Басты бет » Жаңалықтар » Тексеріс жүргізді, акцияны түсіндірді

Тексеріс жүргізді, акцияны түсіндірді

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының  тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобы бөлімінің мамандары жеке кәсіпкерлік орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мамандар алдымен «Алатау» сауда үйіндегі «Арт-жиһаз ХХІ ғасыр», «Аида» жиһаз салондарын аралап,  жеке кәсіпкерлердің сауда орындарында бақылау-кассалық машиналарының болуын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Сондай-ақ  жұмыс тобы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Мемлекеттік кірістер комитеті өткізіп жатқан «Чек талап ет — жүлде ұтып ал!» акциясының мақсатын түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, аталған акция биыл 30 қарашаға дейін жалғасады. Акцияға қатысушылар сауда жасағаны туралы түбіртекті, яғни чекті суретке түсіріп,  Wipon мобильді қосымшасы арқылы жібере алады. Акция аясында бас жүлде — автокөлік және құнды сыйлықтар ойнатылады. Акцияның қорытындысын жыл аяғында Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды.

Жұмыс тобы сондай-ақ  Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы дөңгелек жөндейтін орындарды да аралады. Жеке кәсіпкерлердің бақылау-кассалық машиналарын тексеріп, хабарлама қағаздары мен «Чек талап ет — жүлде ұтып ал!» акциясы туралы жазылған плакаттар таратты.

Бүгін біз «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 632-бабына сәйкес  басқарманың арнайы №864 нұсқамасы бойынша Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы бірқатар жеке кәсіпкерлік орындарды аралап, тексеріп, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ондағы мақсат — жеке кәсіпкерлік орындардың салық органдарында тіркеуде тұрғанын, тұрмағанын анықтау, сауда нүктелерінде бақылау-кассалық машиналардың болуын қадағалау, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған құрылғының болуын бақылау.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті өткізіп жатқан «Чек талап ет — жүлде ұтып ал!» акциясы аясында жеке кәсіпкерлерге сауда жасаған кез келген тұтынушыға міндетті түрде чек берілу керектігін түсіндіріп жатырмыз, — дейді басқарманың тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобы бөлімінің жетекші маманы Асылбек  Әлиев.

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*