Басты бет » Әлеумет » Ғалым биігі

Ғалым биігі

Көрнекті ғалым, Қазақстандағы шығыстану мен дінтану ғылымдарын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Әбсаттар қажы Дербісәлінің өнегелі тұлғасы талай жастың жүрегіне жылылық нұрын сеуіп, болашағына жол нұсқап келеді.

Ғалымның зерттеу еңбектерінің бірнеше арнасы бар. Алғашқысы — шығыс әдебиеті мен мәдениеті. Қазақстандағы шығыстану факультетінің негізін қалаған ғалым білім беруді ұдайы ғылыммен ұштастырып келеді. Ұстаздық, ұйымдастырушылық, мемлекеттік қызметтерді ұштастыра жүріп, ол шетелдік кітапханалар мен мұрағаттардағы зерттеулер мен құжаттарды тірнектеп жинап, ғылыми дәлелдермен тұжырымдап, жұртшылық назарына ұсынды. Зерделі зерттеулер нәтижесінде араб әдебиеттануы саласында «Араб әдебиеті. Классикалық дәуір»«Арабоязычная литература Марокко. Основные этапы развития» секілді салмақты еңбектер мен орта мектептерге және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған  оқулықтаржарық көрді. Филология ғылымдарының докторы Ә.Дербісәлінің еңбектері Марокко әдебиетінің тарихын егжей-тегжейлі зерттеп, кезеңдерге бөліп қарастырып, көрнекті өкілдерінің танымал туындыларын талдағанымен құнды.

VIII  ғасырдың І жартысында  арабтар Солтүстік Африка жерлері мен Пиреней түбегін қамтитын Мағрибті жаулап алды. Бұл жерде арабтар бербер тайпаларының жанкешті қарсылығына  кездесті. Жеңіліс тапқан берберлердің бір бөлігі Ислам дінін қабылдап, кейін арабтармен бірігіп, бербер көсемі Тариқ ибн Зийадтың қолбасшылығымен Африка мен Еуропа  арасындағы бұғазды басып өтіп, оған мұсылман көсемнің құрметіне Гибралтар атауын беріп, Испанияны жаулап алады. Сөйтіп, арабтар мәуелі Андалусия жазығында Шығыс халифтерінен тәуелсіз мықты  империя құрды. Осы сипатта Мағриб елдерінің тарихын әріден қозғай келіп, шығыстанушы ғалым Андалусиядан Марракешке келген ақындар мен ғалымдардың әлморавидтер мен әлмохадтар дәуіріндегі шығармашылықтың дамуына ықпал еткенін айтады.

Марокконың төл әдебиетінің қалыптасуы ХІ ғасырдың соңы мен ХІІ ғасырдың басында басталды. Ал ХІІІ ғасырда мұнда танымал жазушылар мен ақындар пайда болды. Ә.Дербісәлі Марокконың араб тілді әдебиетін жан-жақты зерттей келіп, әдебиет жанрларына тоқталады. Мағрибтегі араб әдебиетінің тарихы мен тоериясына арналған, сонау 80-жылдары жарық көрген бұл еңбектер қазір де маңызын жойған жоқ.

Дінтанушы ретінде Ә.Дербісәлі көптеген еңбектер жазды: «Исламжәне заман», «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» , «Қазақстанның мешіттері мен медреселері. ІХ-ХХ ғғ.», «Ислам — религия мира и созидания», «Қазақстанның діни оқу орындары», «Тәуелсіз Қазақстанның мешіттері мен діни оқу орындары», «Жұма мінбері», «Руханият және өркениет», т.б.Бұл бағыттағы еңбектері мен көптеген мақалалары бірнеше тілде жарық көрді.

«Дін, Отанды сүю және ынтымақ пен бірлік» атты мақаласында ғалым: «Ислам діні ақиқат пен парасаттылық,адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса,  «Отан» — сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс. Дін және діндарлар үшін де Отаннан артық, Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай  сақтау жүрекке жатталуы тиіс ұғымдар… Имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі— елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу де мұсылман баласы үшін қасиетті парыз саналады», — деп дінге бет бұрған жандар үші Отан ұғымының қадір-қасиетін түсіндіріп береді.

Сондай-ақ, барша мұсылмандар үшін қастерлі ұғымдарды баян етеді: «Ислам — қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауынамүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды,онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне қажыр-қайрат жұмсайды» —деп, иманы берік жандардың еліміздің егемендігін сақтау жолында болуы керектігін  көрсетеді.

