Басты бет » Жаңалықтар » Дзюдодан ел чемпионаты: 500-ге жуық палуанның қайраты

Дзюдодан ел чемпионаты: 500-ге жуық палуанның қайраты

Өткен жұма күні Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, жер-жерден келген жаттықтырушылар мен спортшылар, спорт сүйер қауым қатысты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, дүбірлі додада еліміздің 14 облысынан барлығы 500-ге жуық дзюдошы өзара бақ сынасуда. Олардың қатарында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Рустам Ибраев, әйелдер ұлттық құрамасы сапындағы Рио Олимпиадасының және Әлем чемпионатының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгтер бар. Ал Әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов, Әлем чемпионы Максим Раковтар жарақаттарына байланысты жарыстан босатылған.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Спорт тек адам үшін ғана емес, ол мемлекетке де керек. Осы спорт арқылы өзгелер Қазақстанның бар екенін біледі. Сондықтан біз спортты әрқашан қолдаймыз. Ел чемпионаты өтіп жатқан осы спорт сарайын біз осындай жарыстарды өткізу үшін арнайы салдық. Өз тарапымыздан бізді қолдаған федерацияға, Олимпиада комитетіне рахметімізді айтамыз. Біз осындай шараларды өткізуге әрқашан қуаныштымыз. Қазақтың атын шығаратын спортшылар көп болсын! Барлығыңызға жақсылық тілейміз! — деп ізгі тілегін жеткізді.

Жиында, сондай-ақ, ҚР Дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков сөз алып, бәсекенің маңыздылығына тоқталды.

Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында Ақтөбе өңірінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өткен болатын.  Мінекей, араға бірнеше ай салып, Ақтөбе өңіріне қайта келіп отырмыз. Бір жылдың ішінде дзюдодан бір емес, үш бірдей маңызды халықаралық және республикалық жарыстар Ақтөбе қаласында өтіп отыр.  Бүгінгі шараның да ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде екенін айтқым келеді.  Сол үшін облыс басшылығына үлкен ризашылығымызды білдіреміз, — деді ол.

Ал Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов Ақтөбе облысына татамиді сыйға тартты.

Жарыстың алғашқы нәтижелеріне келсек, ерлер мен әйелдер арасында 48 келі салмақта оңүстікқазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг, 60 келіде қызылордалық Жеңісбек Жақсыбек, 52 келіде маңғыстаулық Кәмшат Қарасайқызы, 66 келіде шығысқазақстандық Ерлан Серікжановтар жеңіске жетті.  Чемпионаттың бірінші күнінде өнер көрсеткен жерлестеріміз — Рустам Ибраев (60 келі) пен Нұржамал Жармановалар (52 келі) қола медальды қанағат тұтты.

Айта кетейік, дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Ақтөбеде алғаш өтіп жатқан ел біріншілігі аясында 13 қараша — дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынбақ. Өз кезегінде айтулы сайыста оза шапқан палуандар ұлттық құрама сапында келер жылы ел намысын қорғап, Жазғы Азия ойындарына, басқа да халықаралық бәсекелерге жолдама алатын болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*