Басты бет » Әлеумет » Жарқын болашақ кепілі

Жарқын болашақ кепілі

Жаңа әліпби

Тілдің сақталуында әріптің алатын орны ерекше. VI-VII ғасырларда Еуразия құрлығында түркілерінің руникалық жазуы, яғни «Орхон-Енисей жазуы» қолданыста болса, халқымыз ислам дінін қабылдаған соң араб тілі мен араб әліпбиі таралды. X ғасырдан XX ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылып келді.

XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесі көтерілді.

Араб әрпін жақтаушылар мен латын әрпін жақтаушылар арасында тартыс күшейді. Дегенмен, А.Байтұрсынов бастаған араб әрпін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне негізделген қазақ әліпбиі қабылданды.

1929 жылы латын әліпбиінің негізінде жазу үлгісі жасалынып, ол 1940 жылға дейін қолданылып келді.

Ал қазақ жазуын кириллицаға көшіруге негіз болған құжат 1940 жылғы 13 қарашада қабылданған еді.

Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы мәселе Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап көтеріліп, халық арасында кеңінен талқыланып, әр алуан жұмыстар жүргізіліп келеді.

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесуінде: «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көпұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын. Латын алфавиті біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрыннан келе жатыр, яғни үш мың жылға жуық уақыттан бері бар. Дүниежүзі елдерінің 80 пайызы латын қарпін қолданады», — деген болатын.

Биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы альфавитті латын қарпіне көшіруді таяу жылдардағы міндеттер қатарында атады.

Латын әрпіне көшкенде, біз не ұтамыз? Белгілі ғалымдар әліпбиді латынмен ауыстырғанда ұтатын жақтарымызды былай таратады:

Біріншіден, бұл тіл тазалығы мәселесіне байланысты, яғни тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи, таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілі пәнінде басы артық таңбаларға қатысты ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Компьютерлік жаңа технологиялар арқылы тіліміз халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін ене алады.

Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қатынастарды одан әрі нығайта аламыз.

Бесіншіден, өкінішке қарай, дүниежүзі қазақтарының ортақ альфавиті жоқ. Бірақ оны армандаймыз. Бұл сол үлкен мақсат жолындағы ең маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Мемлекет тарапынан жасалатын кешенді іс-шаралардың нәтижесінде орта буын, тіпті аға ұрпақ та латын әрпіндегі қазақ жазуын тез игеруі бек мүмкін. Әсіресе, жастар латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез игеріп алатыны даусыз. Ал болашақта бұл әліпбиді олардың мақтан ететініне сенімдімін.

Жеңіс ҚОНЖАРҰЛЫ,

ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Алға қаласы.

 

Бір пікір

  1. латынға ауысатын негізгі себептер бұл: әлемнің 80 пайызы латынды пайдаланады, дүниежүзі қазақтардың мәдени-ұлттық бірігуі, жастардың ағылшын тіліне тез үйреніп кетуі, яғни СМС хат жазуда пайдаланатыны айтып тұр. Жалпы кирилицадан қашу керек, бұл ақпараттық қауіпсіздік мәселесі, ақпараттық соғыстар заманында, көрші дос деген тек өз мұқтаж-қызығушылықтарын қанағаттандыру көз бояушылық

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*