Басты бет » Мәдениет » Жыр бәйгесінде 16 ақын бақ сынайды

Жыр бәйгесінде 16 ақын бақ сынайды

Ақтөбе қаласындағы Студенттер сарайында Есет Көкіұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Ел тірегі — ер Есет» атты аймақтық ақындар айтысы өтеді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан айтыстың басталу уақыты — сағат 14.00.

Ақындар айтысы қазақтың даңқты батырларының бірі Есет Көкіұлының 350 жылдығына арналғандықтан, тақырыпқа еліміздің, оның ішінде Ақтөбе облысының даму жетістіктері, сондай-ақ, ел тарихы, батыр бабаларымыздың батырлығы мен ерлігі арқау болмақ.

Сахна төрінде 16 ақын өнер көрсетеді. Атап айтқанда, «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов (Астана) пен Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) бастаған республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары мен батыс өңірінің белгілі жүйріктері — Мұрадым Мирланов (БҚО), Тоба Өтепбаев (Арқалық), Шалқарбай Ізбасаров (Атырау), Талғат Мықи (Орал), Абай Жолмағанбетов (Маңғыстау), ақтөбелік ақындар Нартай Тілеуқұл, Ершат Қайболдин, Нұрбол Жауынбаев, Жұлдыз Қожабекова, Марат Ахметов, Жәнібек Бейбітов, Әлихан Жақсылық, Данияр Алдабергенов, Қайырхан Жұбаниязовтар өзара сайысқа түседі.

Сөз додасына түсетіндердің ең жасы — Нұрбол Жауынбаев. Ақтөбелік 16 жастағы айтыскер М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы.

«Ел тірегі — ер Есет» аймақтық ақындар айтысында  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург, жыршы-манасшы Баянғали Әлімжанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауовтар төрелік етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, батыр баба рухына арналған аймақтық айтыстың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 11 қараша күні сағат 13.00-де Есет батыр Көкіұлының мәңгілік тыныстаған жері Алға ауданы Бестамақ ауылындағы арнайы құрылған этноауылда өтеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*