрылыс материалдарын ұсынуды, жол құрылысына жаңа технологияларды іздеу мен қолдануды тапсырды.

Жиын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ғимараттарының құрылыс барысын талқылаумен аяқталды. «Ақтөбе облысының МЖС өңірлік орталығы» ЖШС басшысы Райса Келмұхамбетованың баяндамасын тыңдаған облыс әкімі  аудандардағы құрылыс жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*