Басты бет » Жаңалықтар » «АQTO’BE» жаңа телемаусымға көшті

«АQTO’BE» жаңа телемаусымға көшті

«Аqto’be» телеарнасы ресми түрде жаңа атауын таныстырды. «Атамекен» мейрамханасында өткен салтанатты шараға телевизияның ардагерлері мен қоғам қайраткерлері, жергілікті билік және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандарды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

— Қазіргі таңда алдымызда тұрған негізгі талаптың бірі — жаңа заманға сай жұмыс жасау. Осы ретте «Qazaqstan» телеарнасы өз жұмысына жаңашылдық енгізіп, жұмысын өзгертті. Бұл — қуантарлық жағдай. Біздің облыстық телеарна да осы көштен қалмай келеді. Биылғы маусымда жаңа сегіз бағдарлама пайда болды. Бұл бағдарламалардың барлығы көрерменнің талғамына сай жұмыс жасап жатыр. Облыс басшылығы әрқашанда жергілікті арнаны қолдауға әзір. Жыл сайын телеарнаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Материалдық-техникалық жағдайы да жақсара түсті.

Жалпы БАҚ — халық пен биліктің арасындағы үлкен көпір. Халық арасындағы түрлі мәселені билікке жеткізу, көрсету, олардың мұң-мұқтажын айтуда телеарна  жақсы жұмыс жасап жатыр, — деген облыс әкімінің орынбасары телеарна ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Жергілікті арна биылғы жылғы  жаңа маусымды үлкен өзгерістермен бастады. Ең алдымен негізгі белгі — логотип өзгертілді. «Қазақстан-Ақтөбе» атауы  «Аqto’be»  болып өзгеріп, жаңа форматта хабар тарата бастады. Ребрендинг үлгісі тек біздің облыстық телеарнаны ғана емес, республикалық  «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін барлық облыстың телеарнасын қамтыды. Енді олар сол аймаққа тән, өңірде жиі қолданылатын, өлкенің дәстүрлі атауларымен аталды. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы идеяға негізделген. Салтанатты шарада арна ұжымын құттықтаған республикалық  «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамы  төрағасының орынбасары Серік Егізбаев осы мәселені айтып өтті.

— «Qazaqstan» ұлттық арнасының құрамына кіретін барлық телеарналардың атауы латын әріптерімен жазылды.  Тек қана жазылуын емес, ішкі жұмыстарды да өзгертуге бет бұрдық. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын бағдарламаларға бағыт алдық. Қазіргі таңда Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерін қамтитын «Мен қазақпын!» жобасы жүріп жатыр. Бұл сол елдерде үлкен қызығушылық тудырып, сондағы өнерлі бауырларымыз жобаға қатысып жатыр. Жобаның қорытындысын Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз, — деген Серік Егізбаев телеарна ұжымына сәттілік тіледі.

Жиында қоғам қайраткері, профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы мен  Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов телеарнаның жаңа маусымдағы жұмысына қатысты жылы лебіздерін білдіріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

Телеарна басшысы Ернұр Бурахан арнадағы жаңалықтарды айтып өтті. Жаңа маусымда бірнеше жаңа бағдарламалардың көрерменге жол тартқанын жеткізді. Оның ішінде «Бүк-шік», «Туған жерге тағзым», «Біздің тарих», «Ахтанов 54» бағдарламаларының мақсаты мен міндетіне тоқталды.

Сондай-ақ  жиында «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында атқарылған жұмыстар бейнекөрініс арқылы көрсетілді. Акция аясында телеарна журналистері «Аналар үйі» мен мұқтаж жандардың отбастарына барып көмек көрсетті. «Аналар үйіндегі» балдырғандардың тұсаукесу рәсімін өткізді.  Тасқыннан зардап шеккен отбасылардың үйлерін тұрғызуға атсалысты. Осындай шараларға тоқталып өткен Ернұр Бурахан қайырымдылық эстафетасын «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншинге тапсырды. Телеарнаны  он жыл басқарған ол  техника мен технологиялардың жаңарғанын, телеарнаның елу және елу бес жыл мерейтойларын кең көлемде аталып өткенін, соңғы он жылда материалдық-техникалық базаның нығайып, жаңа цифрлық жүйеге көшкенін айтты. Телеарнаның кадрлар ұстаханасына айналып, ұжымының  шығармашылық деңгейі өскеніне, нәтижесінде республикадағы алдыңғы қатарлы телеарнаның бірі болғанына тоқталды.

Екі ұжым арасындағы меморандум аясында біршама жұмыстар атқарылды. «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен  облыстық телеарна бірлесіп, «Құтты мекен — Ақтөбе» экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция көршілес Қызылорда облысы мен Ресейдің Орск, Орынбор қалаларына барып қайтты. Осы жұмыстарды атап өткен Раукен Отыншин телеарна басшысы Ернұр Бураханға  облыстық қос газеттің 2018 жылға жазылу сертификатын және екі газеттің төсбелгісін куәлігімен бірге тапсырды. Эстафетаны қабылдаған серіктестік басшысы телеарнаның көрермендері мен газет оқырмандарының көбеюіне тілектестігін білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*