Басты бет » Жаңалықтар » Іскер әйелдер «Атамекенім» жобасын қолдады

Іскер әйелдер «Атамекенім» жобасын қолдады

Ақтөбедегі іскер әйелдер қайырымдылық акциясын өткізді.

Қайырымдылық шарасында мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 35 бала қамтылды. Оның ішінде 20 баланың мүмкіндігі шектеулі болса, 10 бала әлеуметтік жағдайы төмен отбасының, ал 5-еуі —  арнайы түзету және саңырау балаларға арналған мектептердің тәрбиеленушілері. Қайырымдылық шарасы кезінде балаларға жылы киімдер мен қаржылай көмек, сондай-ақ, моральдық қолдау көрсетілді.

— «Ақбөбек» білім беру орталығында қайырымдылық акциялары үнемі өткізіледі. Соның бірі — ақтөбеліктер өз қолымен тігіп, тоқыған жылы киімдерін мұқтаж жандарға ұсынады. Әрине, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедек жандар киім, ақшаға ғана мұқтаж емес, оларды қарапайым көңілдің өзі марқайтады. Биыл бұл шараны «Атамекенім» акциясы аясында өткізуді жөн көрдік. Барлық кәсіпкерлерді игі іске атсалысуға шақырдық. Осылайша әлеуметтің осал тобына мейірім мен жылулық сыйлайық, үлгі көрсетейік, — деп атап өтті Ақтөбе облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ақбөбек» білім беру орталығының директоры Гүлбаршын Айдарханова.

Акция аясында тоқылған жылы киімдерді жинауға «Ақбөбек» компаниясының қызметкерлері де, білім алушылардың ата-аналары да, тіпті мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиеленушілері де үлес қосты. Ация өткізілген күні «Ақбөбек» білім беру орталығының балалары ән айтып, би билесе, әжелер мен аналары жылы киімдер тоқып, қайырымдылыққа қол ұшын созды.

Өз кезегінде облыстағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлбаршын Айдарханова, «Жаңа бақыт» ЖШС басшысы Жанар Елеусізова, «Мұғалжар-99» ЖШС басшысы Динара Әлмағамбетова және «Алмаз» қайырымдылық қорының жетекшісі Динара Еділовалар акцияға өз үлестерін қосып, демеушілік танытты.

Балалардың ата-аналары ең алдымен моральдық қолдау алғандарын ерекше атап өтті. Олар мұндай шараның көмекке мұқтаж жандардың жалғыз емес екенін сезіндіретінін айтты.

Кәсіпкерлер мен акцияға қатысушыларға облыстық іскер әйелдер кеңесінің атынан Алғыс хаттар берілді.

Айта кету керек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» жалпыреспубликалық акциясын жариялағаны белгілі. Акция Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға және қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мен әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*