Басты бет » Әлеумет » Тұмшалану тұтастыққа зиян

Тұмшалану тұтастыққа зиян

 

Пікір

Соңғы кезде Ақтөбеде өткізіліп, ұйымдастырылып жатқан түрлі форумдар, басқа да шаралардың кейінгі буынға берер өнегесі, тәрбиелік мәні зор. Соның бірі — «Туған жер» атты жерлестер форумы. Бұл өзгелерге үлгі боларлықтай шара болды. Мұдай шараның өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімді, рухты қалыптастыруда маңызы зор. Егер осы шараның мазмұнын, осының негізінде жинақталған материалдарды әр мұғалім әр мектепте дұрыс пайдалана білсе, онда еліміздегі «Мәңгілік ел» саясатын тиімді іске асырудың мүмкіндігі туады.

Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Соның бірі — облыста қайта жалғасын тапқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы. Алайда біздің әлі де болса осы уақытқа дейін күшіміз келмей жүрген іс бар. Ол — қоғамда жастардың  бет-аузын тұмшалап, қара жамылуы. Әрине, бұл — қазаққа жат нәрсе. Осындай жастарымыздың өзге діннің сойылын соғуы еліміздің ертеңгі күні үшін абырой әпермесі анық.

Үстеріне тұтастай қара жамылған қазақ жастарының бұл қадамы қоғамға келтіріп отырған зиян. Мұндай кертартпа істің қоғамға зиян екенін біз өткен тәжірибемізден білеміз. Сондықтан осындай келеңсіз іспен күресу үшін құзырлы органдар олардың әрқайсысымен жеке-жеке іс жүргізіп, әңгімелесуі керек. Оларды дұрыс жолға қоя білуіміз қажет. Себебі, біздің салт-дәстүріміз, дініміз, әдет-ғұрпымыз  таңғаларлық. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру — қазақтың ықылым заманнан бері қалыптасқан қасиеті. Жастарымыз осы қасиеттен арылмауы керек.

Жат ағымның жетегінде жүрген жастарымызды дұрыс жолға салып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін келеңсіз істердің алдын кесу мақсатында барлық мектепте, қоғамдық орталарда ішкі саясат басқармасы, ішкі істер бөлімдері, сондай-ақ жастардың араласуымен жүйелі жұмыстардың жүргізілгені дұрыс. Дінтанушы, діни ұйымдардың өкілдерімен үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары,  кездесулер мейлінше көбірек ұйымдастырылса, соғұрлым жұмыс нәтижелі жүреді. Себебі, жат ағымның жетегіндегі жастарға өздерінің дұрыс жолда жүрмегендерін, басқа бағытты ұстанғандарына көзін жеткізу керек.  Егер осы істер ыждағаттылықпен, ұйымдасқан түрде жүйелі жүргізілсе, ісіміз алға басады, елімізде бірлік, сыйластық орнайды. Ал береке, бірлік орнаған жерде ел аман, жұрт тыныш болады.

Қамалхан ҚУАНОВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*