Басты бет » Рухани жаңғыру » Жаңа леп, тың серпіліс

Жаңа леп, тың серпіліс

Жаңа әліпби

Латын әліпбиі — XXI  ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернеттің және IT-технологияның тілі. Қазақ тілінің  жаңғыруы жаңа технологияларды, білімді, ғылымды меңгеруге мүмкіндік береді, сондай-ақ, ұлттық бірегейлігімізді нығайтады.

Жаһандану үрдісі барысында  өркениеттер төрінен орын аламыз десек, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қана қоймай, оны әлемдік сападағы брендке айналдыру керек, демек, бұл өз кезегінде тілдің қолданыс аясының кеңеюі арқылы жүзеге аспақ.

Бүгінгі таңда педагогтердің білім берудегі басты мақсаты — өркендеу үстіндегі заман талабына сай лайықты жаңа адамды қалыптастыру, тәрбиелеп өсіру. Олай болса, кез келген реформаның басында жаңалықтың жаршысы ретінде ұстаздардың тұратыны сөзсіз.

Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауында «Білім беру реформасы — Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңарту қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет», — деп айқын атап көрсетті. Осыған сәйкес латын әліпбиіне көшу қазіргі заманның барлық ақпараттық байланыс инфрақұрылымдарын, электрондық-сандық жүйелерді, интернеттік-компьютерлік құралдарды пайдаланып, әлемдік электрондық кітапханалармен жұмыс істеуге және дүниежүзінің құнды жәдігерлері сақталған мұражайларына виртуальды саяхат жасауына мүмкіндік береді.

Латын әліпбиіне көшу мәселесіне халық бейтарап қарамай, ұсынылған әліпби  нұсқалары қоғамда қызу талқыланды. Нәтижесінде  тіл дыбысының әуезділігі мен табиғатын  сақтайтын әліпбиге тоқтам жасалды.

Ендігі кезекте жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет. Міне, осы мақсатқа қол жеткізу үшін облыстағы біліктілікті арттыру институты да өз тарапынан жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді.

«Өрлеу» институтының оқытушы-профессорлық құрамы Қазақстанның жаңа қазақ-латын әліпбиіне мемлекетімізді халықаралық өркениет кеңістігіне жетелейтін үлкен істердің бірі ретінде қолдау білдіріп, алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра береді.

Н.ӘБІШЕВА,

педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының директоры.

Ақтөбе қаласы.

БҰЛ — ТИІМДІ ҚАДАМ

Рухани жаңғыру — адам баласының ішкі әлемінің жаңғыруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі.

Елбасымыз рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынды. Олар: бәсекелестікке қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы.

Мен бұл Жолдауды Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген үндеу өсиеті деп білемін. Ендеше, бәсекеге қабілетті бола отырып, өзге елдермен тереземіз тең түсу үшін осы дара жолмен алға ұмтылып, биікке шарықтайық. Ал латын әліпбиіне көшу туралы шешімге өзім дұрыс қараймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық — тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, өзімізге жақын түркі халықтары секілді латын әліпбиімен жазу. Өз басым латын әліпбиіне көшу тиімді деп есептеймін. Әрине, ол уақытты талап етеді, десек те ол біздің қолымызда деп есептеймін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп дана халқымыз айтқандай, бәріміз бірігіп, ауызбіршілікпен бұл мәселені де шеше аламыз.

Томирис ТӨЛЕНТАЙ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің

  студенті.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*