Басты бет » Әдебиет » Өлеңімен құстарды қорғап еді…

Өлеңімен құстарды қорғап еді…

Өткен жылдың қараша айының айнала ызғар тартқан түнеріңкі күндерінің бірінде белгілі журналист, ақын, жақсы жолдас Зәкіржан Кәлкенбаев өмірден өтті. Ол алпыс бірге қарай енді ғана жол тартқан еді.

Зәкіржанның есімі республиканың әдебиет сүйер қауымына сонау 1981 жылы-ақ танымал болған. Ол  Алматыда тұңғыш ұйымдастырылған шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, топ жарып шықты. Алғашқы өлеңімен Фариза апасын жалт қаратқан ол сол жолы айбынды ақынның «Жарайсың! Тек тым ұялшақ болма!» деген қолдауына ие болады.

Бәйгеге қосылған отыз төрт жас ақынның арасынан сонау Ырғыздан келген шопан баланың жарқ ете қалуы шынында да таңғаларлық жәйт еді.

Осы фестиваль оған ерекше жігер берді. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Аудандық «Ырғыз» газетінде еңбек етті. Егер алға озып айтар болсақ, Ақтөбе, Маңғыстау облыстық газеттерінде, Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында өз қолтаңбасын қалдырды. Республикалық «Алтын Орда» газетінің оқырмандары да оны қарымды қаламгер деп таныды.

Ең бастысы, ол қай жерде еңбек етсе де өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Көкірегінен құйылған сәулелі жырлар жылы ағыспен жұртына жетіп жатты.

Сен жиырмаға толғанда қуандым мен,

Бақытыңды тілегем туар күннен!

Көк байрағың көгертіп көсегемді,

Көңілімнен күмәнді қуар мүлдем.

Бұл — оның ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығындағы жүрекжарды қуанышы еді.

Ол өзгенің қуанышына қуана білетін, біреудің қиындығын бөлісе алатын. Әйтеуір бейтарап қалмайтын.

Зәкіржан біраз жыл Маңғыстау өңірінде еңбек етіп келді. Келіп кеткен сайын туған өңірді аңсайтынын сезетінбіз. Ол жақтағы шежіре шалдардың әңгімесін дәмін келтіріп айтудан жалықпайтын. «Аға баласысың, төрде отыруға тиіссің» дейтін  Маңғыстаудың көнекөз қарттарының пейіліне ырза болып отыратын.

Кейінгі бірер жылда Ақтөбесіне оралған ол газет жұмысына қызу кірісіп кетті. Жазғандарынан өзгешелеу леп байқалатын. Бір күні қатар жүрген бізге «Жұбаныш» атты жыр жинағын ұсынды. «Достық көңілмен» деп жазыпты алғашқы бетіне. Осы кітаптың ішінен «Қошобада туған қыз» деп аталатын махаббат дастаны бәріміздің назарымызды аударды. Басында «Адал жар, айнымас дос Гүлімай Сұлтанқызына арналады» делініпті.

Шалғайында табыстық ерек күздің,

Көп адамнан жөніміз бөлек біздің.

Әділдік бар, Адалдық, Махаббат бар,

Сол ұғымдар қосуға себеп бізді,—

деген жолдар осы көлемді дүниенің кілті іспетті болып көрінді бізге. Оның махаббатының, ғашық болуының өзі ешкімге ұқсамайтын.

Айтпақшы, біз індетіп отырып, оның алғашқы өлеңінің де ізін тауып алғанбыз. Ауылда өскен балалар апта сайын, не он күнде қой кезегіне барады ғой. Сондай бір ретте құлаққа тосып жүретін радиодан аспанға бір космонавт ұшқан хабарды естіп қалады. Сол арада бірден ойына:

Космонавт болсам егер,

Ұшар едім айға да.

Айда тұрып қарар едім,

Қандай екен айнала?!—

деген жолдар оралыпты.

Одан беріректе нағашысы, алдыңғы буындағы журналист Көпжан Жалдыбаевтың Ақтөбеден ауылға келгенде төсіндегі Журналистер одағының мүшелігі белгісін көріп, қатты қызыққанын айтып жүруші еді. «Сол көрініс те мені журналист болуға қызықтырған болатын» дейтін.

…Тоқсаныншы жылдары болу керек. Ырғызға іссапарға бардым. Ол кезде қазіргідей сайрап жатқан жол жоқ. Ақтөбеден таңертең шықсаң, кештетіп жетесің.

Көздеген жұмыстарымды бітірген соң аудандық газеттің редакциясына соқтым. Мұнда да біраз ел бар. Зәкіржан Кәлкенбаев, Марат Мырзалы секілді журналист бауырлар қуанысып қалды. Ертеңіне құс атуға көл жағасына шығатын болдық. Көлігіміз редакциядағы Кенжеғара Жұбаев ағамыздың «Запорежец» көлігі.

Көктемгі су жайылып жатқан кез болғасын ба, құстардың шуы бір басылар емес. Біз көлігімізді жайлы жерге қойып, әуелі табиғатты тамашаладық. Сол аралықта дастарқан да жайылып қалыпты. Әңгіме басын Зәкіржанға өлең оқытудан өрістеттік. Екі-үш өлең оқылды, құмарымыз қанар емес. Бір кезде салқын жердің өзінде ақынның маңдайынан тер шықты. Сол кезде жігіттердің бірі «Зәке, өлең айтайықшы бірігіп» деп қалғаны. Сөйтсем, досымыздың ән айту қабілеті де жақсы болып шықты.

Қысқасы, сол күні мылтық атылған жоқ. Біз өлең тыңдаумен қайттық. Ойыма сонда Әбділда Тәжібаев ақынның «Туған жердің құстарын да атпадым» деген өлең жолдары оралған.

Сөйтсек, Зәкіржан өлеңдерімен құстарды қорғаған екен ғой…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*