Басты бет » Жастар » Бұл — бірінші қадам

Бұл — бірінші қадам

Жаңа әліпби

Ақтөбеге «Латынды қолда» республикалық ақпараттық тобы келді. Жиын барысында латын әліпбиіне көшудің мән-маңызы түсіндірілді.
«Латынды қолда» республикалық ақпараттық тобы Елбасы Жарлыққа қол қойғаннан кейін еліміздің барлық өңірлерін аралауды бастады. Бұған дейін 6 өңірде болған мамандар түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен жүздескен. Топ құрамында Ерлан Саиров, Әміржан Қосанов, Ғалым Байтұқ, Қанат Әуесбай сынды саясаткерлер мен қоғам белсенділері, танымал блогерлер бар. Олар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен С.Бәйішев атындағы университеттің студенттерімен кездесіп, жастардың ойын білді.

— Басты мақсат — латын әліпбиінің енгізілуінің саяси шешім ретіндегі маңызын қолдау, халықтың көзқарасын білу, олардың сауалдарына жауап беру. Осы тұрғыда Семей, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау өңірлерін араладық. Ел аймақтарында өткен кездесулер барысында байқағанымыз, жұртшылық бұл жаңашылдықты саяси шешім ретінде құптап жатыр. Әрине, латын әліпбиінің енгізілу әдістемесі, емле ережесі, келешегі қандай болмақтығы жөнінде сауалдар туындады. Халықтың ұсыныстары мен пікірлері Президент әкімшілігіне жіберіледі. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда әр адамның білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Латынға көшу біртіндеп жүзеге асады, — деді журналист Қанат Әуесбай.

Қоғамдық топ мүшелері студенттерді ауылға барып, ата-аналарымен, достарымен пікірталас кезінде  латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын түсіндіруге үлес қосуға шақырды.

Студенттер тарапынан, әсіресе, техникалық факультетте білім алушыларға да дәл осындай кездесулер қажет екенін жеткізді. Себебі, «Технология латын әліпбиіне көшсе, даму жолымыз да айқындала түспек» дейді студенттер.

Ал Достық үйінде өткен кездесуге өңірдің зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, қоғамдық бірлестіктің басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Олар да өз пікірлерін ортаға салды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев латын әліпбиіне көшу жүйесі алқа мәжілісінде, аудандық, қалалық ұйымдарда талқыланып, қолдау тауып жатқанын және бұл қадамға сеніммен қарайтынын жеткізді.

Топ мүшелері халық арасында латын әліпбиін енгізудің әдістері мен тәсілдері жөнінде бірқатар сұрақтар бар екенін айтты.

Бүгінгі таңда латын графикасын 4 миллиардтан астам адам қолданады. Дүниежүзінде болып жатқан ең озық жаңалықтар латын графикасында жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, жастар үшін маңызы зор. Мұны Қазақстанның рухани саладағы жаңа конституциясы деп айтуға негіз бар. Жарлыққа қол қою латын әліпбиіне өтудің ең бірінші қадамы ғана. Президент Жарлығының екінші тармағы бар. Онда Үкіметке латын әліпбиін іс жүзіне асыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма бар. Бұл комиссия құрылған кезде, әр өңірден филологтар мен қоғам қайраткерлері қосылып, бір мәмілеге келіп, жаңа мәтін ұсынуы ықтимал. Әлі де қазіргі нұсқа өзгереді.  Латын әліпбиі тарихымызда болған. Біз сол тарихымызға оралып жатырмыз, — деді топ жетекшісі Ерлан Саиров.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*