Басты бет » Басты жаңалықтар » Ерлік пен елдік

Ерлік пен елдік

Есет Көкіұлының 350 жылдығы облыста кеңінен аталып өтті

Тарихқа тағзым

Ұлы даламыздың айбынын асырған, жалпақ жердің иесі бар екенін білдіріп, сырттан көз алартқан жауға сес көрсеткен, бетін қайтарып, қалың елге қорған бола білген батырлар қатарында Есет Көкіұлы есімі ерекше аталады.

Егер тарихи деректерге сүйенсек, Есет Көкіұлы 1667 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Көкі де батыр болған, кезінде Салқам Жәңгірге көмекке барған Жалаңтөс Баһадүрдің жасағында жоңғарға қарсы күрескен адам. Оның лақап аты — Таймас батыр. Орбұлақ шайқасында шеп бұзып, жүректілігімен көзге түсіпті.

Есет 1722 жылдан бастап Жетіру тайпасынан құралған әскердің бас қолбасшысы міндетін атқарды. Әрі би, әрі батыр болған ол 1723-1726 жылдары Кіші жүз ханы Әбілқайырмен бірге еліміздің солтүстік-батысына шабуылдаған Еділ қалмақтарына қарсы күреседі. Сол шайқастарда ол Кіші жүздің азаматтарынан құралған ірі жасақты басқарған. Тәуке ханның тұсында да алғы шепте Кіші жүздің қолын бастап жүрді. Сонымен бірге ол Тәуке ханның батасын алған деседі.

Атақты Аңырақай шайқасында Кіші жүздің 20 мыңдық жасағын байрақ ұстап, бастап жүрген Есеттің ерлігін кейін жұртшылық аңыз етіп айтып жүрген.

Міне, осылайша даңқы жер жарған Есет батырдың туғанына  350 жылдық тойы Алға өңірінде дүбірлеп өтті.

Осы салтанатты шарада бас қосқан қонақтар ең алдымен Бестамақ биігіндегі батыр кесенесіне беттеді. Ең алдымен көзге түсетіні — кесенеге баратын жолдың жайлылығы. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрі кейінгі уақытта жасалған. Мәселен, Алға өңірінен шыққан кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Асхат Айтжанов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 8 миллион теңге қаржыға жолды жөндеген. Ол сондай-ақ мемориалдық кешен маңын көркейту үшін атқарылатын жұмыстарға деп 600 тонна қиыршық тас жеткізу міндетін мойнына алған.

Алға ауданы аумағындағы «Парижская Коммуна» серіктестігінің директоры Гайк Тертерян кесене маңайына отырғыштар орнатып, жиектастар мен төсеніштер төсеуді жүзеге асырыпты.

Елек өзені арқылы өтетін көпір жақтаулары жаңартылған. «Кроун Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асылбек Салжанов бұл шаруаға 1,5 миллион теңгеге демеушілік жасапты. Есет батыр мемориалдық кешені кіреберісіндегі кермелі аспа да алыстан көзге түсіп, айбынданып тұр. Кесене маңындағы қоршаулар, басқа да көріктендіру жұмыстарын Рахип Әзизов басқаратын «Бабек-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған.

Есет батырдың мәңгілік мекеніне жиылған жұрт аруаққа Құран бағыштады.

Баспалдақ арқылы жоғары көтеріліп, баба басына беттеген адам санында бұл күні есеп болған жоқ. Үлкен де, кіші де көтеріңкі көңіл күймен, аруаққа тағзым етуді ниет қылып, бір-біріне жақсылық тілеп, шуақты жүзбен амандасып жатты. Оларды біріктірген шынында да Есет баба жолы еді…

Ел назарындағы ескерткіш

Жолаушылары үзілмей өтіп жататын Ақтөбе-Астрахань тасжолы бойында орналасқан көрнекті монумент «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрлан Сағыналиннің демеушілігімен салынды. Бұл құрылымның құны — 32 миллион теңге. Ерекше назар аударатын монумент алаңына шырша көшеттері егілген.

Аталған монумент тұғырының биіктігі — 6 метр, ат үстіндегі батыр мүсінінің биіктігі — 5,5 метр. Көпшілік осы жиында ескерткіштің авторының ақтөбелік мүсінші Ерлан Пірімбетов екенін біліп, оған алғыс сезімін білдіріп жатты. Монументтің айналасы көріктендіріліп, осында келушілердің отырып-тұруына жағдай жасалған. Монументке баратын тасжол асфальтталған. Ескерткіш маңы жарықтандырылған.

