Басты бет » Ауыл » Бұл — аға буынға құрмет

Бұл — аға буынға құрмет

Шалқар қаласының №6 ауыл деп аталатын жаңа шағын ауданындағы атаусыз көшелердің біріне Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, кезінде облыстық кеңестің депутаты болған Жұмағали Қабақбаевтың есімі берілуі ұрпақтар сабақтастығының, бүгінгі жас буынға алдыңғы толқынның қоғамға, елге сіңірген еңбегін жария етудің нақты бір көрінісі іспетті болды. Негізінде бұл ұсыныс аудан өңірінде және Ақтөбе қаласында тұратын бір топ ардагерлердің тарапынан туындап, қалың жұртшылықтан қолдау тапты.

Көшеге жаңа атау берілуіне орай өткізілген салтанатты шарада Ауданның құрметті азаматтары Дәулетжан Елеусізов, Жеткерген Елемесов, кәсіпкер Болатбай Елеусізов сөз алып, елге танымал болған ақсақалдың қиын жылдардағы көпке қамқорлығы мен жақсылықтарын айтты.

Мәтей Қоқанұлы атындағы мешітте жайылған дастарқанда ата-баба рухына дұға бағышталып, елдің танымал азаматтары Шудабай Тақаев, Оразбай Әділбаев, Қуанышбай Мұздақов баталарын берді.

Әулет атынан Жұмағали Қабақбаевтың балалары Қартбай, Қанымай көпшілікке алғыстарын айтып, бір кездері әкелері еңбек еткен өңірде сол кісінің атында көше болуын бір жағынан мақтаныш тұтып, екіншіден, мұндай құрметтің жауапкершілік жүктейтінін де білдірді. Ал белгілі журналист Жанғабыл Қабақбаев перзенттік көңілден туындаған «Сиынамыз, әке, ана!» атты естеліктер жинағын көпшілікке ұсынды.

Қазір Шалқар қаласындағы Жұмағали Қабақбаев атындағы көшенің тұрғындары жастайынан еңбекке араласып, буыны қатпай-ақ ауылдық кеңесте хатшылық қызмет атқарған, сөйтіп, елдің көптеген шаруаларын тап-тұйнақтай шешіп, көпшілік алғысына бөленген, 1942 жылдың наурызында әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың күзіне дейін қолына қару ұстап, алдыңғы шепте жүрген, соғыстан кейінгі жылдары бірнеше ауылдық кеңестің төрағасы қызметін қалтқысыз атқарып, көпті жақсы істерге жұмылдыра білген аға ұрпақтың лайықты өкілінің өмірбаянын жақсы біледі және оның есімін мақтан тұтады.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*