Басты бет » Ауыл » Аялдамалар салынды, бағыттық көліктер көбейеді

Аялдамалар салынды, бағыттық көліктер көбейеді

Мұғалжар

Қандыағаш қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын «Финлюкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақын аралықта үшінші бағыт бойынша жолаушылар тасымалдауды қолға алмақ.  Қазіргі таңда серіктестіктің ұсынуымен қалаішілік қосымша бағытты бекіту шаралары жүргізіліп жатыр.  

Бұған дейін Қандыағаш қаласында қалаішілік жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық  көліктер үш бағыт бойынша жұмыс жасап келді. Алайда, қала   жолдарының нашарлығына және жол шығынын ақтамауына байланысты үшінші бағыт тоқтатылған еді. Биыл Мұғалжар ауданының 20 жылдығы мен Қандыағаш қаласының 50 жылдығына орай қаладағы бірқатар жолдар жөндеуден өткізіліп,  аталған бағыт қайта қолға алынды. Сонымен қатар, бағыттық көліктер қатынайтын жолдар бойына «Финлюкс» ЖШС-ның директоры Азамат Адаев «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде Қандыағаш қаласындағы №1 және №4 орта мектептердің маңына, сонымен қатар Орынбасаров, Жұбанов көшелері бойына аялдамалар орнатты. Жиырмасыншы қарашадан кейін Қандыағаш қаласында үшінші бағыт бойынша қоғамдық көліктер іске қосылмақ.

Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары Ерік Бұқарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қалаішілік қоғамдық көліктерде жолақы бағасы қымбаттайды. Бұл — жанар-жағармай бағасына тікелей байланысты.

Бүгінгі күнге дейін «Финлюкс» серіктестігі қиыншылықтарға қарамастан жолақы бағасын қымбаттатқан жоқ. Керісінше, шығындалып отырса да республика бойынша ең төменгі бағаны ұстады. Дегенмен, қазіргі нарықтағы жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты Қандыағаш қаласындағы қалаішілік  жолақыны көтеруге мәжбүр болып отыр. Әзірге жолақының қаншаға қымбаттайтыны белгісіз, — дейді Е.Бұқарбаев.

Әнуар ЕСҚАРА,

Мұғалжар ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*