Басты бет » Жаңалықтар » Архив ісі дағдарысты бастан кешіп отыр

Архив ісі дағдарысты бастан кешіп отыр

Семинар

Облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Архив ісінің  өзекті мәселелері мен даму перспективалары» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Семинарға барлық аудандардан архив меңгерушілері қатысты.

Семинарға қатысушылар алдымен  «Аргентум» сканер құрылғысымен танысты. Аталған сканер станциясы қараша айында облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен сатып алынған. Қуаттылығы орташа қондырғының құны — 3 миллион 700 мың теңге. Бір минутта А3 форматтағы 12 бетті сканерден өткізеді. Облыстық архивтің директоры Марат Төлебайдың айтуынша, бір жылда екі миллионға жуық бетті  сканерлеруге болады. Аталған сканер станциясының пайдасы көп. Мәселен, құжаттар 100 жылдан кейін сыртқы факторлардың әсерінен түпнұсқалығын жояды. Ал оларды сканерлеп, түпнұсқаны сақтауға болады.

— Бұл аппаратқа ұзақ уақыттан кейін қол жеткізіп отырмыз. Себебі электронды цифрлы нұсқаға көшу — заман талабы. Бұндай сканер станциясы тек біздің мекемеге ғана емес, барлық аудандарға да қажет. Елбасымыз өз Жолдауында цифрлы технологияға көшуді тапсырды. Архивтер де осы жүйеге көшуі тиіс. Электронды құжаттардың бірыңғай айналым жүйесіне енсек, архив материалдары қолжетімді бола түседі. Өзге елде отырып-ақ біздің архивтегі материалдарға сұраныс жіберуге болады, — деді архив директоры.

Семинарда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шаруаларға тоқталды. Облыстық архивтің директоры Марат Төлебай архив саласындағы түйткілдерді айтты.

— Қазіргі таңда облыс архивінде орасан зор әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени құжаттар жинақталған. Жалпылама айтсақ, бір жарым миллионға жуық сақтау бірлігі бар. Біздің мақсатымыз — архив құжаттарын сақтау, қоғам мен мемлекет мүддесі үшін  пайдалануды жан-жақты қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, архив саласы көптеген өзекті мәселелердің шешілмеуіне байланысты дағдарысты бастан кешіріп отыр. Басты мәселе —  әкімшілік нормативтік- құқық, архив ісін ақпараттандыру, архивтердің сақталуын қамтамасыз ету, олардың толықтырылуы. Архив ғылымы және мамандарды дарялау ісі жолға қойылмаған. Қазіргі заманғы мемлекеттік басқару жүйесіндегі архив саласының мәртебесі мен орны, оның алдында  тұрған міндеттер мен функцияларды жүзеге асыруға сәйкес келмейді. Дағдарысқа алып келген басты себеп —  архив орындарының басқарушылық функцияларының мәнін жете бағаламау, оны кітапхана, музей ісімен теңестіру. Шын мәнінде архив орындары мүлдем басқа салааралық міндеттерді атқарады. Олар — елдің, ұлттың қауіпсіздігі, биліктіктің жоғары және жергілікті орындарын маңызды құжаттармен қамтамасыз ету, азаматтар мен мекемелердің құқықтық мәртебесін қалпына келтіру және растау, іс жүргізу мәселесінде әдістемелік жетекшілік ету. Мекемелердегі ведомоствоаралық архивтердегі құжаттардың сақталуын қадағалау, тархи мұраны пайдалануды, насихаттауды ұйымдастыру жұмыстары да архив қызметкерлерінің міндеті. Жалпы архив саласын басқарудың біртұтас жүйесі бұзылған. Республикалық, облыстық архивтердің байланысы нашар. Архивтерді қаржыландыру, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету төмен. Мәселен, архив қызметкерлерінің негізгі жұмысы — архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз етіп, толықтыру. Бүгінгі күні облыстық архивтің қоймаларында құжаттарды сақтайтын орын тапшы. Соның салдарынан мекемелерден құжаттарды қабылдай алмай отырмыз, — деді архив директоры.

Оның айтуынша, 2000-2016 жылдар аралығында  Қазақстанда небәрі 4 архив ғимараты пайдалануға берілген. Оның бірі Астана  қаласындағы ұлттық архив ғимараты болса, екеуі — Алматы мен Шымкент қалаларындағы қалалық архив, соңғысы Маңғыстау облыстық архиві екен. Осыдан-ақ бұл салаға деген көзқарасты байқауға болады. Бұл ретте Марат Төлебай архив қоймаларын салу жөніндегі республикалық бағдарламаның қажет екенін айтты. Сондай-ақ аудандардағы архивтердің де жағдайы мәз емес. Материалдық-техникалық жабдықтардың жоқтығынан аса құнды құжаттардың қорын құру ісі кешеуілдеп, құжаттарды қалпына келтіру ісі жүргізілмей отыр. Қоймалар қолайлы температураны жасайтын желдеткіштер және автоматтандырылған өрт сөндіру жүйесімен жабдықталмаған. Архив саласындағы тағы бір өзекті мәселе —  архив ғылымы және маман дарялау. Бұл салада ғылыми зерттеу ісі алға жылжымай келеді.

— Архив ісі мәселелері бойынша кәсіби түрде ғылыми ізденістер жүргізуге қабілетті дайын мамандар жоққа тән. Жоғары және орта оқу орындарында құжаттану және архив ісі  бойынша оқитын студенттердің саны барған сайын қысқаруда. Төмен жалақы мұрағатшы мамандығының мәртебесін өсірер емес. Соның салдарынан мемлекеттік архивтердегі дипломы бар архив мамандарының  деңгейі төмен, — деді Марат Төлебай.

Сондай-ақ семинарда ақпаратты технология, электронды архивтерді дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша проблемалар ортаға салынды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*