Басты бет » Жаңалықтар » Алдымен халықтың жағдайы алаңдатуы керек

Алдымен халықтың жағдайы алаңдатуы керек

Облыстық мәслихаттың депутаттары Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа, Үкіметке хат жолдап, экономистер мен Үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құруды ұсынбақшы. Депутаттар тарифтердің жаппай өсуі мен табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің қызметіне көңілі толмайды. Департаменттегілердің айтар өз уәжі бар.

Бір қарағанда, екі тараптың да ұстанған бағыты дұрыс болып көрінеді. Бірақ депутаттар Үкіметтегілер монополистердің емес, алдымен қарапайым халықтың мүддесін қорғауы тиіс деген пікірде.

Мәселенің туындауына газға қатысты түйткіл себеп болды. Тарқатып айтсақ, жергілікті өнімге бағаның қымбаттауы, артынша бұның коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуіне әсер етуі депутаттардың ашуына тиді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ келер жылға тарифті 82,6 пайызға өсіру туралы сұранысты жолдаған болатын. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнұр Масина хабарлады.

— Біз «Ақтөбе ТЭЦ»-тің 6,4 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасын мақұлдадық. Соған сай, бүгін тарифтердің өсуі қаралатын болады. Алдын ала болжамдарға сай, акционерлік қоғамның тарифі 1 желтоқсаннан бастап 51 пайызға өседі. Бұл, әрине, «Трансэнерго» акционерлік қоғамының тарифінің көтерілуіне де себепші болады, — деді Гүлнұр Масина.

Бұл ақпарат жиналғандардың қарсылығын тудырды. Көпшілік тыңдауға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуаныш Елубаев, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің, қалалық бөлімдердің басшылары, облыстағы табиғи монополия субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан болатын.

Көптеген депутаттардың пікірінше, тарифтердің бұлай бірден өсуі елдің әлеуметтік жағдайына ғана емес, кәсіпкерліктің дамуына да кері әсер етеді.

— Бұл жағдаймен келісуге болмайды. Монополистер  шағын және орта бизнестің құрдымға кетуіне себепші болады. Олардың тарифтерге қатысты ұстанған саясаты бизнестің тұралауына әкеліп соқтырады.

Біздің әрқайсысымыз өздеріміздің сайлаушыларымызбен кездескенде, олардың қоятын сауалы бірдей: «Неліктен жарық пен газдың бағасы тым қымбат? Біз қалай жұмыс істейміз?». Және әрдайым монополистердің мүддесін табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаменті қорғап шығады. Неліктен мемлекеттік орган олардың сұранысын орындайды?

Егер ТЭЦ өзінің инвестбағдарламасын іске асырғысы келсе, онда мемлекет өзінің халқы үшін тарифтерді субсидиялаудың басқа көздерін тапсын. Бірақ кәсіпкерлердің, халықтың соңғы ақшасына көз салудың қажеті жоқ,  — деді депутат Асқар Садықов.

— Біз тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермейміз. Бәрі заң аясында жүргізіледі. Осы жылдың 1 қарашасынан «Трансэнерго» акционерлік қоғамының тарифі өсті. Өйткені жаз айларында газ қымбаттады. «Ақтөбе ТЭЦ» акцонерлік қоғамы да бізге өз сұранысын жолдады. Біз газдың бағасына қарай оларға жаңа тарифті белгіледік. Сөйте тұра, халық үшін, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін тарифтер осы  жылы көтерілген жоқ. Біз бұны бюджеттік мекемелердің мойнына арттық, — деді табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнұр Масина.

Ақтөбе облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуаныш Елубаев,  депутаттар Дмитрий Довматенко, Сергей Вишняк, Апуажан Төлегенова, Марат Итеғұлов, т.б. аталған жағдайға қатысты пікірлерін білдірді.

— Сіздер тарифтердің ұзақ мерзімге дейін өспеуін қамтамасыз етеміз дейсіздер. Бірақ іске келгенде монополистер жыл сайын, бекітілген жоспарға өзгеріс енгізе отырып, тарифтерді қымбаттады. Бұл қалай? — деді Дмитрий Довматенко.

Белгілі болғандай, бұған халықаралық қаржы институттарының салған қаржысының қайтарылуы мен газ бағасының қымбаттауы әсер етеді екен.

— Монополистер біздің банкке хабарлассын. Біз оларды 13 пайызбен қаржыландырамыз, — деп өз ұсынысын ортаға салды Апуажан Төлегенова.

Асқар Садықов газ өндірілетін Ақтөбеде бағаның басқа аймақтармен салыстырғанда төмен болуы тиіс екенін айта келе, тарифтердің еліміз бойынша бірдей боп тұрғанына күйінді.

— Бұның бәрі әлеуметтік жағдайға әсер ететінін жақсы түсінеміз. Бірақ бұл Энергетика министрлігімен шешіледі. Мысалға айтатын болсақ, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында тауарлы газға бағаның өсуі тіркелген жоқ. Бұған байланысты облыстық әкімдік жұмыс істеуі керек, — деп атап өтті Гүлнұр Масина.

Қоғамдық тыңдауда әлі күнге шешілмеген мәселелер де айтылды. Қараусыз жатқан электржелілері, жалпы үйдегі жылуды есептейтін қондырғылардың нақты кімге берілетіні   әлі де өзекті мәселелердің қатарында.

— Шамамен елу пайыз қараусыз жатқан электржелілері қаланың балансында екен. Бұған қатысты механизм әлі жоқ. Есептеуіш қондырғылар жергілікті бюджеттің есебінен  орнатылуы тиіс, бірақ біз оны жасай алмаймыз. Нәтижесінде 1500 көп қабатты үйдің тек 53 пайызы ғана есептеуіш қондырғыларын орнатқан. Олар тек 30 пайызды үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді Ілияс Испанов.

Қала әкімі өз сөзінде депутаттарды қолдап, монополистердің қосымша қаржы көзін тарифтерді өсіру арқылы емес, басқа жолдар арқылы табуы керектігін атап өтті.

— Департамент монополистердің емес, біздің құқығымызды қорғауы керек. Облыстық мәслихаттың мүмкіндігі мол, жұмыс тобын құрып, жылына тыңдауларды жиі өткізіп тұрған дұрыс.

Барлық сала мамандарын, депутаттарды, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін бұған жұмылдырып, тарифтердің өсуіне қатысты тыңдауларды өткізу керек, — деп қорытындылады жиынды Сәния Қалдығұлова.

Ләззат ЕГІБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*