Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа жылға дейін азық-түліктің бағасы өспейді

Жаңа жылға дейін азық-түліктің бағасы өспейді

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен Ақтөбе қаласы бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты жиын өтті.

Жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Рузия Айдашева атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне баға өспеген және республикалық көрсеткіштен төмен. Оның ішінде сүт пен айранның ғана бағасы өскен. Жалпы, республикалық көрсеткішпен салыстырғанда облыста азық-түліктің бағасы төмен. Бағаны тұрақтандыру бойынша супермаркеттер мен сауда орындарына мониторинг жүргізіліп отырады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке — 10 пайыздан, көкөніске 15 пайыздан артық үстемеақы қоспау жөнінде бөлшек сауда орындарымен меморандумға қол қойылған. Мәселен, қазіргі күні «Рамазан» мен «Ақтөбе нан» комбинаттары бір бөлке нанның бағасын 71-73 теңге аралығында сатса, сатып алушы оған 1 теңге немесе 1,4 пайыздан артық  үстемеақы қоспайды. Өлшеп сататын макарон өнімі — рожкидің келісі «Дина» супермаркетінде 153 теңгеден сатылып жатса, ал оның негізгі бағасы — 139 теңге. Сондай-ақ қалаға белгілі екі супермаркетте қарақұмықтың бағасы 167 теңгеден, қант 167 теңгеден сатылып жатыр. Жұмыртқа — 225, «Лето» күнбағыс майы — 363, құс еті 650 теңгеден саудаға шығуда. Супермаркеттер бұл тауарларға 10 пайыздан артық үстемеақы қосып отырған жоқ. Қала әкімінің орынбасары «Нұр Ақтөбе» және «Шанхай» аудандарында «Анвар» супермаркетінің желісі ашылғанын айтты. Бұл да халықты арзан өніммен қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізбек. Себебі ақтөбеліктердің 80 пайызы азық-түлікті «Анвар» мен «Дина» супермаркеттерінен алады.

Қала тұрғындарына арзан өнімді ұсыну мақсатында биыл 95 жәрмеңке өткен. Онда 428,9 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері сатылған. Сондай-ақ биыл жәрмеңкені өткізу аумағы кеңейіпті. «Нұр Ақтөбе», «Жилгородок», «Алтай», «Аида», «Достан» сауда орталықтары мен 12-шағын аудан және Орталық стадион аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырылған.

Рузия Айдашеваның баяндамасын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары базар бағасына қатысты пікірін айтты.

— Сенбі күні жәрмеңкеден кейін қаладағы барлық базарды аралап шықтым. Оның ішінде Орталық және «Жилгородок» базарларында сатылып жатқан азық-түліктің бағасын ешкім қадағалап отырған жоқ. Мәселен, осы екі базар мен «Анвар» супермаркетінде еттің бағасы 1600-1800 теңгеден сатылып жатыр. Сонда меморандумның нәтижесі қайда? Сіздер бағаны еркіне жіберіп қойдыңыздар. Неге бұлар бағаны соншама өсіреді? Баға тек қана коммуналдық базарларға ғана қатысты емес. Бұл сауда орындарынан азық алатын — Ақтөбенің халқы. Халық болмаса олардың саудасы кімге керек? Сондықтан әрбір базардағы бағаны реттеу керек. Жәрмеңке ұйымдастырылатынын айттыңыз, ол бір күн болады. Ал  қалған алты күнде халық азықты басқа бағамен алады.  Мәселен, қант көтерме базарда 160 теңгеден сатылып жатыр. Ал орталықтағы базарда қымбат. Неге қантты көтерме базар бағасымен саудаға шығармаймыз?  Қажет болса, сауда орындарынан орын алып берейік. Неге олар тек қана Орталық базарда сатып отыр? — деген Мавр Абдуллин жиналғандарға бағаны негізсіз өсірмеу керектігін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары әсіресе бағаның өсуіне себепші болып отырған  екі ортадағы делдалдар мәселесін ретке келтіру керектігін тапсырды. Тиісті орындарға бағаға қатысты  бақылауды күшейту керектігін ескертті. Жиналған сауда орталықтарының өкілдеріне  қатаң ескерту жасады.

Жаңа жылға дейін «Анвар» мен «Дина» супермаркеттері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге 5 пайыздан артық үстемеақы қоспайды. Сондай-ақ 41-разъездегі көтерме сауда орталығының басшысына да бағаны өсірмеуді қатаң ескертті. Қаладағы барлық базарлар келер жылға дейін азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұрады. Әсіресе, мереке қарсаңында бағаның өспеуін жиі қадағалап тұруды  қалалық әкімдікке жүктеді.

Жиында облыстық статистика басқармасы  басшысының орынбасары Ұлжан Таханқызы да бағаға қатысты пікірін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*