Ескерткіш ашылуына байланысты салтанатқа жұртшылық көп жиналды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осында сөйлеген сөзінде «Қазақ халқында «Өткенсіз бүгін жоқ» деген мақал бар. Сондықтан біз Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бағдарламасына сәйкес тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғыртудамыз. Басты мақсат — жас ұрпақты халыққа деген сүйіспеншілікке, өз елінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге және қорғауға үйрету. Бұл ескерткіштің ашылуы — жастарға үлкен үлгі, өнеге», — деп атап көрсетті.

Осы шараға арнайы келген композитор, жазушы, публицист, музыка танушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановты көпшілік қуана қарсы алды. Өзін Есет батырдың ұрпағымын деп мақтан тұтатын ол өз шығармашылығында ел тәуелсіздігі, ел қорғаған батырлар бейнесі ерекше орын алатынын айта келіп, осындай шара ұйымдастырған халыққа ырза көңілін білдірді.

— Мен мынау іргелес мекен — Ақкемерде ұзақ жыл мал бақтым. Сол кездің өзінде Есет бабамызды пір тұтып, ел ішінде есімін ардақтап айтатынбыз. Тәуелсіздігімізбен бірге қайта оянғандай болдық. Мынау ескерткіштің орнатылғанына қуаныштымыз. Ұзын жолдың жолаушылары тоқтап өтуге қолайлы жағдай жасалды, — деп сексен жастағы ақсақал Бимұханбет Мұқанбетәлин ырзашылығын білдірді көпшілік ортасынан.

Алыс-жақыннан ат арытып жеткен ағайынға ас берілді, аламан бәйге, жорға жарыс өткізілді. Бәйге жеңімпаздарына тайлақты інген, құлынды бие ұсынылды.

Ескерткіштің ашылу салтанаты барысында ән айтылып, күй тартылды. Ауыл шетіне құрылған этноауыл сахнасында «Дала сазы» — облыстағы шығармашылық ұжымдарының мерекелік гала-концерті ұйымдастырылды. Осында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен композитор Ілия Жақанов жеңімпаздарға жүлделерін тапсырды.

Мерейтой ауылдық мәдениет үйіндегі «Ер есімі — ел есінде» атты Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымының мерекелік концертімен аяқталды.

Екі құрылыс — ел игілігіне

Бұл күні Бестамақ ауылында екі әлеуметтік құрылыстың пайдалануға берілу рәсімі аталып өтті. Оның біріншісі — дәрігерлік амбулатория. Бұл құрылыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында салыныпты.

«Қаз Адал құрылыс» компаниясының басшысы, жеке кәсіпкер Бектемір Есенов елге қажетті осы шаруаны қолға алып, тиянақтап тындырған. Аталған  дәрігерлік амбулатория күніне 50 адамды қабылдай алады. Бұл жоба құны 73 миллион теңгеге бағаланыпты. Жалпы аумағы 494 шаршы метр болатын ғимаратта сырқаттарды қабылдап, оларға қызмет көрсетуге толық мүмкіндік бар.

— Мен осында 1996 жылдан бері еңбек етіп келемін. Ауылда типтік үлгідегі медициналық пункт болған жоқ. Халыққа дәрігерлік көмек көрсету барысында қиындықтар болды. Енді Есет бабаның 350 жылдығына орайластырып ел игілігіне ұсынылып жатқан жұмыстарға ризамыз, — деді медицина қызметкері Рысхан Балымбетов.

Жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратын аралап көрген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне қызметтерінде табыс тіледі.

320 орындық Мәдениет үйі де бұл күні жұртшылыққа есігін кеңінен ашты. Жеке кәсіпкер Серік Үмбетқалиев бұрын өз меншігінде болған бұл ғимаратты мемлекетке қайтарыпты. Содан кейін оған күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 106 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «Кварцспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырыпты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа Мәдениеті үйін аралап көріп, осындағы кітапхана жұмысымен танысты. Жұртшылықпен кездесу барысында батыр баба тойымен құттықтап, ізгі тілегін айтты.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Алға ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*