Басты бет » Әлеумет » Мамандар мәселелерді тыңдады

Мамандар мәселелерді тыңдады

Облыстағы бірқатар басқарма басшысы Ақтөбе қаласындағы селолық округ тұрғындарымен кездесіп, көшпелі жиын өткізіп жүр. Осындай кездесудің бірі Қурайлы селолық округінде ұйымдастырылды. 

Облыс әкімі аппаратының бас маманы Базаргүл Сарбасованың айтуынша, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, облыстағы бірқатар басқарма басшылары Ақтөбе қаласының 5 селолық округінде тұрғындармен кездесіп, көшпелі жиын өткізіп жүр. Бұған дейін Благодар, Қарғалы селолық округі тұрғындарымен кездескен мамандар жақында Қурайлы ауылдық округінде болып, ондағы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, туындаған мәселелерді оң шешімін табуға ықпал етті.

Енді мұндай кездесулер Ақтөбе қаласының Новый, Сазды селолық округі тұрғындарымен өткізіледі. Көшпелі жиын кезінде жергілікті тұрғындар құзырлы орган басшыларына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын, мәселелерін айтып, нақты жауап алады. Кейбір мәселелер жергілікті жерде оң шешімін тауып жатыр. Басқарма басшылары, мамандар тұрғындарға өз салалары бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес береді. Мәселен, жергілікті тұрғындардың көпшілігін баспана, жер алуға қатысты жеке мәселелермен қатар, әлеуметтік мәселелер де алаңдатады. Атап айтсақ, ауыл көшелерін асфальттау секілді сауалдар жиі қойылады, — деді Б.Сарбасова.

Қурайлы ауылдық округі тұрғындарымен кездескен облыстық жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалаларының басшылары мен мамандары тұрғындардан түскен осындай мәселелерді бірігіп шешуге атсалысуға уәде берді.

Базаргүл Сарбасованың айтуынша, Ақтөбе қаласының 5 селолық округі бойынша халықпен  өткізілген кездесулерде көтерілген мәселелерге талдау жұмыстарын жүргізу қорытындысы желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде мәлім болмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.     

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*