Ғалым мектеп бағдарламаларына «имандылық сабақтарын»қосып, үлкенді сыйлау, өзгеге қиянат жасамау, жанындағыларға тек жақсылық істеу секілді биік моральдық құндылықтарды балғындардың бойына ерте бастан сіңіру қажеттігін алға тартады. Себебі: «Рухани жұтаңдық — қоғамды аздырып, тоздырар үлкен қайғы-қасірет. Мұндай қауіптің алдын алу қажет. Өйткені оның ұлттық қарым-қатынасқа тигізетін зардабы ауыр», — дейді. Бүгінгі күні орта мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында дінтану пәні оқытылады.

Әбсаттар қажы Дербісәлі араб тілінің жетік білгірі ретінде Египет, Марокко, Палестина, Тунис елдерінің көрнекті жазушыларының әңгімелері мен новеллаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынды. Бұл еңбегі, әсіресе, жоғары оқу орындарындағы студент жастардың игілігіне жарады.

Ғалым әрісі — араб, берісі ТМД елдері кітапханаларының қолжазба қорында сақталған жазба мұраларды зерттеп, аударып, қазақ жерінен шыққан ойшылдардың еңбектерін ыждағатпен түгендеп, нәтижесінде «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбекті жарыққа шығарды. Бұл осы саладағы ғалым ізденістерінің басы еді. Одан кейін Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Тарих-и-рашиди» еңбегін қазақ тіліне аудару ісіне үлес қосты, шағатай тіліндегі «Жаһан наме» дастанын тәржімалап, ғылыми айналымға енгізді. Хибатулла ат-Таразидің мұраларын араб тілінен аударып, «Хибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» атты еңбек жазды. Осылайша, өткен замандарда қазақ даласынан шыққан мәлім-беймәлім тұлғалардың мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныстыру ісіне өлшеусіз үлес қосты. Ғалым: «Түркілік дәуірді былай қойғанның өзінде, рухани жазба мұрамыздың тек ІХ ғасырдан бергі кезеңнің өзін зерттей берсек, тани білсек, шын мәнінде ұлан-ғайыр екенін көреміз. Біздің жерімізде Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Түркістан, Сығанақ, Жент, Баршынкент, Тараз, Меркі, Баласағұн іспетті бірнеше мәдени, ғылыми, әдеби, рухани орталықтар болды» — деп атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың үздіксіз жалғасуы керектігін мегзейді.

Профессор Ә.Дербісәлінің зерттеулерінің негізінде Х-ХҮІ ғасырларда Отырардан Әбу Насыр әл-Фарабиден басқа, Әбу Ибраһим Ысхақ әл-Фараби, Исмайыл әл-Жаухари әл-Фараби,Әбу-л-Қасым әл-Фараби, Махмуд әл-Фараби, Қауам әд-Дин әл-Итқани (Иқани), әл-Фараби ат-Түркістани, Бадр әд-Дин әл-Фараби, Исмайыл әл-Хұсайни әл-Фараби сынды ғалымдар шоғыры шыққаны дәлелденді. Бұл ойшылдар туған жерінің атауын өз ныспысы етіп көрсетсе, бірқатар танымал тұлғалар ру-тайпаларының атауын дүниежүзіне жария етті. Олардың қатарында он Кердери, екі Жалайыри, Балақ әл-Қыпшақи, Жармұхаммед Наймани, Молда Мұхаммед Адаий, Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімдері аталғанда, қасиет тұнған қазақ жерінің ежелден-ақ ілім-білімге құштар ұлыларға толы болғандығы бойымызға мақтанышсезімін ұялатады.

Түркі ойшылы А.Иүгінекидің «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» деген тұжырымы саналы ғұмырын ұстаздықпен, тынымсыз ізденіспен, ғылыммен, еліне, халқына қызмет етумен ұштастырып келе жатқан жылы жүректі, кең тынысты ғалым ағамыздың  нар тұлғасын аша түсері анық. Әр еңбегін келесі зерттеулерге негіз  ете жазатын ғалым Әбсаттар Дербісәліден білім алған мыңдаған шәкірттер ұстазының парасаттылығын, шарапаттылығын, кеңдігін, еңбекқорлығын  өміріне темірқазық етсе, қазақ халқы ғана емес, күллі түркі дүниесіне ортақ тұлғалар туралы ұстаздың әлі де зерттеуге ұсынатын тақырыптары сан салалы.

Мира БАЛТЫМОВА,

шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*