Басты бет » Әлеумет » Бизнес сотқа сенім артады

Бизнес сотқа сенім артады

«Корпоративтік дауларды шешудегі сот тәжірибесі» тақырыбында өткен семинарда соттардың құқықты қорғау тәжірибесінде  туындайтын мәселелер мен заңнамаларды біркелкі қолдануды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселелері талқыланды.

Облыстық сот ғимаратында өткізілген семинарға судьялар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының басшылығы, облыстық адвокаттар алқасының, қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың мүшелері, ірі компания басшылары мен қорғаушылар, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Онлайн режимінде өткен бейнеконференцияда ҚР  Жоғарғы Соттың судьялары У.Сүлейменов, А.Ескендіровтер корпоративтік дауларды шешудегі сот тәжірибесі мен даудың осы түрін шешудің баламалы жолдары туралы айтып өтті.

Семинарда судьялар осы санаттағы сот тәжірибесінің тұрақтылығына назар аударып, ведомстволық және корпоративтік дауларға қатысты талап арызды соттылығы бойынша беру, мемлекеттік бажды төлеу, осы санаттағы істер бойынша шараларды қамтамасыз ету және қабылдау ерекшеліктері туралы мәселелерді түсіндірді. Талқылау нәтижесінде корпоративтік дауларды құқықтық реттеуге және жетілдіруге, оның ішінде еліміздің экономикалық дамуындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылуы тиіс акционерлердің құқықтарын қорғау механизмін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар жасалды.

Судья Жанар Жұбатованың айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау өзекті әрі мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі саналады.

— «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасында орта және шағын бизнесті қолдау, қорғауды қамтамасыз ету экономиканың өсуінің басты бағыты ретінде атап көрсетіледі. Сот жүйесі кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қоғауды қамтамасыз етуде кешенді шаралар қолданып келеді. Сонымен қатар, инвесторлардың  сот-құқықтары механизмдерінің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатымен  шаралар қолдануда. Соның бірі — Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа құрылады. Жоғарғы Сот пен бизнес өкілдері, судьялардың қатысуымен бейнеконференция арқылы өтетін  мұндай семинардың тараптар үшін маңызы зор. Осындай тақырыпта бірінші рет ұйымдастырылып тұрған бұл шара елімізде сот жүйесі саласында  кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, аталған санаттағы азаматтық істерді қараудағы бірыңғай сот тәжірибесін белгілеу мақсатымен өткізілуде, — деді Ж.Жұбатова.

Оның айтуынша, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен биыл өткен 10 ай ішінде аталған санаттағы істер бойынша 18 азаматтық  іс қаралған.

Бейнеконференциядан соң облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Мұқанов семинарға қатысушылардың назарын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан палата жұмыстарына аударды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*