Басты бет » Жаңалықтар » Жасөспірімдер қылмысы қайтсе азаяды?

Жасөспірімдер қылмысы қайтсе азаяды?

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша семинар өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен қоғам қайраткері, профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы қатысты. Сондай-ақ облыстағы колледждердің директорлары мен оқытушылары келді.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың деңгейі мақтанарлық жағдай емес. Көптеген проблема бар. Біздің мақсатымыз — сол мәселелерді талқылап, таразылап, қылмыстың алдын алу, болдырмау, — деген Ербол Нұрғалиев оқытушылар тарапынан қандай да бір ұсыныс болса, ескерусіз қалмайтынын айтты.

Жиында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна Макареева баяндама жасады. Оның айтуынша, соңы төрт жылда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың деңгейі азайған. Мәселен, 2012 жылы 253 қылмыстық дерек тіркелсе, 2016 жылы 98 дерек тіркелген. Қылмыстың алпыс пайызы облыс орталығында орын алады. Сондай-ақ Әйтеке би, Шалқар, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау,  Қарғалы аудандарында құқықбұзушылықтар жиі тіркеледі. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетов жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оны болдырмау шаралары басқарма тарапынан жүйелі түрде жүргізілетінін айтты. Соған қарамастан қылмыстың саны артып отыр. 2017 жылдың үш тоқсанында 98 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 38-і мектеп оқушысы болса, 61-і — колледж оқушысы. Өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша 6 оқушы қылмыстық жауапкершілікке тартылса, биыл бұл көрсеткіш — 13. Былтыр кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен 12 қылмыс жасалса, биыл 35 қылмыстық дерек тіркелген. Колледж оқушыларының арасында құқықбұзушылыққа бейім балалар жиі байқалады. Биыл 13 оқушы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл көрсеткіш қырық пайызға өсіп отыр. Мәселен, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде 6 оқушы қылмыс жасаса, Ақтөбе экономика-статистика және информатика колледжінің 1, Ақтөбе құрылыс монтаж колледжінің 4, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің 2, ал Ақтөбе сервис колледжінің 4 оқушысы құқық бұзған.  Ақтөбе автожол колледжінде оқитын 4 оқушы қылмыс жасаған.

Руслан Бегімбетовтің айтуынша, балалардың қылмысқа баруының бір себебі —бос уақыттарын тиімді пайдаланбауы. Осы мақсатта оқушылардың спорттық секцияларға  қатысуын анықтайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Ақтөбе қаласындағы  27 мектеп тексерілген. Нәтижесінде қаланың 24 мектебінің оқушылары бос уақытын тиімді пайдаланбайтыны, оның ішінде №10, №32, №34, №37 мектептердің спорт залдары бос тұрғаны анықталды.

— Оқушылардың спортпен шұғылдану деңгейі төмен. Мәселен, №56 мектепте 1800 оқушы білім алатын болса, соның 100-і ғана спортпен айналысады. Ал №34 мектеп оқушыларының 10 пайызы ғана спорт залға барса, №37 мектеп оқушысының 7 пайызы ғана бос уақытын тиімді пайдаланады. Сондай-ақ мектептер оқушылардың каникул кезіндегі бос уақытын тиімді жүргізбейді. Қылмыс жасап, есепке алынған балаларға қосымша жұмыстар жасалмай отыр.  Оқушылардың қылмысқа баруының негізгі себептері — әлеуметтік жағдайының төмендігі, бос уақытын тиімді пайланбауы, қараусыз, қадағалаусыз қалуы, есепке алынған жасөспірімге  профилактикалық шаралардың жүргізілмеуі, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Жиында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Амангелді Айталының жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, оларды тәрбиелеуге қатысты пікірін жұртшылық ұйып тыңдады.

Сондай-ақ Ербол Нұрғалиев семинар аясында колледж ішін аралап, жаңа технологиялармен танысты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*