Басты бет » Жаңалықтар » Қауіпсіздік — бірінші орында

Қауіпсіздік — бірінші орында

Ақтөбе су қоймасында құлақтандыру жүйесін қамтамасыз ету үшін «Гидротехникалық құрылыстарды кешенді түрде пайдалану және оның қауіпсіздігі» атты пилоттық жоба аясында шара өтті.

Жобаның өзі «Қазақстанның жасыл экономика моделіне қолдауы» атты ауқымды жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Жыл сайын болатын су тасқыны — еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 1994 жылдан бері 320 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Оның арасында адам шығыны айналып өтпеген қайғылы оқиғалар да бар. Зерттеу көрсеткіштеріне мән беретін болсақ, төтенше жағдайлардың шығыны жылына 25 миллион теңгеге жуықтайды. Аса ірі төтенше оқиғалар экологияға да өз зардабын тигізетіні рас.

— Осы жылы еліміздің өңірлерінде су тасқынына қатысты күрделі мәселелер орын алды, абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ адамдарды материалдық шығындар айналып өткен жоқ. Сондықтан осы мәселеге қатысты алдын алу шараларын өткізу аса маңызды деп білемін. Осы саланың мамандары үшін аталған жобасы үшін зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Мұндай жобалар еліміздің өзге де өңірлерінде өткізіледі деп ойлаймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин.

Төтенше жағдайлардың алдын алу ісінде оған қатысты ақпаратты жедел жеткізу ерекше маңызға ие екені түсінікті. Осы орайда облыста автоматтандырылған  жүйемен жұмыс істейтін пилоттық жоба жасалды. Бұл — судың мөлшерінен асуы кезінде хабарлап тұратын қондырғы.

Басқосуда, сондай-ақ, тағы бір жобаның таныстырылымы өтті. Оның көмегімен шаруашылықтарды электр желісімен қамтамасыз етуге болады.  Бұл жобаның болашақта инвесторларды тартуға сеп болуы әбден мүмкін.

Бұдан бөлек, сол күні Ақтөбе су қоймасында жаңартылған жүйенің ресми ашылуы болды. Қатысушылар оның тиімділігі мен пайдасы туралы ақпаратқа қанық болып, мамандардың дәйектеріне құлақ түрді.

Владимир БУРЬЯНОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*