Басты бет » Басты жаңалықтар » Орыс мыс компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық дами түседі

Орыс мыс компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық дами түседі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Орыс мыс компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин инвестициялық серіктестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі 2017 жылы 9 қарашада Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастығының форумы алаңында екі елдің басшылары — Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтті.

Атап айтқанда, тараптар қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау саласындағы, никельді терең өңдеу жолымен өнеркәсіптік игеру, сонымен қатар, Ақтөбе облысының кәсіпорындарын жаңғыртудағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында Ақтөбе облысы шетелдік инвестицияларды тартуда, соның ішінде ресейлік серіктестермен белсенді жұмыстар атқарып жатыр. «Орыс мыс компаниясы» өзін жоғары экологиялық стандарттарды ұстанатын жауапты инвестор ретінде көрсетті және облыстың әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру салық аударымының өсімін, жаңа жоғары білікті жұмыс орындары мен өңір халқының өмір сапасын арттыруды білдіреді», — деп атап өтті Бердібек Сапарбев.

Облыс әкімінің айтуынша, облыс экономикасына құйылатын инвестиция көлемі қол қойылған меморандум аясында кем дегенде 105 миллион долларды құрайды.

«Біз әлеуметтік жауапкершілік аясында бірлескен жұмыс жөнінде келістік. Келесі жылы Ақтөбе облысында «Орыс мыс компаниясы» жеке қаражаты есебінен мүгедек балаларды емдейтін клиниканың құрылысын бастайды. Жалпы компания келісімшарттағы барлық міндеттерді орындап жатыр, жұмыс орындарын қысқартуға, қызметкерлердің еңбекақыларын кешеуілдету және төмендетуге жол берілген жоқ», — деп атап өтті облыс басшысы.

Өз кезегінде И.Алтушкин «Орыс мыс компаниясының» негізі қаланғаннан бері Ақтөбе облысы келешегі бар өңірлердің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті.

«Бай табиғи ресурстар, облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін қолдау мен біздің ресейлік активтер шоғырланған аумақтарға географиялық жағынан жақын болуы біз үшін осы ынтымақтастықты тартымды әрі келешегіне сенімді етті. Сондықтан біз жаңа жобаларына салынатын инвестицияларды өсіруге, Ақтөбе облысының кадр әлеуеті мен әлеуметтік саласын дамытуға дайынбыз», — деді компания басшысы.

«Орыс мыс компаниясы» мәліметтері бойынша 2004 жылдан бері компания Қазақстан экономикасына 868 миллион АҚШ долларын (оның ішінде 128 миллион доллар — ағымдағы инвестициялар) құйған. Бүгінде компанияның қазақстандық құрамында 1700-дей адам еңбек етеді, тағы 600-ге тарта адам жергілікті мердігерлік ұйымдарда жұмыс істейді. Ақтөбе облысының бюджетіне құйылатын жыл сайынғы аударым 1 миллион АҚШ долларынан асады.

Анықтама

«Орыс мыс компаниясы» руда өндіруден бастап мыс өнімдері мен бағалы металдардың құймасын шығаратын және жеткізетін 13 негізгі кәсіпорынды біріктіреді. Компанияның Қазақстандағы негізгі кәсіпорны — «Ақтөбе мыс компаниясы». Бұл компания Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жұмыс жасайды және мыс пен мыс-мырыш рудаларын өндіруге және өңдеуге мамандандырылған. Компания құрамына жалпы өндіру қуаттылығы жылына 5 миллион тонна руда болатын екі байыту фабрикасы кіретін кен-байыту комбинаты мен «Қазанның 50 жылдығы» және «Приорское» кен орындарындағы екі карьер кіреді.

«Ақтөбе мыс компаниясының» байыту фабрикаларының өңдеу өнімділігі жылына 5 миллион тонна мыс-мырыш рудасын құрайды: жылына шығарылатын қоймалжың мыс — 60 мың тонна, қоймалжың мырыш – 45 мың тонна.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*