Басты бет » Мәдениет » Өлеңмен өрнектеген ерлік жолын

Өлеңмен өрнектеген ерлік жолын

Қазақтың қас батыры Есет Көкіұлын исі қазақ білсе игі. Сондықтан осындай оғланға, батыр бабасына жыр арнамаған ақын сирек. Есет батырдың 350 жылдығына арналған ақындар айтысына ажарлы сөздің қаймағын сапырған, өрелі ойдың өрнегін келтірген не бір дүлділ шайырлар жиналды. Және бір атап өтерлігі, олар қазақ жерінің қай өңірінен келгендігіне қарамастан, Есет бабаның ерлігін жеріне жеткізе айтып, жалпы жұртқа өнеге етуге ұмтылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің Студенттер сарайындағы Есет батыр Көкіұлының  350 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының шымылдығын ашқан ақын-жыршы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов  Ақтөбенің айтыстың астанасы екенін айтып, тыңдармандарын бір көтеріп тастады. «Ел тірегі — ер Есет» атты аймақтық ақындар айтысында әдемі жыр мен астарлы әзілге куә болдық.

Айтыстың шымылдығын ашқан ақтөбелік Марат Ахметов пен оралдық Талғат  Мықидің сөз саптауы көптің көңілін үміттендіргендей болған. Дегенмен олардың әлі де сөз өнерінің өнегесін қалыптастыра алмағаны аңғарылып тұрды. Жұртшылықтың ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаровтың әзілмен әдіптелген өнеріне риза болғанына да куәміз. Сөз сарасын саралаған айтыстың ақтаңгерлері соңында төрт жұп түзеп, жарысқа шықты.

Айтысты аңсап қалған ел ақындардан жүйелі сөз, әдемі тіркестер, тапқыр түйіндер күтті. Әрине, көңіл қуантатын сүбелі сөздер де айтылып жатты, керісінше арзан ұйқастар, жеңіл ойлар да кездеспей қалған жоқ. Мұндайда жырдың асылы мен жасығын жедел айыратын көрермен қауым өздерінің көңіл күйлерін білдіріп те қалып жатты.

Ақтөбелік Қайырхан Жұбаниязовтың:

Қараңғыда қорқаумен қырқысқанша,

Арыстанмен алысып өлген дұрыс, —

деген сияқты жігерлі жолдары көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Нәтижесінде ақтық айтыстың мәресінде павлодарлық Аспанбек Шұғатаев бас жүлденің иегері атанды. Астаналық Мұхтар Ниязов бірінші, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екінші, ал ақтөбелік Данияр Алдабергенов пен Нұртай Тілеуқұл үшінші орынды қанағат тұтты. Қарсыластарын әдемі әзілмен  тізгін тартқызған ақтөбелік Жұлдыз Қожабековаға арнайы жүлде тапсырылды.

Сатыпалды СӘУІРБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*