Басты бет » Ауыл » Берекелі шақтағы мереке

Берекелі шақтағы мереке

Ойыл

Күздің соңғы айының алғашқы онкүндігінде келетін Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні биыл аудан орталығында аталып өтті. Еліміздің негізгі тұтқасы саналатын ауылшаруашылық саласы біздің аудан үшін тіршіліктің көзі. Сондықтан атаулы күнгі шараға өңірдің барлық ауылдары мен шаруа қожалықтары қатысты. Ет, сүт өнімдерінен ауылшаруашылық жәрмеңкесі болды. Онда тұрғындардың күнделікті тұтынатын тағамдары, бақша мен егіс өнімдері, тағы басқа көптеген тауарлар сөрелердің сәнін келтірді. Аздан кейін сөрелер селдіреп, әр ауылдан әкелінген өнімдерді сатып алушылар көп болды. Тап қазіргі шақ көктемнің қараөзегімен бірдей. Өйткені күздік союға қол қысқалау, соғымға әлі ерте. Күздің осындай аласапыран шағында жәрмеңкеге әкелінген жылқы, ірі қара, қой еттері лезде өтіп кетті.

Ал аудандық Мәдениет үйінде мерекелік жиынның шымылдығын аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскінбаев ауылшаруашылық саласындағы баяндамасымен ашты. Оның айтуынша, бұл салада сүйсінерлік іс көп, мал, егіс, бау-бақша шаруашылығында өсім бар. Қазіргі таңда ауданда 9-ы мал шаруашылығы, 5-еуі өсімдік шаруашылығы бойынша жұмыс жасайтын 14 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі бар.

Бұдан кейін аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева ауданның барша ауылшаруашылық саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады. Ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін 6 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооперативі аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 12 «Үздік механизатор», 21 «Үздік малшы» осындай құрмет пен естелік сыйлықтарға ие болды.

Аудандағы ауылшаруашылық мерекесіне облыстан арнайы қатынасқан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Гүлжаһан Байдуллина құттықтау сөзін арнап, жалпы облыс бойынша іске асатын шаруашылық салаларымен таныстырды. Одан кейін сөз алған еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, қазір еңбек еткен адамның заманы екенін, кәсіппен айналысам деушілерге үкіметтен қолдау барын, жеріміздің таза, табиғи өнімдерді өсіруге қоспаның қажетсіздігін айтты. Үкіметтің жас мамандарды оқытып, даярлап, ауылға жіберіп жатқанына ризашылығын білдіріп, осындай мүмкіндікті пайдалануға шақырды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,

Ойыл селосы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*