Басты бет » Жаңалықтар » Қауіп-қатер уақытында хабарланады

Қауіп-қатер уақытында хабарланады

Ақтөбе қаласындағы «Дастан» қонақүйінің конференц-залында «Ақтөбе облысындағы гидротехникалық құрылғыларды кешенді пайдалану және қауіпсіздік» атты пилоттық жобаның таныстырылымы өтті.

Шараның мақсаты — су тасқыны қаупін алдын ала ескерту үшін өңірдегі заманауи технологияларды іс жүзінде пайдалану жолдарын көрсету.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин:

— Төтенше жағдай кезіндегі болатын шығын көлемін азайтудың басты факторы —  су тасқыны қаупі туралы жедел ақпарат жеткізу. Ақтөбе қаласында үш су қоймасы бар. Биыл Сазды су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта облыс басшысының қолдауымен 10 ірі су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. 2018 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленсе, 33 мың гектар жерді сурамалы алқапқа енгізу жоспарланды. Біздің міндетіміз —  2020 жылға дейін барлығы 80 мың гектар суармалы алқапты енгізу, — деді.

Жиын барысында таныстырылған пилоттық жоба халыққа қауіп-қатер жөнінде уақтылы хабар беруге мүмкіндік береді. Яғни, су деңгейінің жоғарылағанын немесе қысымы артқанын ескертетін, сондай-ақ көрсеткіш деректеріне автоматты түрде жауап беретін индикаторлар жиыны. Заманауи технология су бөгетінің жай-күйін көрсетіп, қауіп-қатерді бақылап отырады. Осы арқылы туындаған қиындықты шешуде алдын ала шара қабылдауға болады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мәліметі бойынша, Қазақстанда 1994 жылдан бері 320 мыңнан астам төтенше жағдай, табиғи және техногенді сипаттағы оқиға болған. Сарапшылардың бағалауынша, төтенше жағдайлардан туындайтын залал шығыны жылына шамамен 25 миллион теңгені құрайды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*