Басты бет » Жаңалықтар » Қысқа дайындық пысықталды

Қысқа дайындық пысықталды

Ақтөбеде республикалық командалық-штабтың қысқа дайындық жаттығуларының бірінші кезеңі басталды.

Штаб пәтері Ақтөбеде орналасқан екі күндік  оқу-жаттығу «Қыс — 2017» деп аталды. Өткен бейсенбіде облыс әкімдігінде  облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов және ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары,  азаматтық қорғау полковнигі Марат Құлдықовтың қатысуымен жиын өтті. Марат Құлдықов Ақтөбе қаласына мемлекеттік басқару органдары мен азаматтық қорғаныс жүйесінің қысқы маусымға дайындығын көруге келген.  Жаттығудың мақсаты — қақаған қыста төтенше жағдайлар қызметі мен құтқарушылардың дайындығын тексеру. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов облыстың қысқа дайындығын баяндады. Сондай-ақ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармалары мен кәсіпкерлік және аудан әкімдерінің қысқа дайындықтары тыңдалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында ҚР министрліктері мен ведомстволары жедел топтарының өкілдері, республикалық штабтың өкілдері, азаматтық қорғау істерінің жетекшілеріне тапсырма берілді. Қала мен аудандардағы төтенше жағдайлардың алдын алу  кезінде қорғаныс қызметтері бойынша байланыстың үзілмеуі, ақпаратпен қамтамасыз етілуі, іс- шаралардың жүзеге асырылуы секілді тапсырмалар жүктелді. Материалдық-техникалық және тағы басқа да  ресурстар бойынша жұмыстар нақтыланды.

Сол күні облыстық филармонияның фойесінде және алаңында азаматтық қорғаныс саласындағы авариялық-құтқару техникалары  мен технологияларының көрмесі өтті. Оған Ақтөбе, Алматы, Астана, Орал және Санкт-Петербург қалаларынан 15 компания қатысты. Олар арнайы мақсаттағы өрт сөндіргіштер мен жылжымалы кешендерді, түрлі мақсаттағы құрылғыларды таныстырды.
— Бұл жерде қызықты техникалық жабдықтар бар. Төтенше жағдайлар кезінде қашықтыққа  қарамастан жедел ақпарат алатын экспонаттар қойылып отыр. Қазіргі нарық кез келген заманауи жабдықты ұсынады. Жергілікті басшылық біздің бөлімдерге жаңа технологияларды сатып алу туралы бастамамызды қолдап отыр, — деді облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасым.

Оқу-жаттығулардың бірінші күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында аудандық әкімшіліктер мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалды.

Санат РАШ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*